Әлемнің түкпір-түкпіріндегі желі қолданушылары қазақ тіліндегі танымал әндерді орындап, өз тыңдармандарын таңғалдыруда.
Трендке қатысушылар бейнероликтерін «Мен қазақ емеспін, бірақ…» деген сөздермен бастап, бірден қазақстандық әртістердің хиттерін орындайды. Көп жағдайда олардың қазақша айтқанына қарап, бұл әндер өз ана тілінде орындалып жатқандай әсер қалдырады.
Бейнежазбада ең жиі орындалатын әндердің қатарында Ninety One, Думан, Қайрат Нұртас және басқа да орындаушылардың хиттері бар. Тыңдармандар шетелдіктердің бұл трендке жай әзіл ретінде емес, қазақ тілі мен мәдениетіне шынайы қызығушылықпен қатысып жатқанын атап өтуде.
Трендтің ең танымал видеоларының бірі — Қайрат Нұртастың әнін орындаған қыздың бейнежазбасы. Бұл видео 1,2 миллионнан астам қаралым жинаған.
Пікірлерде қазақстандықтар күтпеген танымалдыққа таңданысын білдірді:
«Біз де ағылшын тілін түсінгенде осылай көрінеміз», «Олар да белсенділікті қалай арттыру керегін біледі», «Жарайсың!», — деп жазды желі қолданушылары.
Көптеген пікір қалдырушылар орындаушыны «өзіміз» деп танып жатты.
«Бұл Шымкенттік Ақбота ғой», «Атың Ақниет емес пе еді?», «Қазақ емеспін дейді, бірақ біз білеміз ғой — өзіміздің қара қыз!», — деп қалжыңдады олар.
Тағы бір вирусқа айналған видеода Оңтүстік Кореяның бойжеткені Думанның «Жіберемін қалай» атты әнін орындаған.
Бейнеролик астындағы пікірлерде көрермендер жылы сөздерін аямады:
«Қазақ деп ойлап қалдым», «Өте батыл, керемет айтады!» — деп жазды олар.
Трендке сондай-ақ Түркия, Сингапур және Қытай елдерінің қолданушылары да қосылды.
@iremgokcec Мен қазақ емесмін, бірақ… мен тек қазақ әндерін айтамын 😆❤️#kazakhstan #қазақша #қазақстан🇰🇿 #ән #музыкант ♬ orijinal ses - iremgokcec
Мысалы, Қытайлық әнші Euclides Veigas «Нұрлан мен Мұрат» дуэтінің «Жаулап алды махаббат» әнін орындап, мыңдаған лайк жинады. Көрермендер оның таңдауына және қазақ әнін соншалықты шынайы жеткізуіне риза болды.
@euclidesveigas Respondendo a @sagiev_gaidar #ayree #махаббат #казахстан🇰🇿 ♬ som original - Euclides Veigas 🇨🇳
Көпшілік бұл трендтің өзгеше екенін айтады — ол адамдарды музыка арқылы біріктіріп, түрлі елдердің мәдениетіне деген қызығушылықты арттырады.
«Біз корей әндерін айтамыз, ал олар шамалары келгенше біздің әндерді шырқайды. Бұл — тамаша», —
деп жазды бір желі қолданушысы.
«I’m not Kazakh, but…» тренді бүгінде әлемдік қозғалыстың бір бөлігіне айналды — онда адамдар өзге тілде ән орындап, мәдени шекараларды өнер арқылы жояды.
Фото: Instagram
Дереккөз: Tengrinews