Кез келген күзгі образды сәнді ететін 6 шаш үлгісі

Tired girl стиліндегі ультрасәнді шаш үлгілері

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 15 сентября 2025, 11:37
күз, шаш
Instagram: @anoukyve

Біз қасақана немқұрайлы сән тренді туралы көп білеміз. Мұндай бьюти-образдарды біз күз-қыс топтамаларының көрсетілімдерінде де (мысалы, Prada), әлеуметтік желілерде де жиі байқаймыз. Tired girl эстетикасы әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл танымалдылықтың себебі қарапайым: сәнқойлар айна алдында сағаттап уақыт жоғалтудан шаршады, әрі бір-біріне ұқсас көлемді бұйраларға да көз үйреніп кетті. Сондықтан биылғы маусымда басты назар — бірнеше минут ішінде жасалатын шаш үлгілерінде. Заманауи шаш үлгісінің басты қағидасы — шашыңды асығыс жинап шыққандай, мүлде ойланбай сәндегендей әсер қалдыру. Осы эффектіні қалай жасауға болатынын төменнен оқы.

Қыстырғышпен түйілген шаш

Кез келген күзгі образды сәнді ететін 6 шаш үлгісі
Instagram: @linda.sza

Қатаңдық пен жинақылықтың белгісі болған түю (әсіресе балериналардың мінсіз тегіс үлгілерін еске алсақ), қазір «еркін» эстетиканың символына айналды. Бұрын мұндайды үй шаруасындағы әйелдер тазалық кезінде немесе ас әзірлегенде ғана жасап, онымен көшеге шығу ұят саналатын. Ал қазір немқұрайлы қыстырғышпен түю — бүкіл әлемдегі бьюти-инфлюенсерлердің сүйікті тренді. Ол бірнеше секундта жасалады: шашыңды жоғары немесе төменге орап, үлкен қыстырғышпен бекітсең жеткілікті. Үлкен сәнді образ дайын! Немқұрайлы әсер беру үшін алдын ала шашқа теңіз тұзы қосылған спрей шаш. Сондай-ақ самай мен желке тұсынан бірнеше жіңішке шашты бос қалдырған дұрыс. Биылғы маусымда классикалық пішіндегі, үлкен, қара күзгі реңктегі немесе ағаштан жасалған қыстырғыштар ерекше өзекті.

Жеңіл толқынды бұйралар

Кез келген күзгі образды сәнді ететін 6 шаш үлгісі
Instagram: @hannaschonberg

Бұл маусымның басты трендіне айналған шаш үлгісі — көзге әрең көрінетін жеңіл толқындар. Мұндай бейне табиғатынан бұйра шашты қыздардың оны үтіктеп түзеген соң, уақыт өте келе өз пішініне қайта оралуын еске түсіреді. Нәтижеге жету ойлағаннан әлдеқайда оңай әрі көбіне ыстық құралдарды қажет етпейді. Кешке құрғақ немесе сәл дымқыл шашқа теңіз тұзы қосылған спрей немесе мусс жағып, бірнеше өрім етіп өріп қой. Таңертең тарқатқанда сол жұмсақ табиғи толқындар пайда болады.

Табиғи бұйралар

Кез келген күзгі образды сәнді ететін 6 шаш үлгісі
Instagram: @anoukyve

Табиғатынан бұйра шашты арулар үшін бұл тренд — нағыз сыйлық. Биыл күзде шаш түзулеткішті ұмытып, табиғи бұйраңды қабылдайтын уақыт келді. Мұнда бастысы — дұрыс күтім. Шашыңды жуған соң шайылмайтын кондиционер мен шаш сәндеуге арналған крем пайдалан. Шашты табиғи жолмен кептіріп, төменнен жоғары қарай жеңіл қысып отыр. Мақсат — мінсіз емес, табиғи бұйралар жасау. Ал сәл толқынды шаш иелеріне «плоппинг» әдісі қолайлы: дымқыл шашты сәндеуші құралмен гармошка тәрізді жинап, 20 минутқа сүлгіге орап қой. Кейін диффузорлы фенмен кептір.

Самайдағы шаштарды шығарып немқұрайлы түю

Кез келген күзгі образды сәнді ететін 6 шаш үлгісі
Instagram: @lucywilliams02

Бұл түю әдісі — сәнді және күш пен уақыт жұмсағысы келмейтін күндерге мінсіз таңдау. Шашты төменге бос жинап, резинкамен қатты тартпай байла. Кейін еркін түйінге орап, шаш түйреуішпен немесе қыстырғышпен бекіт. Соңында түйінді сәл босатып, көлем бер. Шаштың алдыңғы жағын міндетті түрде бос қалдыр.

Шаш жиекпен жасалған шаш үлгісі

Кез келген күзгі образды сәнді ететін 6 шаш үлгісі
Instagram: @annelauremais

Қалың немесе жіңішке шаш жиек (ободок) — бұл тек сәнді әшекей ғана емес, бір сәтте шашты беттен алыстатып, винтажды әрі немқұрайлы образ сыйлайтын құрал. Биылғы күзде бархат, вельвет немесе былғары матадан жасалған шоколад, бордо, күлгін, көк, зәйтүн немесе терракот түстегі түрлерін таңда. Шаштың ұзындығы бос қалады немесе төменгі жағын жинауға болады.

Мини-қыстырғышпен мальвинка

Кез келген күзгі образды сәнді ететін 6 шаш үлгісі
Instagram: @kiingsarah

Мальвинка туралы айтудан жалықпаймыз — бекер емес! Бұл шаш үлгісі әмбебап және шашының ұзындығы әртүрлі қыздарға жарайды: бастысы — алдыңғы шаш бөлігін желке тұсына біріктіре алсаң болды. Биылғы сәнді нұсқасында беттегі самайдағы шаш бос қалады, ал артқы бөлігі шағын қыстырғышпен бекітіледі (үлкені тым ауыр көрінеді).


Фото: Instagram

Дереккөз: Grazia

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше