25 тамыз күні Ерболат Жанабылов Instagram парақшасында 24 дана iPhone смартфонын ойнататынын жариялап, алдағы ұтыс ойынына жарнама жасады.
Бұл жолы блогер алдыңғы жағдай мен шағымдардың көптігін ескеріп, алдын ала ескерту жасады: ұтыс ойыны тек оның оқу курстарын сатып алғандар арасында ғана өтетінін айтты.
Instagram: @zhanabylov_e
Бұған дейін Жанабыловтар Instagram-да 11 автокөлік ойнататынын хабарлаған еді. Шарт бар болғаны — репост жасау болатын. Алайда, 21 тамыз күні тікелей эфирдің орнына оқырмандарына құны 30 мың теңгелік Zhana Business атты ақылы курсқа сілтеме ұсынылды. Сөйтіп, байқауға тек курс сатып алғандар ғана қатыса алатыны белгілі болды.
Бұл жағдай көпшіліктің наразылығын тудырды. Желі қолданушылары құқық қорғау органдарынан мұндай әрекеттің заңдылығын тексеруді талап етті: блогерлер салық төлей ме, расында да көліктерді ойната ма, әрі ақшаны қайтарудан бас тартуға құқықтары бар ма деген сұрақтар қойылды. Қаржы мониторингі агенттігі бұл материалдарды басқа мемлекеттік органдарға жолдады.
Көп ұзамай Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі ұтысқа қатысты тексеру басталғанын хабарлады. Ал құмар ойындар мен лотереяларды реттеу комитеті Ерболат Жанабыловқа түсініктеме беру жөнінде ресми хат жолдады.
Комитет жауабы болмаған жағдайда мәселені сырттай қаралатынын да мәлімдеді.
Фото: Instagram