Тыныштық мазасыздығы: бұл не және кейбір адамдарға демалу неге соншалықты қиын?

Демалыс күні, ешқандай шаруа жоқ, бірақ іштей тыныштықтың орнына толқу пайда болып, міндетті түрде бірдеңе істеу керек сияқты сезінесің бе? Бұл — тыныштық мазасыздығы.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 17 апреля 2026, 13:45
Тыныштық мазасыздығы:
Pexels: Yaroslav Shuraev

Бізге демалу неге қиын екенін және мұндай жағдайда не істеу керектігін баяндаймыз.

Біртүрлі сезім: ақыры бос уақыт табылғанда, сен демалудың орнына жүйкең тозып, мазасыздана бастайсың. Уақытты босқа өткізіп жатқандай, пайдалы іспен айналысу керектей, сен демалғанда басқалар жұмыс істеп жатқандай көрінеді. Психологтар бұл қалыпты жақында ғана «тыныштық мазасыздығы» деп атаса да, мәселенің бар болғанына көп болды.

Неге бұлай болады? Демалысты «еңбекпен жеңіп алу керек» деген сезім қайдан шығады? Жай ғана бос отырғаның үшін кінәлі сезінуді қалай тоқтатуға болады?

Тыныштық мазасыздығы деген не?

Ең бастысынан бастайық: мазасыздықтың өзі жау емес. Бұл — біздің ішкі дабыл жүйеміз. Психологтың түсіндіруінше, ол мидағы бадамша денеде пайда болып, екі гормонның: адреналин мен кортизолдың бөлінуіне түрткі болады. Бұл жүйенің міндеті — бізді ықтимал қауіп туралы ескерту. Сау, қалыпты жағдайда мазасыздық тек нақты қауіп төнгенде ғана қосылады. Мысалы, бағдаршамның қызыл түсіне жолдан өтсең — адреналиннің азғантай бөлінуі сені абай болуға мәжбүрлейді. Бұл қисынды.

Бірақ бұл жүйеден ақау шыққанда мәселе басталады. Мазасыздық тек нақты қауіпке ғана емес, әлі болмаған және бәлкім, ешқашан болмайтын нәрселерге де қосыла бастайды. Біз қауіпті өзіміз ойдан шығарамыз, ал ағза оған қауіп төніп тұрғандай әсер береді.

Тыныштық мазасыздығы кезінде де дәл осы жағдай орын алады. Сен ешқандай қауіпті іс істеп жатқан жоқсың, жай ғана демалып жатырсың. Бірақ ми мұны мазасыздануға себеп ретінде қабылдайды.

«Қалыпты жағдайда бұл жүйе тек нақты қауіп төнгенде қосылуы керек. Ал егер ол біздің қиялымыздан туған, орын алуы екіталай нәрселер үшін шектен тыс қосыла берсе, онда бұл бағытта жұмыс істеу керек», —

деп түсіндіреді Кристина.

Бұл жай ғана мінездің ерекшелігі немесе еңбекқорлық емес. Бұл — түзетуге болатын дабыл жүйесі жұмысындағы ақау. Ең бірінші қадам — тыныштық мазасыздығының болуы сенде бір кінәрат бар дегенді білдірмейтінін, бұл тек миыңның сені тым қатты қорғағысы келетінін түсіну.

Кейбір адамдарға демалу неге қиын?

Көбімізде психологтар «гипербақылау» (гиперконтроль) деп атайтын қорғаныс механизмі бар. Ол әдетте ерте балалық шақта, қандай де бір стресстік жағдайдан кейін қалыптасады. Сол кезде саған «егер мен айналамдағының бәрін бақылауда ұстасам, жамандық болмас еді» деген ой келген. Осылайша миың: «Бақылау = Қауіпсіздік» дегенді жадында сақтап қалған.

Енді осы ішкі «гипербақылаушы» толық қуатында жұмыс істеп тұр. Ол сенің әрбір қадамыңды бақылайды, босаңсуға мұрша бермейді. Өйткені ол үшін демалыс — бақылауды жоғалту деген сөз. Ал бақылауды жоғалту — қауіп. Қауіп дегеніміз — қайтадан ауырсыну, қателіктер мен сәтсіздіктер. Сондықтан ішкі күзетшің сен еркін тыныстағың келген сәтте дабыл қаға бастайды.

Бұнымен қалай күресуге болады?

Гипербақылаудың орнына не қажет? Ішкі тірек. Бұл — бірдеңе дұрыс болмай қалса да, сен оны еңсере алатыныңа деген сенім. Бәрін алдын ала болжағаның үшін емес, сен жеткілікті түрде мықты, икемді болғаның үшін және қорың (ресурс) болғандықтан. Ал бұл қор дәл демалыс сәттерінде пайда болады. Бір қызығы: сен бәрін бақылауға тырысқан сайын, нақты қиындықтарға күшің азая береді және тоқтаудан қатты қорқатын боласың.

Ең алдымен мынаны түсіну маңызды: ситуациялық мазасыздық кез келген адамда болады. Бұл — қалыпты құбылыс. Маңызды кездесу алдында толқу немесе дедлайн үшін уайымдау — табиғи нәрсе, әдетте бірнеше сағаттан кейін басылады. Алайда мазасыздық тұрақты сипат алғанда, нағыз мәселе сонда басталады.

«Тұрақты мазасыздық жүйке жүйесін тоздырады, қан қысымын көтереді, ұйқыны, есте сақтау қабілетін және иммунитетті нашарлатады. Тіпті депрессияға, асқазан-ішек жолдары мен жүрек ауруларына әкелуі мүмкін», —

дейді Кристина Родионова.

Маман ұсынатын бірнеше тәсіл:

Жерге «бекітетін» күнделікті әдеттер. Таңғы шай, жүгіру, асықпай жасалатын жаттығу, кешкі душ — тұрақты, қайталанатын нәрселер тірек сезімін қалыптастырады. Сен бүкіл әлемді бақылауда ұстай алмауың мүмкін, бірақ әр таң сайын осы рәсімнің бар екенін білесің. Бұл миды тыныштандырады.

Режим. Қарапайым естілгенімен, шынымен де жұмыс істейді. Дұрыс тамақтану, ұйқы және спорт жүйке жүйесінің жағдайын теңестіреді. Бұларсыз кез келген тәсілдер әлсіздеу әсер етеді.

Психологпен терапия. Созылмалы мазасыздықты өз бетіңше жеңу қиын. Маман мәселенің түп-тамырын табуға және тиімді құралдарды таңдауға көмектеседі.

Тыныс алу жаттығулары. Ең қарапайым әрі тиімді тәсілдердің бірі — «шаршы тыныс алу». 4 секунд дем алу, 4 секунд ұстап тұру, 4 секунд дем шығару, 4 секунд ұстап тұру. Осыны 5–10 рет қайтала. Бұл мазасыздықтың физикалық деңгейін тез төмендетеді.

Жерге бекіту техникалары. Егер мазасыздық дәл қазір күшейіп кетсе, «5-4-3-2-1» әдісін байқап көр: Баяу, іштей айтып отырып, мыналарды тап:

5 — көріп тұрған зат (кесе, үстелдің бұрышы, көлеңке);

4 — сезінетін тактильді әсер (аяқтың еденге тірелуі, киімнің матасы, ауаның салқындығы);

3 — еститін дыбыс (тоңазытқыштың гуілі, терезе сыртындағы дауыстар, өз тынысың);

2 — сезетін иіс (кофе, кітап, бәліш);

1 — дәм немесе әрекет (алма тістеу, су ішу немесе аузыңдағы бір дәмді атау).

Бұл сені шынайылыққа қайтарады және миды мазасыз ойлардан қазіргі сәтке бағыттайды.


Фото: Pexels

Дереккөз: TheGirl

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше