Көпшілік тәтті тағамдарды жақсы көреді, сондықтан сүйікті тоқаштарымыздан макияжға шабыт алуға болады. Егер жазда шабыт көзі – балмұздақ болса, қыста – қызыл-ақ түсті кәмпиттер, ал күзде визажистер кофе, какао және карамель реңктерін таңдайды. Ал корей мамандары одан да әрі кетіп, бет бояуының жаңа бағытын – тәтті тоқаш реңктерін сәнге айналдырды.
Кремі бар круассан, түрлі бөлкелер мен тәттілер макияждың басты шабыт көзіне айналды. Ашық қоңыр және жылы реңктер бейнеге нәзіктік пен жайлылық сыйлайды. Осы маусымда қайталауға тұрарлық k-pop жұлдыздарының ең әдемі нұсқаларын ұсынамыз.
1. Табиғи (нюд) макияж
Бұл макияж айқын бояуды ұнатпайтындарға арналған. Егер сен табиғилықты бағалайтын болсаң, LE SSERAFIM тобының мүшесі Ынче секілді бет бояуын жаса. Мұндай образдың басты ерекшелігі – тегіс тері, білінер-білінбес «бөлке түстес» румяна, кірпіктерге аздаған тушь және жылтыр ашық қоңыр бальзам.
2. Хайлайтер қосылған макияж
Бұл нұсқа сәл жарқын көрінеді, бірақ нәзік әрі ашық. TWICE тобындағы Джихё да табиғи макияж жасап, бет сүйегіне хайлайтер қосып, кешкі образға айналдырған. Жіңішке көз сызығы, кілегейлі ирис түстес далап және күңгірт көз бояуы — бейнеңе әсемдік беріп, «тәтті тоқаш» реңктерін айқындайтын тамаша формула.
3. Ерінге акцент жасалған макияж
BLACKPINK тобының сұлуы Дженни де «тәтті тоқаш» макияжын сынап көрді. Оның нұсқасында басты назар ерінде болды: жылы қоңыр түсті, сәл кірпіш реңкі бар далап таңдап, үстіне аздап хайлайтер жаққан. Осылайша қарапайым нюд макияж сахналық жарқын образға айналды. Дженни бейнесін коралл реңкті румянамен және жарқын киіммен үйлестірді.
4. Ашық реңкті румяна мен далап
Егер макияжыңды сәл батыл еткің келсе, міндетті түрде қызыл не көк түске жүгінудің қажеті жоқ. Шабдалы, даршын және карамель реңктері де жарқын көрінеді. IVE тобының мүшесі Рэйдің образы соның дәлелі. Күңгірт далап, ашық румяна және тушь – сәнді макияждың басты элементтері.
5. Сүрме мен кірпікке екпін берілген макияж
Көзге назар аудартқың келсе, ашық қоңыр реңктерді пайдалану жеткілікті. Мұнда басты рөлді көз бояуы емес, кірпік пен сүрме атқарады. Кірпіктерді ұзарту, қалыңдату немесе жасанды кірпік жабыстыру — бәрі жарайды. Ерінге айқындық беру үшін негізгі далаптың түсінен қою қарындаш қолдан.
Фото: Instagram
Дереккөз: TheGirl