Өзбекстан Мәдениет және өнерді дамыту қорының (ACDF) флагмандық жобасы с CCA Tashkent өз жұмысын алғашқы жылдық бағдарламасы мен алғашқы көрмесінен бастады. Орталық 6 қыркүйек күні ресми түрде ашылды.
Орталықтың бағдарламасы тек көрмелермен шектелмейді. Мұнда бейнелеу өнері, сәулет, дизайн, перформанс, музыка және кино бағыттары тоғысып, жыл бойы түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар суретшілерге арналған резиденциялар, шеберханалар, зертханалар, білім беру және кәсіби даму бағдарламалары жұмыс істейді.
Тарихи ғимараттағы жаңа мәдени кеңістік
CCA Tashkent Ташкенттің тарихи бөлігінде орналасқан 1912 жылы салынған ғимаратта ашылды. Нысанның авторы — Түркістан өлкесінің құрылыс басқармасын басқарған сәулетші Вильгельм Хайнцельман. Ғимарат бастапқыда дизель электр станциясы ретінде салынса, кейін трамвай депосы қызметін атқарған.
2019 жылы тарихи нысан мәдениетті дамыту стратегиясы аясында ACDF қарауына берілді. Қазір ғимаратты жаңғырту жұмыстары халықаралық деңгейде танылған француздық Studio KO архитектуралық бюросымен бірлесіп жүргізілуде.
Жобаның басты ерекшелігі — ғимараттың тарихи болмысын сақтай отырып, оны заманауи өнерге арналған жаңа кеңістікке айналдыру. Архитектурада индустриялық мұра мен заманауи материалдар, сондай-ақ өзбек мәдениетінің дәстүрлері үйлесім тапқан.
Өнер, зерттеу және халықаралық диалог
CCA Tashkent-тің алғашқы жылдық бағдарламасы өнерді, мәдениетті және қоғамды біріктіруге бағытталған. Бағдарлама куратор доктор Сара Раза жетекшілігімен жүзеге асырылады.
Оның айтуынша, орталық ең алдымен суретшілер мен жергілікті, халықаралық және цифрлық аудитория арасындағы диалог кеңістігі болуы керек. Алғашқы жыл ішінде Ташкентте және одан тыс жерлерде арнайы осы орынға арналған жобалар мен өнер тарихы үшін маңызды көрмелер, білім беру бастамалары мен кәсіби бағдарламалар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, қоғамдық бағдарлама аясында Film Encounters кино жобасы ұсынылады.
Орталықтың арт-резиденциялар бағдарламасы 2024 жылдың қазан айында іске қосылған. Оның аясында суретшілер мен креативті индустрия өкілдеріне Ташкентте зерттеу жүргізіп, жаңа жобалар әзірлеуге және оларды көпшілікке ұсынуға мүмкіндік беріледі.
Орталық Азия үшін жаңа мәдени хаб
ACDF төрайымы Гаянэ Умерованың айтуынша, CCA Tashkent — Өзбекстанды жаһандық мәдени диалогтың маңызды орталықтарының біріне айналдыруға бағытталған ұзақмерзімді көзқарастың бір бөлігі.
Қор соңғы жылдары Өзбекстанның мәдени мұрасын сақтау, өнер мен шығармашылық индустрияларды дамыту және халықаралық мәдени байланыстарды нығайту бағытында жұмыс істеп келеді. Бүгінде ACDF әлемнің 40-тан астам музейі мен мәдени мекемесімен ынтымақтастық орнатқан.
CCA Tashkent осы стратегияның жаңа кезеңін білдіреді. Бір ғасырдан астам тарихы бар индустриялық ғимараттың заманауи өнер орталығына айналуы Ташкенттің өткенін сақтай отырып, болашаққа бет алғанын көрсетеді.
Жаңа орталық енді суретшілер, кураторлар, сәулетшілер, дизайнерлер және мәдениет саласының мамандары бас қосатын кеңістікке айналып, Ташкенттің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның заманауи өнер картасында маңызды орын алуды көздейді.
Фото:
Дереккөз: Ccat.uz