Сенің жаныңда өзін жайлы сезінетін адамның 4 белгісі

Адамның өзі сенімен араласқанды ұнататынын немесе араларыңда сенім қалыптасқанын айтуы оның сөзінің шындыққа толық сай келетінін білдірмейді.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 29 июня 2026, 12:43
Сенің жаныңда
Instagram: @Ron Lach

Кейде адамдар әңгімелесушіні ренжітпеу, ыңғайсыз жағдай туғызбау немесе өзін сенімді етіп көрсету үшін шын сезімін жасыруы мүмкін. Мұндай әрекетке итермелейтін себептер аз емес.

Жалпы, көпшілік өз сезімін ашық айтып үйренбеген. Сондықтан адамның сенің жаныңда өзін қаншалықты жайлы сезінетінін білгің келсе, оған қайта-қайта сұрақ қоя берме. Оның мінез-құлқын бақыла: сөзіңе қалай жауап береді, эмоциясын қалай білдіреді, қарым-қатынаста өзін қалай ұстайды. Төмендегі белгілер адамның сенің жаныңда өзін еркін әрі қауіпсіз сезінетінін аңғартады.

1. Қарым-қатынасты өзі бастайды

Адамның сенің жаныңда өзін жайлы сезінетінінің ең айқын белгілерінің бірі – оның бастамашыл болуы. Егер ол саған бірінші болып хабарласып, кездесуді өзі ұсынып, өміріндегі жаңалықтармен бөліссе, бұл қарым-қатынасты жалғастыруға шын ниетті екенін көрсетеді.

Мұнда жай ғана сыпайылық пен шынайы ықыласты шатастырмаған жөн. Егер адам сен хабарласпайынша өзі байланысқа шықпаса, онда ол тек сыпайылық танытып жүрген болуы мүмкін.

Ал сенің жаныңда өзін еркін сезінетін адам байланыс орнатуға арнайы себеп іздемейді. Ол сені өмірінде көргісі келеді, сондықтан өзі хабарласып, араласуға ұмтылады. Бұл сенімен сөйлесу оған жағымды эмоция сыйлайтынын білдіреді.

2. Эмоциясын жасырмайды

Адам өзін жайсыз сезінген кезде әр сөзін, әр әрекетін бақылап, еркін бола алмайды. Өйткені күлкілі, оғаш немесе шамадан тыс сезімтал болып көрінуден қорқады.

Ал сенің жаныңда өзін қауіпсіз сезінсе, оның мінез-құлқы бірден өзгереді. Ол шын көңілмен күледі, қызық тақырыптарға белсенді жауап береді, оқиғаларды әсерлі жеткізеді. Басқаша айтқанда, эмоциясын еркін көрсетеді.

Бұл әсіресе көпшілік ортада анық байқалады. Егер адам өзге адамдардың жанында тұйықтау болып, ал сенімен оңаша қалғанда ашылып сөйлессе, бұл араларыңдағы психологиялық жайлылықтың жоғары деңгейде екенін білдіреді.

3. Әлсіз тұстары туралы ашық айтады

Көпшілік айналасындағылардың алдында өзін мықты, табысты, сенімді әрі білікті етіп көрсетуге тырысады. Сондықтан көбіне өз жетістіктері туралы ғана айтып, әлсіз жақтарын жасырады. Бұл – сенім қалыптасқанға дейінгі қалыпты жағдай.

Егер адам сенің оны сынамайтыныңа, кемсітпейтініңе сенімді болса, мінсіз көрінуге деген қажеттілігі біртіндеп жоғалады. Ол жетістіктерімен қатар қорқыныштарын, қиындықтарын, күмәндерін де ашық айта бастайды.

Өйткені адам өзінің осал тұстарын тек өзін түсініп, қабылдайтын адамның алдында ғана еркін бөлісе алады.

4. Әңгімедегі үнсіздіктен қысылмайды

Көп адам әңгіме барысында үнсіздік орнаса, қызығушылық жоғалды деп ойлайды. Сондықтан сенім әлі қалыптаспаған қарым-қатынаста кідірістер мазасыздық тудырады. Мұндай жағдайда адам үнсіз қалмауға тырысып, тақырыптан тақырыпқа ауысып, әңгімені тоқтатпауға күш салады.

Ал сенің жаныңда өзін қауіпсіз сезінетін адам үшін мұндай үнсіздік ешқандай ыңғайсыздық туғызбайды. Екеуің біраз уақыт үндемей отыра аласыңдар, әркім өз ісімен айналысып, кейін әңгімені табиғи түрде жалғастыра аласыңдар.

Мұндай сәттер бір-біріңе деген қызығушылықты сөзбен дәлелдеудің қажеті жоқ екенін, араларыңда өзара түсіністік пен сенім қалыптасқанын көрсетеді.


Фото: Pexels

Дереккөз: HEROINE

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше