Канаданың Торонто қаласында өтіп жатқан «Мастерс» турнирінің 1/8 финалындағы шешуші сетте қазақстандық теннисші 0:3 есебімен жеңіліп жатып, матчты өз пайдасына аяқтады, деп хабарлайды Tengri Sport.
Торонто төріндегі беделді турнирдің 1/8 финалында Қазақстанның үздік теннисшісі ресейлік Людмила Самсоновамен кездесті.
Бірінші сетте сенімді жеңіске жеткен Рыбакина екінші партияда ресейлік қарсыласына есе жіберді. Ал шешуші сетте Самсонова қатарынан екі рет брейк жасап, 3:0 есебімен алға шықты.
Алайда. Рыбакина есепті теңестіріп қана қоймай, алға шығып, ақырында матчта жеңіске жетті — 6:4, 4:6, 6:4.
Осылайша, қазақстандық теннисші турнирдің ширек финалына жолдама алды. Келесі кезеңде ол жапониялық Наоми Осакамен кездеседі.
Соболенко жеңілді, бірақ бірінші орнын сақтап қалды
Маусым қорытындысы бойынша әлемнің үздік теннисшісі атанудан Рыбакинамен таласып жатқан Беларусь өкілі Арина Соболенко турнирді қатарынан екі сенімді жеңіспен бастаған еді. Алайда 1/8 финалда әлемнің бірінші ракеткасы ресейлік Екатерина Александровадан жеңіліп қалды.
Дегенмен былтырғы Торонто турниріне Соболенко қатыспаған. Сондықтан ол қорғайтын рейтингілік ұпайға ие болған жоқ. Ал Рыбакина өткен жылы жарыстың жартылай финалына дейін жеткен еді. Сол себепті қазақстандық теннисші биыл өткен жылғы нәтижесін жақсартуы керек.
Турнир қорытындысы бойынша Соболенко мен Рыбакина арасындағы ұпай айырмасын қысқарту үшін қазақстандық теннисші өткен жылмен салыстырғанда кемінде 120 ұпай артық жинауы қажет. Бұл үшін Рыбакина турнир финалына шығуы тиіс.
Сонымен қатар Рыбакина Торонто турнирінде чемпион атанған күннің өзінде, әлемдік рейтингте Соболенкодан оза алмайды. Дегенмен екі теннисшінің арасындағы айырмашылық небәрі 4 ұпайға дейін қысқарады. Бұл — олардың қазіргі жарысындағы ең аз айырмашылық болмақ.
Фото: Instagram
Дереккөз: Tengrisport.kz