Осыған дейін Ыстанбұл, Бурса, Шуша және Анау (Ашхабад) қалаларында өткен бұл айтулы шара биыл тұңғыш рет Қазақстанда ұйымдастырылмақ.
Фестиваль бағдарламасы өте мазмұнды. Қызыл кілеммен өтетін салтанатты ашылу рәсімінен кейін байқаулық және байқаудан тыс фильмдер ұсынылады. Сонымен қатар «Достық үйінде» кинематографиялық саммит өткізіліп, кино саласының майталмандарымен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылады. Қонақтар Маңғыстау облысының табиғи көрікті жерлеріне саяхат жасап, өңірдің мәдениетімен танысуға мүмкіндік алады. Жабылу және марапаттау рәсімі 4 қазанда өтеді.
Қазылар алқасы биыл бірнеше маңызды номинация бойынша жеңімпаздарды анықтайды: «Үздік көркем фильм», «Үздік режиссер», «Үздік сценарий», «Үздік актриса», «Үздік актер».
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Ақтауға түркі елдерінің танымал актерлері, режиссерлері мен продюсерлері жиналып, көрермендерге есте қаларлық кездесулер сыйлайды.
«Қорқыт ата» кинофестивалі түркі мемлекеттері арасындағы мәдени байланысты нығайтып қана қоймай, киноөндірістегі ынтымақтастықты дамытуға жол ашады.
Фото: Pexels