Кейбір ата-аналар қаталдықты баласының болашақта қиындыққа төтеп бере алуына үйретудің жолы деп санайды. Басқалары — баланы бар жағынан «табысқа жеткен тұлға» етіп тәрбиелеуді мақсат етеді. Ал енді бірі үшін бұл — баланы бақылауда ұстаудың тәсілі.
Қатал тәрбие алған адамдардың бойынша қандай ерекше қасиеттер болуы мүмкін?
1. Өзін-өзі тәртіпке бағындыру
Қатал тәрбие көрген адамдар өз-өзін бақылауда ұстауға дағдыланған. Оларға «алдымен міндет, сосын — рахат» деп ескерту қажет емес. Олар әр күнін алдын ала жоспарлап, тапсырмаларды уақытылы орындайды және істі жарты жолда тастамайды. Мұндай қасиет үлкен жетістіктерге жетуге көмектеседі, бірақ өзіне де, айналасындағыларға да тым талапшыл етіп жібереді.
2. Шамадан тыс жауапкершілік сезімі
Қатал тәрбие көрген балалар ерте жастан-ақ әр сөзі мен ісі үшін жауап беру керек екенін түсінеді. Ересек өмірде олар жауапкершілікті тек өзіне ғана емес, өзгелер үшін де алуға бейім. Бұл оларға өздерінің маңыздылығын сезінуге көмектеседі, бірақ сонымен қатар созылмалы шаршау мен жеке шекараларды қорғаудағы қиындықтарға әкелуі мүмкін.
3. Мінсіздікке ұмтылу (перфекционизм)
Қатал ата-аналар үшін «жақсы» деген сөз жеткіліксіз — бәрі мінсіз болуы керек. Олар баласын барлық салада ең жоғары нәтиже көрсетуге итермелейді, бұл уақыт өте келе шамадан тыс перфекционизмге әкеледі. Мұндай адамдар кішкентай жетістіктеріне қуана алмай, үнемі «бұдан да жақсы істеуге болар еді» деген оймен өмір сүреді.
4. Билікке құрмет
Қатал тәрбие үлкендерді тыңдауға және ережеге бағынуға үйретеді. Мұндай адамдар жұмыс орнында тәртіпті сақтап, басшылықтың тапсырмаларын сабырмен қабылдайды. Командада қақтығыстар туғызбай, тәртіп орнатуға ұмтылады. Бірақ тым жоғары құрмет кейде өз пікірін айтуға, қарсы шығуға кедергі келтіреді.
5. Эмоцияны тежей білу
Қатал ата-аналар жиі: «айқайлама», «өзіңді ұста», «үлкендерше әрекет ет» деп айтады. Мұндай сөздерді естіп өскен балалар өз сезімін іште ұстап, тек өзгелерге ұнайтын эмоцияны көрсетуді үйренеді. Бұл қасиет емтиханда сабыр сақтауға немесе жұмыста күйзеліске берілмеуге көмектеседі, алайда шынайы қарым-қатынаста кедергі болып, сезім мен қажеттілікті ашық білдіруге мүмкіндік бермейді.
6. Күйзеліске төзімділік
Қатал тәрбие көрген бала үнемі жоғары күтім мен қысым астында өседі, сондықтан қиын жағдайда сабыр сақтауды ерте үйренеді. Мұндай адамдар өмірдің қиын сәттерінде шешім таба біледі. Бірақ ішке жиналған стресс пен қорқыныш уақыт өте келе олардың психикалық және физикалық денсаулығына әсер етуі мүмкін.
7. Мақтауға деген төмен қажеттілік
Қатал отбасында өскендер жылы сөздерді өте сирек естиді. Керісінше, «бұл сенің міндетің» деген сияқты пікірді оларға көп айтқан. Сол себепті мұндай жандар еңбегі үшін мақтау күтпей, ішкі жауапкершілікпен жұмыс істеуге үйренген. Бірақ жылы сөз немесе алғыс естігенде өздерін жайсыз сезініп, «бұның астарында бірдеңе бар ма?» деп ойлауы мүмкін.
8. Өзін-өзі сынауға бейімділік
Мінсіз нәтиже күтетін ата-аналардың балалары өзін өзгелерден де қатаң сынауға бейім болады. Ересек өмірде олар әр әрекетін талдап, өз жұмыстарының нәтижесіне көңілдері толмайды. Мұндай әдет ішкі тыныштыққа кедергі келтіреді және өзіне деген сенімділікті төмендетеді.
9. Тәртіп пен құрылымға құштарлық
Қатал тәрбиеде өскен адамдар үшін тәртіп — тұрақтылық пен тыныштық кепілі. Олар жүйелі ортада жақсы жұмыс істейді, нақты ережелер мен жоспарды ұнатады. Мұндай адамдар маңызды шараны ұйымдастырып, істі соңына дейін жеткізе алады. Бірақ күтпеген өзгеріс пен ретсіздік оларды мазасыздандырып, аяқ асты болатын жағдайларға бейімделуді қиындатады.
Фото: Pexels
Дереккөз: HEROINE