Актрисаның айтуынша, ол бұл ақпаратты жариялау туралы ұзақ уақыт ойланған. Айым Сейтметова отбасы өмірінің көп бөлігі жылдар бойы көпшілік назарында болғандықтан, бұл жаңалықты өзі хабарлауды дұрыс деп санаған.
«Талғат екеуміз ажырастық. Бұл сөздердің артында өміріміздің үлкен бір кезеңі тұр. Ол уақытта жақсы сәттер көп болды, отбасы құрдық. Ең бастысы, бізді мәңгі байланыстырып тұратын қызымыз бар», –
деп жазды ол.
Айым Сейтметова қарым-қатынастарында белгілі бір жағдайлар орын алғанын, содан кейін бұл некені жалғастыру өзі үшін мүмкін болмағанын айтты. Алайда ол ажырасудың нақты себептерін ашып айтудан бас тартты.
«Мен бұл жағдайдың егжей-тегжейін жариялағым келмейді. Кейбір дүниелер екі ересек адамның арасында қалғаны дұрыс. Талғат екеуміз енді ерлі-зайыпты емеспіз. Бірақ қызымыздың ата-анасы ретінде мәңгі бірге қаламыз. Мен оның ата-анасының екеуінің де сүйіспеншілігін сезініп өскенін қалаймын. Біздің ересек адамдар ретінде қабылдаған шешімдеріміздің салдарын сезінбесе екен деймін», –
деп атап өтті Айым.
Актриса оқырмандарынан бұл жағдайға қатысты түрлі болжам жасап, сенсация іздемеуді және тараптардың ешқайсысына шабуыл жасамауды сұрады.
«Бұл шешімді қабылдау маған оңай болған жоқ. Бірақ шешім қабылданды. Енді әрқайсымыздың өмірімізде жаңа кезең басталады», –
деп жазды ол.
Соңында Айым Сейтметова оқырмандарына өздерін және жақындарын бағалап, жақсы көретін адамдарын аялай білуге шақырды.
Фото: Instagram