Зейнет Әділет өз жазбасында қандай марапат болмасын, өмірден өткен жарының орнын толтыра алмайтынын айтып, істің әділ тергелуін талап ететінін жеткізді.
«Ешқандай медаль, ешқандай сөздер менін жүрегімнің иесін маған қайтарып бере алмайды. Үйіме нұр, құт-береке әкелген, Алла қосқан адал жарымның тілеуін тілеген барша Қазақ еліне алғысым шексіз. Осы уақытқа дейін Алладан жүрегімді аман алып қалуын тілеп, қасында барынша көп болып дұға еттім, сабыр қылып бәрін сабырға салдым. Енді мен соттың әділ өтуін талап етемін, тергеудің адал қаралуы, Құдай қосқан қосағымның жаны тыныш болуы үшін осыны аяғына дейін алып бару керек. Жауаптылар жазасын алуы керек!», –
деп жазды ол.
Ол сондай-ақ өмірден өткен жан жарын сағынышқа толы өлең жолдарымен еске алды:
«Жарқ етіп үйіме күн болып кірдің, Өміріме мағына, жүрегіме нұр бердің. Шаңырағыма сән, тіршілігіме мән болдың, Мамаға келін емес, қызындай болдың. Жан-жарым тағдыр маған сені сыйлады, Маңдайыма сыймадың ба, періштем менің, аяладым, аялаймын… Жүрегім... Сағыныштан сыздайды көңіл, үнсіз түндер менімен бірге жылайды. Сен менің мәңгі жанымдасың, жүрегімдесің», –
деп жазған ол.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы құлап, оқиға орнына көмекке барған жедел жәрдем фельдшері ауыр жарақат алғаны хабарланған еді. 18 қарашада 23 жастағы Ұлдана алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды.
Фото: Pexels