ELLE Kazakhstan сұрақтарына өткен жылы Болгариядағы жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында Қазақстанға тарихи жеңіс — алтын медаль сыйлап, ал биылғы спорт маусымында ересектер санатында жарқырап, әлемнің үздік алты гимнастының қатарына сенімді енген көркем гимнастика жұлдызы Ақмарал Ерекешева жауап береді.
Ақмарал, Германиядағы әлем чемпионатында үш финалға шығып, абыройлы алтыншы орын алғаныңмен құттықтаймыз! Сол сәттегі күйіңмен бөлісші.
Көп рақмет! Өте қуаныштымын және өзіммен мақтанамын. Қатты толқыдым, бірақ қолымнан келетіннің бәрін көрсетуге тырыстым.
Тәжірибеңмен бөлісші: жауапты шығу алдындағы көңіл-күйіңді қалай реттейсің? Мүмкін, өзіңе өзің айтатын маңызды бір демеу сөз бар шығар?
Өзімді сабырға шақырып, нәтижені ойламауға тырысамын. «Сен дайынсың, тек қолыңнан келетінді жаса» деп өзіме айтамын.
Жарысқа арналған образдарды қалай таңдайсың? Неден шабыт аласың? Барлық образдарыңның ішінде ең сүйіктісін атап өтсең?
Образды бапкеріммен бірге таңдаймыз. Ол әуенге де, композицияның мінезіне де сай болғанын қадағалаймыз. Ал ең сүйікті костюмім жайлы айтар болсам, бәрі қарапайым: өзімді ең жайлы сезінетінім — сол.
Мұны айтуға әлі ерте шығар, бірақ спорттық мансабыңды аяқтаған соң немен айналысатының туралы ойланасың ба?
Әзірге бұл туралы ойлаған жоқпын. Қазір бар назарымды спортқа толық аударғым келеді.
Өзіңді басқа салаларда сынап көргің келе ме? Иә болса, қайсында?
Әрине. Маған мода, медиа және спортқа қатысты мамандықтар қызық.
Бос уақытың аса көп емес деп болжаймыз. Сол аз ғана сәттерде немен айналысқанды ұнатасың?
Көпшіліктей-ақ — отбасыммен уақыт өткізу, серуендеу, киноға бару.
Хоббиің, әуестігің бар ма?
Сурет салғанды қатты ұнатамын.
Трибуна алдындағы Ақмарал мен күнделікті өмірдегі Ақмарал — бұл екі қыздың айырмашылығы неде?
Кілем үстінде мен байсалды, жинақы боламын, ал өмірде сабырлырақ, көңілдімін. Тағы бір айтарым — күлгенді өте жақсы көремін.
Өміріңде алған ең пайдалы кеңес?
Өзімді өзгелермен салыстырмау және әрдайым өз күшіме сену.
Саған ең үлкен үлгі кім?
Бапкерім. Ол әрдайым демеп, маған сенетінін және жақсырақ болуға көмектесетінін қатты бағалаймын.
Ең үлкен арманың?
Үлкен жеңістерге жетіп, Қазақстанды лайықты танытуды және бір күні бас тұғырда тұрып, өз елімнің Әнұранын естуді армандаймын.
Фото: Аружан Айтен
Стиль: Cake Monster
Продюсер: Динмухаммед Керимов
Шаш үлгісі: Alikhan Nildibay Aidaruly
Макияж: Vladimir Atamas