ALEM: «Нағыз батыр болу — күш көрсету емес»

Қазақстандық әнші ALEM екі апта бұрын «Batyr» атты жаңа синглін жарыққа шығарды.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 22 июля 2026, 11:21
ALEM
Фото: Dan Romanov

Бұл жолы орындаушы өзін ғана емес, жалпы «нағыз Батырдың» болмысын музыка арқылы жеткізуге тырысқан. Жаңа тректің идеясы, бейнебаянның түсірілімі, әннің ерекшелігі және алдағы жоспарлары туралы ALEM-мен сұхбаттастық.

ELLE: Батыр, жаңа релизің құтты болсын! «Batyr» әнін неліктен өз есіміңмен атадың?

ALEM: Негізі бұл ән бастапқыда репрезенттік трек болған. Яғни, өзін таныстыру, өзі жайлы, өмірлік стилі жайлы айту деген сияқты. «Батыр қандай?» деген сұрақтың төңірегінде туған идея. Ол – сыпайы. «Нағыз Батыр» – сыпайы. Бұл тек мен жайлы емес. Жалпы, нағыз ер адам қандай болады? Нағыз ер адам – күшті болу, «бәрін төңкеремін, қиратамын» деу емес. Меніңше, нағыз ер адам, нағыз Батыр – сыпайы. Сондықтан бұл ән осы идеямен шықты.

ELLE: Егер осы тректі үш сөзбен сипаттау керек болса, қандай сөздерді таңдар едің?

ALEM: Стиль, драйв, рок-н-ролл.

Батыр: «Нағыз батыр — сыпайы»
Фото: Dan Romanov

ELLE: Жаңа әнмен бірге бейнебаян да жарық көрді. Түсірілім қалай өтті?

ALEM: Бейнебаян түсірілімі өте тамаша өтті. Өте кәсіби адамдармен жұмыс жасадық. Қателеспесем, бір күнгі түсірілім 18–20 сағатқа созылды. Таңертеңнен түнге дейін өз жұмысын жоғары деңгейде атқаратын адамдармен тоқтаусыз еңбек еттік. Сол жерде болған командаға мың алғыс.

ELLE: Әнде «Батыр қандай?» деген сұрақ қойылады. Ал шынайы өмірдегі Батыр қандай?

ALEM: Білмеймін, бірақ сондай болуға тырысамын. Кішкентай кезімнен қалыптасқан өз принципім бар. Ол – айналаңа жақсылық жасап, пайдаң тимесе де, ең болмағанда зиян тигізбеу. Сондықтан адамдармен қарым-қатынаста өзіме қалай қарағанын қаласам, мен де оларға дәл солай көңіл бөліп, жылы сөз айтып, сыпайылық танытуға тырысамын.

ELLE: Сенің ойыңша, «Batyr» трегінің басты ерекшелігі неде?

ALEM: Өзім жазған әндердің ерекшелігін өзім айту қиын. Әйтеуір бір сезіммен, бір вайбпен, өз тіліммен жазып шығамын. Бұл да өз әндерімдегі стилистиканы ұстанып жазылған ән. Бірден танылатын бас-гитара, бас линиясы, бастан-аяқ алып жүретін ырғақ, гитаралар, шағын синт және 80-жылдардың синттері бар.

ELLE: Соңғы уақытта тыңдармандарыңды жаңа релиздермен жиі қуантып жүрсің. Ал жеке концерт өткізу жоспарда бар ма?

ALEM: Әзірге жеке ән кешін өткізу жоспарымда жоқ. Себебі кеш өткізу үшін біраз ән жиналуы керек.

ELLE: Алдағы жоспарларыңмен бөліссең. Альбом шығару ойыңда бар ма?

ALEM: Құдай қаласа, болашақта альбом шығару ойымда бар. Толыққанды альбом шығады деп үміттенемін. Ол шамамен он әннен тұрады. Бұрын шыққан әндерімді қоссам, кәдімгідей жеке ән кешін өткізуге жететін репертуар жиналады. Сондықтан осы жылдың соңына қарай, күзде альбом шығаруға тырысамын. Содан кейін барып жеке концерттер жайлы ойланамыз.


Фото: Dan Romanov

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше