Министр бұл туралы «Хабар» агенттігі түсірген «4739» деректі фильмін көргеннен кейін Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, фильм заманауи трансплантологияның дамуын ғана емес, күн сайын өмірін сақтап қалатын мүмкіндікті күтіп жүрген адамдардың тағдырын баяндайды.
Аида Балаева бүгінде Қазақстанда 4 739 адам, оның ішінде 125 бала ағза трансплантациясын күтіп отырғанын еске салды. Ол әрбір статистикалық көрсеткіштің артында адам тағдыры, отбасы және болашаққа деген үміт тұрғанын атап өтті.
Министрдің айтуынша, елімізде ағза трансплантациясының шамамен 90 пайызы тірі әрі туыстық донорлардың көмегімен жүзеге асырылады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі әзірге 10 пайыздан төмен.
Аида Балаеваның пікірінше, донор болу туралы шешім әр адамның жеке таңдауы әрі ерікті түрде қабылдануы тиіс.
«Күндердің күнінде жақындарымның алдына дәл осындай таңдау тұрса, онда, сөз жоқ, өмірге қайта оралғысы келетін адамдарға көмектесудің маңызын түсінгенін қалар едім. Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен атап өткім келеді», –
деп жазды министр.
Оның айтуынша, донорлық мәселесін қорқыныш тұрғысынан емес, адам өміріне деген құрмет, жауапкершілік және саналы түсінік тұрғысынан талқылау қажет.
Сөз соңында Аида Балаева ағза трансплантациясы тақырыбына арналған «4739» деректі фильмі 24 шілде күні сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан көрсетілетінін хабарлады.
Сонымен қатар, Қазақстанда электрондық үкімет порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесіне қатысты өз ұстанымын білдірген азаматтардың басым бөлігі бас тарту нұсқасын таңдаған. Соған қарамастан, бүгінде 4,7 мыңға жуық адам өмірін сақтап қалу үшін қажет ағза трансплантациясын күтуде.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, электрондық үкімет порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз шешімін 172 283 адам тіркеген. Оның ішінде 16 109 қазақстандық қайтыс болғаннан кейін ағзаларын алуға келісім берген болса, 156 174 адам ресми түрде бас тартқан.
Фото: Instagram