Актер Астанада өтетін Comic Con фестивалінің арнайы қонағы болады. Іс-шара парақшасында жарияланған бейнеүндеуінде Николай фестивальден кейін Қазақстанды аралауды жоспарлап отырғанын айтты.
«Сәлем! Мен — Николай Костер-Вальдау. Тамаша жаңалығым бар: тамыз айында бұрын-соңды барып көрмеген елге сапар шегемін. Бұл ел туралы көп естідім. Мен Қазақстанға бара жатырмын. Астанаға келіп, Comic Con фестивалінің арнайы қонағы боламын. Одан кейін осы ғажайып елді аралап, саяхаттауды жоспарлап отырмын», —
деді актер.
Қазақстандық жанкүйерлер актерді жылы қабылдап, әлеуметтік желіде қошемет білдірді.
«Қазақстанға қош келдіңіз!», «Тамыз да жақындап қалды», «Бұл — Джейме Ланнистердің өзі ғой!», «Оған қазақы қонақжайлылықты көрсетейік», «Сізді нағыз дотракийлер қарсы алады», — деп жазды желі қолданушылары.
Әлемдік танымалдық актерге «Тақтар ойынындағы» Джейме Ланнистер рөлі арқылы келді. Осы рөлі үшін ол 2018 жылы «Драмалық сериалдағы екінші пландағы үздік актер» номинациясы бойынша «Эмми» сыйлығына ие болды.
Фото: Instagram