2026 жылғы 3 наурызда сирек әрі әсерлі астрономиялық құбылыс — Бикеш белгісіндегі толық Ай тұтылуы мен Толған Ай болады. Бұл тек әсем аспан көрінісі ғана емес, эмоциялық шарықтау шегі. Осы сәтте көп нәрсе айқындалып, жасырын жайттар ашылады. Тұтылулар дәлізінің аяқталуы ішкі түйткілдерді бетпе-бет қарауға итермелейді. Күн энергиясы қою, қанық, кейде мазасыз болуы мүмкін, алайда дұрыс бағыт ұстансаң, бұл кезең сәтті өтеді.
2026 жылғы 3 наурыздағы Ай тұтылуы мен Қанды Айдың ерекшелігі
«Қанды Ай» атауы үрейлі естілгенімен, мұнда тылсым ештеңе жоқ. Толық Ай тұтылуы кезінде Жер Күн мен Айдың арасына орналасып, Айды өз көлеңкесімен жабады. Алайда Ай толықтай жоғалып кетпейді — ол Жер атмосферасы арқылы өткен жарықтың арқасында көрініп тұрады.
Атмосфера көк және көгілдір сәулелерді шашыратып, қызыл мен қызғылт сары түстерді өткізеді. Соның нәтижесінде Ай беті мыс, кірпіш түстес немесе қою қызыл реңкке енеді. Ауада шаң не бұлт көп болған сайын түсі қанығырақ көрінеді. Бұл — таза физикалық құбылыс, бірақ көрінісі әсерлі.
2026 жылы бұл — жалғыз толық Ай тұтылуы. Жалпы ұзақтығы 5 сағат 39 минутқа созылады, ал Айдың барынша қызыл түске боялатын толық фазасы 58 минутқа жалғасады. Тұтылудың шарықтау шегі Мәскеу уақыты бойынша 14:33-те болады.
Астрологиялық тұрғыдан алғанда, кез келген тұтылу эмоциялық фонды күшейтеді. Бұл — аяқталу, шарықтау және ішкі жаңғыру кезеңі. Бұрыннан келе жатқан мәселелер шегіне жетіп, шешім талап етеді. Енді оларды елемеу мүмкін болмайды.
3 наурыздағы Бикештегі Толған Айда не істеуге болады, неден сақ болу керек?
Толған Ай — сезімталдық күшейетін уақыт. Мұндай күндері ауқымды жобаларды бастауға немесе тағдыршешті шешімдер қабылдауға асықпаған жөн. Энергия бастауға емес, аяқтауға және талдауға бағытталған. Әсіресе тұтылу кезінде оқиғалар күрт әрі күтпеген бағытта өрбуі мүмкін.
Бұл кезең ескі істерді аяқтауға, жиналып қалған тапсырмаларды реттеуге, құжаттар мен үй шаруасын тәртіпке келтіруге қолайлы. Бұрыннан кейінге шегеріліп жүрген идеяларды сабырмен пысықтауға болады. Жоспар құру пайдалы, бірақ келісімшарттарға қол қою мен маңызды мәлімдемелер жасауды кейінге қалдырған дұрыс. Қызмет ауыстыру немесе мансаптық шешімдерге де уақытша үзіліс жасаған жөн.
Ірі қаржылық операциялар, несие алу, қарыз беру, маңызды мәміле жасау — ұсынылмайды. Күшейген эмоциялық жағдайды дұрыс бағалауға кедергі келтіруі мүмкін. Қарым-қатынаста да өткір әңгімелерден сақ бол: түсінбеушілік қаупі жоғары. Сапарлар мен аяқасты жолға шығуды да жоспарламаған абзал.
2026 жылғы 3 наурыздағы Бикештегі Толған Ай жұлдызнама белгілеріне қалай әсер етеді?
Бикеш белгісіндегі тұтылу тәртіп, денсаулық, жұмыс және күнделікті міндеттер тақырыбын қозғайды. Көпшілігінде өмірін жүйелеуге деген құлшыныс артады.
Тоқты
Назар жұмыс кестесіне және жүктемеге ауады. Шұғыл тапсырмалар туындауы немесе бұрынғы қателіктерді түзету қажеттілігі пайда болуы мүмкін. Ағзаң шаршауды еске салуы ықтимал. Әріптестермен дауға бармай, сабыр сақтаған дұрыс.
Торпақ
Жеке өмір, махаббат және шығармашылық алдыңғы орынға шығады. Бұрынғы сезімдер не айтылмаған әңгімелер қайта көтерілуі мүмкін. Шынайы диалог жағдайды айқындайды.
Егіздер
Үй мен отбасы мәселелері маңыздырақ бола түседі. Тұрмыстық тақырыптар мен өткенге қатысты әңгімелер көбейеді. Үйді ретке келтіру ішкі тұрақтылықты арттырады.
Шаян
Қарым-қатынас, хабарламалар мен кездесулер жиілейді. Бірақ түсінбеушілік қаупі де жоғары. Ақпаратты сүзгіден өткізіп, асығыс шешім қабылдама.
Арыстан
Қаржы тақырыбы өзекті болады. Күтпеген шығындар туындауы мүмкін. Ірі сатып алулар мен инвестицияны кейінге қалдырған жөн. Қазір үнем мен есеп маңыздырақ.
Бикеш
Тұтылу сенің белгіңде өтетіндіктен, ішкі қысым күштірек сезілуі мүмкін. Өміріңді түбегейлі өзгерткің келуі ықтимал, бірақ алдымен бәрін сарапта. Өзіңе тым қатал болма.
Таразы
Жалғыз қалуға деген қажеттілік артады. Өткендегі шешілмеген мәселелер қайта еске түсуі мүмкін. Демалыс пен ішкі тыныштыққа уақыт бөл.
Сарышаян
Қоршаған орта мен жоспарларды қайта қарау кезеңі. Кейбір байланыстар әлсіреуі мүмкін. Бұл — табиғи жаңару үдерісі.
Мерген
Мансап алдыңғы қатарға шығады. Басшылық тарапынан қысым сезілуі мүмкін. Даудан гөрі кәсібилік таныту тиімдірек.
Тауешкі
Ұзақ мерзімді жоспарлар мен сенімдерге түзету енгізу қажеттілігі туындайды. Білім, сапар немесе құжаттарға қатысты жаңалықтар болуы мүмкін.
Суқұйғыш
Ортақ қаржы, қарыз және міндеттемелер мәселесі өзекті болады. Жаңа несие алуға асықпа, бірақ ескі мәселелерді жабуға мүмкіндік бар.
Балықтар
Жеке және іскерлік қатынастарда маңызды әңгімелер болуы мүмкін. Шынайылық — басты қағида. Өзіңді құрбан рөлінде сезінуге жол берме.
Бұл Ай тұтылуы — қорқыныш емес, жаңару мүмкіндігі. Ең бастысы — асықпай, саналы әрекет ету. Сонда бұл кезең айқындық пен ішкі тазалық әкеледі.
Фото: Pexels
Дереккөз: TheGirl