Қысқы гардеробыңды жаңартқың келіп, бірақ неден бастарыңды білмей жүрсің бе? Онда après-ski стиліне назар аудар. Бұл бағыт таулы шаңғы курорттарының эстетикасынан шабыт алады. Оған үлкен тоқылған жемпірлер, этникалық өрнегі бар киімдер және басқа да жылы әрі сәнді бұйымдар тән. Дегенмен жыл сайын бұл стильдегі трендтер өзгеріп отырады. Төменде қазіргі таңда сән шыңында тұрған негізгі элементтерді ұсынамыз.
Скандинавиялық өрнектері бар свитер
Әңгіме қалың жүннен немесе кашемирден тігілген, биік жағалы, солтүстікке тән дәстүрлі өрнегі бар классикалық свитер жайлы. Қазіргі тренд — алуан түсті емес, екі немесе үш түстен құралған графикалық өрнектер. Олар көбіне кеуде тұсында, иық бойымен немесе жағасының айналасында орналасады. Түстер палитрасы байсалды: кремді, графитті, қою жасыл, қанық бордо, ащы шоколад реңкі. Оверсайз үлгілеріне басымдық берген жөн. Оңтайлы ұзындық — жамбас сүйегіне дейін немесе санның ортасына дейін. Қысқа модельдер après-ski эстетикасына сәйкес келмейді әрі практикалық тұрғыдан да ұтымсыз.
Жылы легинстер
Бұл легинстер жүннен немесе тығыз трикотаждан тігіледі. Негізгі талаптар — жылуды жақсы сақтау, жайлылық үшін тегіс тігістер және пішінін жоғалтпау. Маусымның басты түстері: антрацит, қара, қою көк, шоколад, сүт түстес реңктер. Мұндай легинстерді көлемді жемпірлермен немесе свитер-көйлектермен үйлестірген дұрыс. Сонымен қатар белі баумен тартылатын худи мен қысқа сырт киіммен де киюге болады. Алайда бұл жағдайда бел тұсының жақсы жабылғанына мән беру қажет.
Флиска
Флиска бұрын тек спорттық киім саналса, бүгінде қалалық гардеробтың сәнді элементіне айналды. Қазіргі үлгілер — минималистік, биік тік жағалы және көзге қатты түсетін декорсыз. Материалдың сапасы аса маңызды: тығыз әрі қолға жағымды болуы керек. Танымал түстер қатарында ванильді, сүт түстес, күлгін-сұр, хаки, қою көк және кофелік реңктер бар. Флисканы джинс шалбармен жеке үстіңгі киім ретінде де, сондай-ақ күрте, пәлте немесе тіпті тонның астына аралық жылы қабат ретінде де киюге болады.
Жасанды теріден тігілген тон
Тондар да бұл эстетикаға тамаша үйлеседі. Сәнде — қалың, тығыз жасанды теріден тігілген, қырқылған немесе шашақ тәрізді ұзын түкті үлгілер. Ұзындығына шектеу жоқ, бірақ ең өзектілері — жамбасқа дейінгі қысқа нұсқалар немесе ұзындығы макси модельдер. Соңғылары адамды басынан аяғына дейін орап алатын жылы көрпе іспетті әсер қалдырады. Пішіні — тік немесе оверсайз. Барлық түстер жануарлардың табиғи түсін еске салуы тиіс. Мұндай тонды көйлек пен өкшелі аяқ киіммен ғана емес, хайкинг етігімен спорттық комбинезонның үстінен де киюге болады.
Ыңғайлы бәтеңкелер
Après-ski стиліндегі әмбебап аяқ киім — функционалдылық пен сәнді сыртқы көріністің үйлесімі. Бұл маусымда екі негізгі модель алда тұр: қалың табанды көлемді луноходтар және хайкинг үлгісіндегі бәтеңкелер. Түстер палитрасы табиғи, бәсең реңктерден тұрады: құмды, шоколадты, зәйтүн, хаки, ашық көгілдір, қанық бордо және графит-сұр. Луноходтар кейде күміс түсті де болуы мүмкін — бұл көбіне су өткізбейтін мембрананың ерекшелігі. Мұндай аяқ-киімнің басты артықшылығы — әмбебаптығы: оларды жылы легинс пен худимен де, классикалық джинс пен трендтегі кардиганмен де үйлестіре аласың.
Ретро стиліндегі мех бас киім
Ең сұранысқа ие нұсқа — ретро стиліндегі мех бас киім. Бұл 1970–1980 жылдар эстетикасындағы жасанды мехтен тігілген үлгілер. Сырттай дөңгелек пішінді қалпақты еске салады, бірақ көлемдірек. Жүні қысқа қырқылған да, үлпілдек те болуы мүмкін. Тондардағыдай, мұнда да ұстамды түстерді таңдаған жөн: сүт түстес, сұр, қоңыр, қара. Дегенмен анималистік өрнегі бар нұсқаларға да рұқсат етіледі. Мұндай бас киім кез келген образдың басты акцентіне айналады.
Фото: Instagram
Дереккөз: Grazia