Егер жаңа маусымда образды өзгерткің келсе, сән мамандары дәл осы жұмсақ мыс реңкін таңдауға кеңес береді. Қазір жылы әрі табиғи көрінетін бұл түске қызығушылық күрт артқан. Оның себебі де түсінікті: жазғы күн сәулесі алтын мен терракота реңктері үйлескен шаш талшықтарына ерекше әсемдік береді.
Көпшілік мыс реңктерін күз мезгілімен — сарғайған жапырақтар мен асқабақ түсімен байланыстырады. Алайда дәл көктем мен жазда, күн ұзақ болып, жарық молайған шақта бұл реңк бар сұлулығын ашады.
Колорист мамандардың айтуынша, қыздар көбіне табиғи көрінетін, бірақ келбетті айтарлықтай өзгертіп жіберетін реңктерді сұрайды. Егер саған да осындай стиль ұнаса, төмендегі мыс түстес бояудың ең әдемі идеяларынан шабыт алуға болады.
Табиғи шаш түбімен үйлескен бояу
Қазіргі трендтегі әрі күтімі жеңіл нұсқалардың бірі — табиғи түп қалдырылған бояу. Бұл тәсілде шаштың түбі өз табиғи түсінде сақталып, негізгі ұзындығы жұмсақ мыс реңкіне боялады. Мұндай әдіс шаш саулығын сақтауға көмектеседі әрі сән салонға жиі баруды қажет етпейді. Уақыты тығыз жандар үшін таптырмас таңдау.
Қабатталған шаш қиюымен үйлесім
Көпқабатты шаш үлгілері мыс реңкімен керемет үйлеседі. Каскад немесе сатылап қиылған шаштың өзі әдемі құбылып тұрады, ал жылы реңк оған одан сайын көлем мен сән береді. Егер шашыңа табиғи көлем қосқың келсе, бұл нұсқа саған дәл келеді.
Біркелкі бояу
Классика мен минимализмді ұнататындар үшін біртонды бояу — ең жақсы шешім. Мұндай реңк ұқыпты көрінеді, өскен кезде де көзге оғаш түспейді және шаш құрылымына аса қатты зиян келтірмейді. Егер әзірге балаяж немесе күрделі техникаларға дайын болмасаң, біркелкі мыс реңкін батыл таңдауға болады.
Қысқа шашқа арналған нұсқа
Каре, боб, пикси секілді қысқа шаш үлгілері жұмсақ мыс реңкімен ерекше жарасымды көрінеді. Бұл түс айтарлықтай жарқын болғанымен, қысқа ұзындықта тым көзге түсіп тұрмайды. Қаласаң, ұштарын ашықтау етіп немесе самай бөлігіне акцент қосып, ерекше эффект жасауға болады.
Ұзын шаштағы жұмсақ мыс реңкі
Ұзын шаштағы жұмсақ мыс түсі ертегідегі ханшайымдардың немесе орман перілерінің образын еске салады. Әсіресе мұндай ұзындық түрлі бояу техникасымен тәжірибе жасауға мүмкіндік береді: ұштарын немесе түбін басқа реңкпен бояу, жекелеген талдарды ерекшелеу, балаяж не мелирование жасауға болады. Ең бастысы — бояудан кейін шаш күтіміне ерекше көңіл бөлу.
Өрілген шашпен үйлесімі
Өрілген шаш үлгілерінде мыс реңкі өте әсерлі көрінеді. Шеберден шашқа сәл ашықтау немесе жарқыл қосуды сұрасаң, өрімнің текстурасы мен реңкі одан сайын айқындала түседі.
Табиғи толқын мен бұйра шаш
Табиғи толқынды немесе бұйра шаш мыс реңкімен мінсіз үйлеседі. Толқынды құрылым жарықты әр қырынан шағылыстырып, шашқа ерекше тереңдік береді. Мұндай реңк күнге күйген табиғи эффект секілді әсер қалдырады. Табиғи толқынды айқындау үшін тұзды спрей немесе текстура беретін мусс қолдануға болады. Сонымен қатар шашты ылғалдандыруды ұмытпаған жөн — мыс пигменті жылтыр әрі сау шашпен әлдеқайда әдемі көрінеді.
Фото: Instagram
Дереккөз: TheGirl