Жазға арналған басты трендтердің бірі — су перісі эстетикасынан шабыт алған сәндік элемент

Мұндай элементтері бар киімдер сәнді образ жасау үшін таптырмас таңдау

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 26 мая 2026, 12:40
Жазға арналған басты трендтердің бірі
Instagram: @tessavmontfoort

Жаз жақындағанда сырт бейнеңе жарқырау мен мерекелік көңіл-күй қосқың келеді. Сол себепті теңіз мотивтеріне деген қызығушылықпен қатар су перісі эстетикасы — mermaidcore бағыты да қайтадан сәнге айналып отыр. Інжу-маржан секілді жылтыр реңктер, металлик маталар, жартылай мөлдір киімдер, балық пішіндес алқалар мен су перісінің қабыршағын еске салатын декор — мұның бәрі қазіргі сән көңіл-күйімен үндеседі. Төменде маусымның ең сәнді әшекейінің бірі — пайеткалар қандай болатынын және қандай киімдер мен сәндік элементтерге назар аудару керегін айтып береміз.

Жазға арналған басты трендтердің бірі — су перісі эстетикасынан шабыт алған сәндік элемент
Instagram: @tessavmontfoort

Су перісі эстетикасына қызығушылық кеше пайда болған жоқ. Теңіз тақырыбы сән әлеміне ара-тұра қайта оралып отырған. Алайда қазіргі mermaidcore бағыты 2020 жылдардың басында ғана жеке тренд ретінде қалыптасты. Ол кезде сән индустриясы шамадан тыс минимализмнен шаршап, қайтадан қиялға толы, әсерлі стильдерге бет бұрды.

Сәндегі пайеткалар қандай болады?

Жазға арналған басты трендтердің бірі — су перісі эстетикасынан шабыт алған сәндік элемент
Instagram: @josefinehj

Бұрын пайеткалар көбіне жеке декор ретінде қолданылатын: өрнек құрап тігіліп немесе киімге аздаған жылтыр элемент ретінде қосылатын. Қазір тәсіл мүлде өзгерді. 2026 жылы трендте — ірі, диск тәрізді пайеткалар. Олар киімнің тек бір бөлігін емес, бүкіл матаны толық жауып тұрады. Дәл осы әдіс матаны су перісінің қабыршағына ұқсатып, қозғалыс әсерін береді: жарық түсу бұрышына қарай жарқырауы өзгеріп тұрады.

Мұндай пайеткалардың барлық реңкі сәнде. Классикалық күміс, алтын және інжу түстерінен бастап, шартрез немесе фуксия секілді қанық неон түстеріне дейін өзекті. Әсіресе су реңктері — аквамарин, көгілдір, ашық көк және қою көк түстер сұранысқа ие.

Пайеткалы қандай киімдер сәнде?

Пайеткалар бүгінде кез келген киім түрінде кездеседі, сондықтан сыртқы көріністен бұрын жайлылыққа назар аударған жөн. Мұндай декор матаның толық бетін жауып тұрады және кез келген бұйымға тігіле береді. Әсіресе шифон, фатин, жұқа трикотаж, мақта мата және жұмсақ органзадан тігілген киімдерге назар аударуға кеңес береміз.

Маусымның ең сәтті таңдауы — көйлек. Ұзын, денеге жартылай қонымды модельдер ерекше сәнді көрінеді. Мысалы, комбинация үлгісіндегі көйлектер немесе «балық» силуэтіндегі нұсқалар дене пішінін әдемі айқындап, кешкі образға сай әсер береді. Сонымен қатар қысқа көйлектер де танымал. Әсіресе жіңішке баулы трапеция пішініндегі мини көйлектер сұранысқа ие.

Жазға арналған басты трендтердің бірі — су перісі эстетикасынан шабыт алған сәндік элемент
Instagram: @manondevelder

Қысқа белдемшелер де трендте, әсіресе 2000 жылдар стиліндегі төмен белді модельдер. Пайеткалар неғұрлым ірі болса, киім соғұрлым заманауи көрінеді. Егер сабырлы образ ұнаса, түзу пішіндегі midi белдемшелерді таңдауға болады.

Жаз үшін ең айқын таңдау — суға түсетін киім. Әсіресе үстіңгі пайеткамен безендірілген модельдер жағажайда немесе бассейн жанында өте әсерлі көрінеді.

Пайеткалы қандай әшекейлер сәнде?

Трендпен танысуды әшекейлерден бастауға болады. Бұл — гардеробқа сәнді деталь қосудың ең оңай жолы.

Мұндай декоры бар аяқ киімді елестету қиын болғанымен, пайеткалы сөмкелердің түр-түрі бар. Лаконикалық тоуттар, ықшам жартыай пішіндес модельдер, жұмсақ түйінді сөмкелер — таңдау жеткілікті. Олар көбіне акцент ретінде қолданылады: қарапайым образ аясында мұндай бұйымдар ерекше көзге түседі. Сонымен қатар ірі пайеткалармен безендірілген бас орамалдар, таңғыштар мен белдіктер де сәнде.


Фото: Instagram

Дереккөз: Grazia

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше