Жарқыраған тері, арықтау және жақсы секс: тиктокерлер неге бамия қосылған су ішіп жүр?

TikTok қолданушылары суды бұрынғыдан да «пайдалы» етудің жаңа тәсілдерін іздеуді жалғастырып келеді. Бұл жолы олар стақандағы суға бамияның (окра деп те аталады) жемістерін қосуды ұсынады.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 03 сентября 2026, 13:09
бамия, okra water
Pexels: Masuma Rahaman

Бамияны суға тұндырғанда пайда болатын қою сусын ас қорытуды жақсартады, қандағы қант деңгейін төмендетеді, теріге табиғи жылтыр береді, арықтауға көмектеседі, тіпті жыныстық өмірді де жақсартады деген пікір бар. Бір түн бойы суға тұндырылған бірнеше бамиядан мұншалықты көп пайда күтудің өзі күмәнді. Ендеше, дәрігерлердің пікіріне сүйене отырып, бұл сәнді сусынның ағзаға нақты қандай пайдасы бар екенін және оны кәдімгі судың орнына ішудің қаншалықты қажет екенін анықтап көрейік.

Бамия сыртқы түрі бойынша түгі бар, өсіп кеткен үрме бұршақтың қауашағына ұқсайды. Дәмі кәді, баялды мен спаржаның арасындағы бір нәрсеге келеді. Шын мәнінде, бұл — құлқайырлар тұқымдасына жататын өсімдіктің жеуге жарамды жемісі. Оның жақын туыстарына гибискус пен мақта жатады. Қазақстанда жаңа бамияны экодүкендерден және экзотикалық көкөністер сататын дүкендерден кездестіруге болады, ал мұздатылған түрі кейбір супермаркеттерде де сатылады.

Бамияның құрамында калий, магний, С және К дәрумендері, фолат және тағамдық талшық бар. Сонымен қатар оның құрамында шырышты полисахаридтер, яғни муцилаждар кездеседі. Олар сумен жанасқанда өзіне тән қою гель түзеді. Әлеуметтік желілерде бамияның танымал болуына осы шырыштың әсері зор.

Бамия Шығыс және Батыс Африка елдерінің асханасында бұрыннан кеңінен қолданылады. Ал okra water деп аталатын сусын бірнеше жылдан бері осы аймақтардан шыққан авторлар мен африкалық диаспора өкілдерінің видеоларында көрініп жүр. Қазір ол TikTok-тағы wellness-трендтердің жаңа толқынының біріне айналды.

TikTok-тағы видеоларда бамияны жуып, бірнеше бөлікке кесіп, үстіне су құяды да, тоңазытқышта бір түнге қалдырады.

Содан кейін бамияны алып тастап, кейде оған лимон немесе жалбыз қосылған қою тұнбаны ішеді. Көбіне оны таңертең аш қарынға қабылдайды. Одан кейін денсаулыққа уәде етілген ғажайып әсерді күту ғана қалады.

Ол шынымен кәдімгі судан жақсырақ ылғалдандыра ма?

Жарқыраған тері, арықтау және жақсы секс: тиктокерлер неге бамия қосылған су ішіп жүр?
Pexels: Mario Spencer

«Бамияны суға жібіткен кезде одан полисахаридтер, соның ішінде рамногалактуронан бөлінеді. Олар суға өзіне тән қоюлық пен шырышты құрылым береді. Алайда ағзаны ылғалдандыру тұрғысынан ол кәдімгі судан еш айырмашылығы жоқ — жақсырақ та, нашар да емес», —

дейді гастроэнтеролог, медицина ғылымдарының кандидаты, Пирогов университеті Ана мен бала институтының госпитальдық педиатрия №2 кафедрасының доценті Ольга Тарасова.

RehabLab клиникасының бас дәрігері әрі нутрициологы Семен Лавриненконың айтуынша, арнайы сусынның көмегімен ағзаның жекелеген жасушаларын немесе теріні қосымша «ылғалдандыру» мүмкін емес. Ағза су балансын өзі реттеп, сұйықтықты жасушалар мен жасушааралық кеңістік арасында қажеттілігіне қарай бөледі.

Сондықтан су балансын сақтау үшін шөлді және ағзаның қажеттілігін негізге алып, кәдімгі су ішу жеткілікті.

Ал ішек жұмысын реттеуге көмектесе ме?

Теориялық тұрғыдан аздаған әсері болуы мүмкін.

«Бамия еритін тағамдық талшыққа бай. Оның пребиотикалық қасиеті бар: пайдалы бактериялардың өсуін қолдайды, іш қатуды жеңілдетуге көмектесіп, ішек перистальтикасын жақсартуы мүмкін», —

дейді диетолог Инга Давтян.

Алайда, нақты бір стақан бамия тұнбасына қанша талшық түсетіні белгісіз. Оның үстіне дәл осы сусынға қатысты зерттеулер әзірге жүргізілмеген.

Мысалы, тышқандарға жүргізілген зерттеулердің бірінде бамиядан бөлінген полисахарид ішек микробиотасының құрамына оң әсер етуі мүмкін екені көрсетілген. Бірақ бұл нәтижелерді адамдарға, оның үстіне үй жағдайында дайындалған бамия тұнбасына тікелей қатысты деп айтуға болмайды.

Әлеуметтік желілерде сусынның ішек жұмысына ықтимал әсерін көбіне «детокс-эффект» деп атайды. Алайда бұл жерде дәрігерлердің пікірі бір:

«Ғылыми тұрғыдан алғанда, тағам өнімдеріне қатысты "детокс" ұғымы — маркетингтік миф».

Бауыр мен бүйрек ағзаға қажетсіз заттарды үнемі залалсыздандырып, сыртқа шығарып отырады. Ал бамия қосылған судың бұл процесті жылдамдататыны туралы ешқандай дерек жоқ.

Senses клиникасының жетекші нутрициологы Анна Гончарованың айтуынша, бұл ағзалардың қалыпты жұмысын арнайы сусындар емес, теңгерімді тамақтану, дене белсенділігі, жеткілікті ұйқы, темекіден бас тарту, алкогольді шектеу және сұйықтықты жеткілікті мөлшерде тұтыну қамтамасыз етеді.

Жарқыраған тері, арықтау және жақсы секс: тиктокерлер неге бамия қосылған су ішіп жүр?
Pexels: Victoria Bowers

Оның үстіне кей адамдарда әсері керісінше болуы мүмкін. Бамияның құрамында фруктандар — аш ішекте толық қорытылмайтын, ішекте ашитын көмірсулар бар. Олар тітіркенген ішек синдромы және асқазан-ішек жолының басқа да қабыну аурулары кезінде іштің кебуіне, газ жиналуына және жайсыздыққа әкелуі мүмкін.

Семен Лавриненконың айтуынша, кәдімгі суды жеткілікті мөлшерде ішу де нәжістің қалыпты консистенциясын сақтауға көмектеседі. Кей адамдарда жылы сусынның өзі дәретке отыру процесін ынталандыруы мүмкін. Алайда ыстық су ішек перистальтикасын үнемі күшейтіп, ал салқын су оны баяулататынын дәлелдейтін сенімді дерек жоқ.

Ішек жұмысын әлдеқайда болжамды түрде іске қосатын механизм — гастроколикалық рефлекс, яғни тамақ ішкеннен кейін ішек қозғалысының табиғи түрде күшеюі. Басқаша айтқанда, бұл міндетті сәнді сусыннан гөрі кәдімгі таңғы ас жақсырақ атқаруы мүмкін.

Қандағы қантты төмендетіп, арықтауға көмектесе ме?

Жарқыраған тері, арықтау және жақсы секс: тиктокерлер неге бамия қосылған су ішіп жүр?
Pexels: Anoop VS

Қандағы қант деңгейін төмендетеді деген пікірдің мүлде негізсіз емес екенін айтуға болады. Тұтас бамияның құрамындағы еритін талшық көмірсулардың сіңуін баяулатуы мүмкін. Бірқатар зерттеулер бұл өнімнің қандағы глюкоза көрсеткіштеріне ықтимал әсерін де көрсетеді.

Мысалы, алты рандомизацияланған зерттеуді қамтыған метаталдау бамия негізіндегі қоспаларды қабылдау 2-типті қант диабеті бар адамдарда аш қарындағы глюкоза мен гликирленген гемоглобин деңгейін аздап төмендетуі мүмкін екенін көрсетті.

Бірақ бұл зерттеулерде адамдар бірнеше апта бойы стандартталған мөлшерде бамия ұнтағын, сығындысын немесе оның басқа да өнімдерін қабылдаған. TikTok-тағы рецепт бойынша дайындалған бамия тұнбасын емес.

Арықтауға қатысты дәлелдер одан да аз. Сол метаталдау бамияның дене салмағына немесе дене салмағы индексіне айтарлықтай әсер етпейтінін көрсетті.

Тұтас көкөніс құрамындағы талшықтың арқасында тоқтық сезімін ұзақ сақтауға көмектесуі мүмкін. Ал бамия тұнбасында талшық әлдеқайда аз.

Okra water арықтауға тек бір жағдайда көмектесуі мүмкін: егер оны калориясы жоғары сусынның орнына ішсе. Бірақ бұл жағдайда кәдімгі су да дәл сондай нәтиже береді.

Мұндай сусыннан кейін тері жарқырай түсе ме?

Жарқыраған тері, арықтау және жақсы секс: тиктокерлер неге бамия қосылған су ішіп жүр?
Pexels: Pietro Jeng

Бұған да тікелей ғылыми дәлел жоқ. Ольга Тарасованың айтуынша, бамияның құрамында теріге бірден «жарқырау» сыйлайтын сиқырлы компонент жоқ.

Бұған қатысты қисынды түсініктемелердің бірі — жаңа әдет адамның сұйықтықты көбірек тұтынуына ықпал етуі мүмкін.

Жүйелі шолу нәтижелері суды тұтынуды арттыру терінің мүйізді қабатының ылғалдылығын аздап жоғарылатып, құрғақтықты азайтуы мүмкін екенін көрсетті. Бұл әсіресе бұған дейін суды аз ішкен адамдарға қатысты. Дегенмен зерттеу авторлары қолда бар дәлелдердің саны аз әрі әдістемелік сапасы төмен екенін атап өткен.

Сондықтан Инга Давтян терінің сыртқы көрінісі су балансын қалыпқа келтірудің арқасында жақсаруы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бірақ бұл жерде бамияның ерекше рөлі жоқ: кәдімгі су да дәл сондай әсер береді.

Бамия құрамындағы С дәрумені мен каротиноидтарға, яғни ағза А дәруменін түзетін заттарға да ерекше үміт артудың қажеті жоқ. Бұл заттардың тері денсаулығы үшін маңызы бар екені рас. Бірақ олардың бамияны суға тұндырғанда қанша мөлшері сұйықтыққа өтетіні зерттелмеген. Ең ықтималы — бір стақандағы концентрация тері жағдайына айтарлықтай әсер ететіндей жоғары емес.

Ал жыныстық өмірді жақсарта ала ма?

Жарқыраған тері, арықтау және жақсы секс: тиктокерлер неге бамия қосылған су ішіп жүр?
Pexels: Shaddam Hossain

Бұл — трендтің ең көп тараған уәделерінің бірі.

Сусынның қою әрі шырышты консистенциясына қарап, TikTok-та бамия тұндырылған су табиғи вагиналды майлануды күшейтіп, сонымен қатар либидоны арттырады деген пікір пайда болған.

Алайда бамия құрамындағы полисахаридтер ас қорыту жолында ыдырап, ашиды. Олар өзгермеген күйде ағзаның басқа шырышты қабаттарына жетпейді.

Бұл сусынның табиғи майлануға, қынап микробиомына, гормон деңгейіне немесе жыныстық қалауға әсер ететінін дәлелдейтін зерттеулер жоқ.

Әрине, ағзадағы сұйықтықтың жеткіліксіз болуы шырышты қабаттардың құрғауын күшейтуі мүмкін. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, бамия қосылған су сұйықтық тапшылығын кәдімгі судан жақсы толтырмайды.

Сонымен қатар қынаптың құрғауы көбіне эстроген деңгейінің өзгеруімен, жүктілік және бала емізу кезеңімен, менопаузамен, кейбір дәрілерді қабылдаумен немесе жеткіліксіз қозумен байланысты болуы мүмкін. Мұндай себептерді Америкалық акушер-гинекологтар колледжі де атап өтеді.

Қысқасы, okra water мен лубриканттың сыртқы ұқсастығы тек сыртқы ұқсастық болып қала береді.

Сонымен бамия қосылған суды ішу керек пе, жоқ па?

Жарқыраған тері, арықтау және жақсы секс: тиктокерлер неге бамия қосылған су ішіп жүр?
Pexels: Masuma Rahaman

Егер бамия тұнбасының дәмі ұнаса — денсаулығыңызға зияны тимейтін мөлшерде іше беруге болады. Бірақ оны ішудің ерекше қажеттілігі жоқ.

Сусынды міндетті түрде аш қарынға ішу керек деген ғылыми дәлел де жоқ.

«Біз үнемі мінсіз схеманы іздейміз: аш қарынға ма, тамаққа дейін бе, тамақтан кейін бе, кешке ме? Мен адамның өзіне қаншалықты жайлы екеніне және тәулік бойы қанша сұйықтық ішетініне назар аударған дұрыс деп есептеймін. Егер бамия қосылған су ұнаса, оны кез келген уақытта ішуге болады», —

дейді Анна Гончарова.

Бұл сусын үшін ғылыми тұрғыдан бекітілген нақты мөлшер де жоқ.

Ольга Тарасова сақтық үшін көлемі 200–300 мл болатын бір стақан сусынды 3–5 бамия жемісімен дайындап, оны күн сайын міндетті түрде ішуді әдетке айналдырмауды ұсынады.

Дені сау адамдардың көпшілігі үшін мұндай мөлшер, ең алдымен, қауіпсіз болуы ықтимал. Бамияға аллергиясы бар адамдар мұндай сусынды мүлдем ішпеуі керек.

Іші сезімтал адамдарға, сондай-ақ кальций-оксалат тастарының түзілуіне бейім жандарға сақ болған жөн. Варфарин немесе қандағы қантты төмендететін дәрілерді қабылдайтын адамдар сусынды тұрақты түрде ішуді дәрігермен алдын ала талқылағаны дұрыс.

Бұл ескертулердің басым бөлігі бамияның өз құрамына байланысты. Ал К дәрумені, оксалаттар және басқа да заттардың қанша мөлшері үй жағдайында дайындалған тұнбаға өтетіні, жоғарыда айтқанымыздай, әлі зерттелмеген.

Егер бамия қосылған суды оның тұтас жемісімен салыстырсақ, дәрігерлер бірауыздан екіншісін таңдайды. Себебі бамияны суға тұндырған кезде тағамдық талшықтың, дәрумендердің және басқа да пайдалы заттардың негізгі бөлігі жемістің өзінде қалып қояды.

Анна Гончарова мұнда «тағамдық матрица» ұғымын да еске салады. Яғни өнім жеке-жеке дәрумендер мен минералдардың жиынтығы ретінде емес, барлық компоненттері бір-бірімен өзара әрекеттесетін тұтас жүйе ретінде жұмыс істейді.

Сондықтан тұндырылған суды ішкеннен гөрі, өнімнің өзін жеген әлдеқайда пайдалы.

Ал жалпы алғанда, денсаулыққа қатысты барлық мәселені бір ғана өнім шешеді деп күтудің қажеті жоқ. Денсаулыққа әртүрлі фактор әсер етеді, соның ішінде теңгерімді әрі алуан түрлі тамақтану да бар.

Сондықтан бамия қосылған судан ғажайып әсер күтпей, дұрыс әрі теңгерімді тамақтануға мән берген жөн.


Фото: Instagram

Дереккөз: BLUEPRINT

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше