Ұштанған шаштан құтыла алмауыңның 10 себебі

Ең қалың әрі мықты шаштың өзі дұрыс күтім болмаған жағдайда сынғыш болып, ұштана бастайды. Төменде жиі жіберілетін қателіктер мен олардан сақтану жолдарын егжей-тегжейлі қарастырамыз.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 27 февраля 2026, 12:38
Ұштанған шаш
Pexels: Element5 Digital

1. Дұрыс тамақтанбау

Шаш – күнделікті тұтынатын тағамыңның айнасы. Ас мәзіріңде ақуыздар, A, C, D, E дәрумендері, темір мен мырыш жеткіліксіз болса, шаштың құрғап, сынғыш болып, ұштарының әлсіреп жарылуы заңдылық.

Мәселені қалай шешуге болады?

Ас мәзіріңе ақуызға бай тағамдарды көбірек қос: балық, жұмыртқа, бұршақ. Сондай-ақ жаңғақ, көк шөптер мен жемістерді жиі тұтын. Нәтиже байқалмаса, дәрігермен кеңесіп, шашқа арналған дәрумендер таңда.

2. Жылумен жұмыс істейтін құралдарды жиі қолдану

Шаш кептіргіш, үтік, бұйралағышты жиі пайдалану, әсіресе термоқорғаныссыз, шаш құрылымын бұзып, құрғатады. Жоғары температураның тұрақты әсері ұштардың сынғыштығын арттырады.

Мәселені қалай шешуге болады?

Шаш жуған сайын термоқорғаныс спрейлері мен майларын қолдан. Фенді төмен температурада пайдалан. Үтікпен сәндеуді күн сайын емес, ерекше жағдайларда ғана жаса. Мүмкіндігінше шашты жылусыз сәндеу тәсілдерін үйрен.

3. Дұрыс емес немесе сирек шаш қию

Сән салонына қаншалықты жиі барасың? Егер 4–5 айда бір реттен сирек барсаң, шашыңды дұрыс күтпейсің. Ұштарын уақытында қимасаң, жарылу шаштың бүкіл ұзындығына таралады. Мұндай жағдайда мінсіз күтімнің өзі көмектеспейді.

Мәселені қалай шешуге болады?

Шаш ұштарын әр 6–8 апта сайын қидырып тұр. Егер шаш қатты зақымданған болса, шаштараздан жеңіл филировка жасауды немесе бет пішініңе сай қысқа шаш үлгісін таңдауды сұра.

4. Химиялық процедуралар

Бояу, ағарту, химиялық бұйралау және басқа да процедуралар шашты әлсіретіп, оны сынғыш әрі ұштануға бейім етеді.

Мәселені қалай шешуге болады?

Химиялық процедуралар арасында үзіліс жаса. Қалпына келтіретін маскалар мен майларды тұрақты қолдан. Құрамы жұмсақ өнімдерді таңда және шашыңды тек кәсіби мамандарға сеніп тапсыр.

5. Шашты тым жиі ыстық сумен жуу

Ыстық су шаштың табиғи майларын шайып, қорғаныш қабатын әлсіретеді. Соның салдарынан шаш құрғап, ұштары тез жарылады.

Мәселені қалай шешуге болады?

Шашты ыстық емес, жылы сумен жу. Сусабын мен кондиционерді жеткілікті мөлшерде қолдан. Кондиционерді шашқа 5–7 минут ұстап барып шай.

6. Қатты тартылған шаш үлгілері

Қатты резеңкелер, металл бөлшектері бар қыстырғыштар, тым тартылған өрімдер шашты зақымдап, оны құрғақ әрі түсуге бейім етеді. Ұштары да әлсірейді.

Мәселені қалай шешуге болады?

Металл бөлшексіз жұмсақ резеңкелерді қолдан. Мүмкіндік болса, шашты жиі жайып жүрген дұрыс. Шашыңды бусаң, оны тым қатты тартпай, биіктігін ауыстырып отыр.

7. Күтім құралдарын дұрыс таңдамау

Агрессивті сусабындар мен шаш түріне сәйкес келмейтін кондиционер, маскалар жеткілікті қоректендірмейді. Нәтижесінде қайызғақ пайда болып, шаш құрғап, ұштары сына бастайды.

Мәселені қалай шешуге болады?

Сульфаттар мен силикондарсыз, шаш түріне сай өнімдерді таңда. Аптасына бір рет нәрлендіретін маска жаса. Қажет болса, трихолог маманға жүгін.

8. Ылғалдың жетіспеуі

Құрғақ шаштың ұштары тезірек жарылады, себебі олар икемділігін жоғалтады. Тіпті сау шаштың өзі тұрақты ылғалдандырусыз сынғыш әрі күңгірт болады.

Мәселені қалай шешуге болады?

Күнделікті күтімге арнайы майлар мен шайылмайтын кондиционерлерді қос. Ылғалдандыратын маскаларды кемінде 10 минут ұстап қолдан. Әсіресе шаш ұштарына ерекше көңіл бөл.

9. Тарау кезіндегі зақым

Қатты щеткалар шаш ұштарын сындырады. Сондай-ақ шашты тез қимылмен тарау немесе саусақпен жұлқылап тарқату да зиян.

Мәселені қалай шешуге болады?

Алдымен шаштың ұштарын, кейін түбіне қарай баяу тара. Жұмсақ щетка немесе сирек тісті тарақ қолдан. Бұйра шашты дымқыл күйінде тараған дұрыс.

10. Қоршаған ортаның әсері

Күн сәулесі, жел, аяз, хлорланған су және лас ауа шаштың жарылуын жылдамдатады. Толық қорғану мүмкін емес, бірақ зиянын азайтуға болады.

Мәселені қалай шешуге болады?

Қыста шашты бас киіммен жап, жазда күннен қорғайтын спрей қолдан. Бассейннен немесе теңізден кейін шашты мұқият шайып, нәрлендіретін маска жаса.


Фото: Pexels

Дереккөз: HEROINE

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше