«Тед Лассоның» оралуы және тамыз айында көрерменге жол тартатын ең үздік сериалдар

«Тед Лассо» сериалының төртінші маусымы 5 тамызда жарық көрді. Сонымен қатар тамыз айында тағы бірнеше көптен күткен сериалдың жаңа маусымы мен премьерасы шығады.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 06 августа 2026, 14:35
тамыз айында көрерменге жол тартатын ең үздік сериалдар
Pexels: cottonbro studio

Жаздың соңғы айы — таза ауада серуендеп, демалыстың соңғы сәттерін тиімді өткізіп, сонымен қатар көптен күткен телехикаялардың жаңа маусымдарын тамашалауға таптырмас уақыт. Тамызда ұзақ үзілістен кейін бірқатар танымал сериал экранға қайта оралады.

«Арнайы жасақ: Арыстан қыз» (Lioness)

Қазіргі телевизиядағы ер мінезді кейіпкерлерді шебер сомдайтын жобаларымен танымал сценарист әрі режиссер Тейлор Шеридан бұл жолы көрерменге қайсар әйел тыңшының бейнесін ұсынады.

Сериалдың басты кейіпкері — элиталық «Арыстан қыз» арнайы жасағын басқаратын Джо есімді барлаушы. Әйелдерден құралған бұл бөлім аса қауіпті операцияларды орындайды.

Тыңшылық пен экшнге толы туынды екі жылдық үзілістен кейін үшінші маусымымен қайта оралады. Басты рөлдерде бұрынғыдай Зои Салдана, Лайсла Де Оливейра, Николь Кидман және Морган Фриман ойнайды.

Үшінші маусымның тұсаукесері — 2 тамызда, Paramount+ платформасында.

«Тед Лассо» (Ted Lasso)

Тамыз айындағы ең көп күттірген премьералардың бірі — әлемдегі ең мейірімді спорттық сериал атанып кеткен «Тед Лассоның» төртінші маусымы.

2023 жылы авторлар Билл Лоуренс пен Джейсон Судейкис хикаяны толық аяқтады деген пікір қалыптасқан еді. Сюжет бойынша америкалық бапкер Тед Лассо Ұлыбританиядағы жұмысын аяқтап, АҚШ-қа оралған болатын.

Алайда араға екі жыл салып жоба күтпеген жерден жалғасын тапты. Жаңа маусымда Тед қайтадан футбол алаңына келеді. Бірақ бұл жолы ол ерлер командасын емес, әйелдер футбол клубын жаттықтырады. Трейлерге қарағанда, көрерменнің сүйікті кейіпкерлерінің басым бөлігі сериалда сақталып қалған.

Төртінші маусым — 5 тамыздан бастап Apple TV+ платформасында көрсетіледі.

«Сынықтар» (The Shards)

«Эйфорияның» танымалдығы бәсеңдеген соң, жасөспірімдерге арналған жаңа сериалдар легі көбейді. Солардың бірі — режиссер Райан Мерфи мен әйгілі жазушы Брет Истон Эллистің бірлескен еңбегі «Сынықтар».

Эллистің аттас романы бойынша түсірілген сериал оқиғасы 1980-жылдардағы Лос-Анджелестегі элиталық мектепте өрбиді. Бай отбасынан шыққан жоғары сынып оқушыларының өмірі мектепке жаңа оқушы келгеннен кейін күрт өзгереді.

Жасөспірімдер жаңа келген оқушыны қаладағы қатыгез сериялық кісі өлтірулермен байланыстыра бастайды.

Сериалдың премьерасы — 5 тамызда Hulu платформасында өтеді.

«Жүз жылдық жалғыздық» (Cien años de soledad)

Нобель сыйлығының лауреаты Габриэль Гарсиа Маркес көзі тірісінде өзінің ең әйгілі «Жүз жылдық жалғыздық» романын киноға түсіруге ешқашан келісім берген емес. Оның пікірінше, шығарманың ерекше көркемдік стилі мен күрделі құрылымын толыққанды көркем фильмде жеткізу мүмкін емес еді.

Алайда көп бөлімді сериал форматы бұл міндетті сәтті орындады.

2024 жылы экранға шыққан алғашқы маусым көрерменді Буэндиа әулеті негізін қалаған Макондо қаласының тағдырымен таныстырды. Өзен бойындағы батпақты өлкеде бой көтерген бұл мекен біртіндеп қасіретке толы тарихтың куәсіне айналады.

Екінші маусымда басты кейіпкер Аурелиано Буэндиа әскери билеуші дәрежесіне дейін көтеріледі. Сонымен бірге бұл маусым сериалдың қорытынды бөлімі болмақ.

Екінші маусым 5 тамыздан бастап Netflix платформасында көрсетіледі.

«Джек Ричер» (Reacher)

Ағылшын жазушысы Ли Чайлдтың культке айналған романдары желісімен түсірілген «Джек Ричер» экшн-сериалы төртінші маусымымен қайта оралады.

Жобаның авторы — кезінде «Сопрано» мен «Қашқын» сериалдарының сценарийін жазған Ник Сантора. Сюжет АҚШ қалаларын аралап, әділдік іздеп жүретін әрі түрлі қауіпті оқиғалардың қақ ортасынан табылатын бұрынғы әскери Джек Ричердің төңірегінде өрбиді.

Жаңа маусым Ли Чайлдтың Gone Tomorrow («Ертең кетемін», кейбір басылымдарда «Із-түзсіз» деген атаумен жарық көрген) атты романының желісі бойынша түсірілген. Бұрынғыдай басты рөлді Алан Ричсон сомдайды. Ал қосалқы актерлік құрам бұл жолы едәуір жаңарған.

Төртінші маусымның премьерасы — 12 тамызда Amazon Prime Video платформасында өтеді.

«Шамшылар» (Lanterns)

Тамыз айындағы ең ірі премьералардың бірі — «Шамшылар» сериалы.

Жоба әйгілі Жасыл шамшылар (Green Lantern) комикстеріне негізделгенімен, оқиға классикалық суперқаһарман туындыларынан өзгеше өрбиді. Сериалдың атмосферасы көпшілікке танымал «Нағыз детективті» еске салады.

Сюжетте галактикааралық тәртіп сақшылары Жер бетінде болған жұмбақ кісі өлтіру оқиғаларын тергеуге кіріседі. Жеті жыл бойы әзірленген жоба осы уақыт ішінде тұжырымдамасын да, шығармашылық тобын да бірнеше мәрте өзгертті.

Нәтижесінде сценарийшілер Дэймон Линделоф («Күзетшілер», «Прометей») пен Крис Манди («Озарк») DC комикстерінен шабыт алғанымен, толықтай дербес оқиға ұсынды.

Басты рөлдерді Кайл Чандлер, Аарон Пьер және Нейтан Филлион сомдайды.

Сериалдың тұсаукесері — 16 тамызда HBO Max платформасында.

«Аутер-Бэнкс» (Outer Banks)

Солтүстік Каролина жағалауындағы жасөспірімдердің шытырман оқиғаларын баяндайтын «Аутер-Бэнкс» сериалы өз мәресіне жетті.

Бесінші маусым бұл жобаның қорытынды бөлімі болмақ. Айта кетейік, Outer Banks — АҚШ-тың Солтүстік Каролина жағалауындағы ұзындығы шамамен 320 шақырымға созылған құмды тосқауыл аралдарының нақты атауы.

Сериалдың басты кейіпкерлері бұрынғыдай аңызға айналған алтын мен ғасырлар қойнауынан қалған қазыналарды іздеуді жалғастырады. Алайда финал олардың өміріндегі ең ауыр әрі қауіпті сынақтардың біріне айналмақ.

Көрермен сүйікті кейіпкерлерімен бірге тағы да Чейз Стоукс, Мэдлин Клайн, Мэдисон Бэйли және Джонатан Дэвисті экраннан көреді.

Бесінші маусым 20 тамыздан бастап Netflix платформасында көрсетіледі.

«Қараңғы материя» (Dark Matter)

2024 жылдың ең сәтті ғылыми-фантастикалық жобаларының бірі болған «Қараңғы материя» екінші маусымымен қайта оралады.

Сериал америкалық жазушы Блейк Краучтың аттас романының желісімен түсірілген. Алғашқы маусымда басты кейіпкер параллель әлемдерге саяхат жасап, өзінің мүлде басқа тағдыр кешкен балама өмірлерімен бетпе-бет келген еді.

Жаңа маусым романның бастапқы оқиғасынан әрі өрбиді. Сондықтан көрерменді бұрынғыдан да тосын әрі күтпеген оқиғалар күтіп тұр.

Жобаның шығармашылық құрамы өзгерген жоқ: Блейк Крауч бұрынғыдай шоураннер қызметін атқарады, ал басты рөлдерді Джоэл Эдгертон мен Дженнифер Коннелли сомдайды.

Екінші маусымның премьерасы — 28 тамызда Apple TV+ платформасында.


Фото: Pexels

Дереккөз: Lenta.ru

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше