Сталкинг және қыз алып қашу: Қазақстанда қанша қылмыстық істер қозғалды

2025 жылғы 14 қазанда Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа баптар бойынша алғашқы істер туралы мәлімдеді.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 14 октября 2025, 11:57
Сталкинг және қыз алып қашу
Pexels: KATRIN BOLOVTSOVA

Ведомство өкілдері атап өткендей, Қылмыстық кодекске алғаш рет «Сталкинг» туралы жаңа бап (115-1-бап) енгізілді.

«Сталкинг — бұл зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ, өзге адамды заңсыз қудалау әрекеті. Аталған әрекетте күш қолдану белгілері болмағандықтан, сталкинг қылмыстық теріс қылық ретінде жіктеледі. Бұл бап әлеуетті жәбірленушілерді қудалаушылардан қорғауға бағытталған, яғни олар әлі физикалық күш қолдануға немесе ашық қорқытуларға бармаған жағдайлар туралы», –

деп түсіндірді Бас прокуратура.

Жаңа бап 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап күшіне енгеннен бері елде сталкинг бойынша екі қылмыстық іс тіркелген – бірі Атырау облысында, екіншісі Павлодар облысында.

Сталкинг жасаған адамға 200 айлық есептік көрсеткішке (786 мың теңгеден астам) дейін айыппұл салынады немесе дәл осындай мөлшерде түзеу жұмыстарына, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға не 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Сонымен қатар, Қылмыстық кодекске некеге тұруға мәжбүрлеу туралы жаңа бап (125-1-бап) енгізілді.

Егер әйел адамды ұрлап, күш көрсету немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы некеге тұруға мәжбүрлеу фактісі анықталса, айыпты тұлғаға 2000 АЕК-ке дейін (7,8 млн теңге) айыппұл немесе дәл сол көлемде түзеу жұмыстары, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған. Ал егер мұндай әрекет салдарынан ауыр зардаптар туындаса, кінәлі азаматқа 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Алғашқы істер Шымкент қаласы мен Қызылорда облысында тіркелген.

«Айта кетерлігі, екі жағдайда да жәбірленушілер кәмелетке толмаған», –

деді Бас прокуратура өкілдері.

Аталған істер бойынша тергеу жалғасып жатыр және прокуратура органдарының бақылауында.


Фото: Pexels

Дереккөз: Zakon.kz

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше