Сан бар, сапа қайда? Алмаз Малдыбаев қазақ киносының бүгінгі ахуалы мен болашағы туралы не айтты

Отандық кинорекордтар артында қандай сын-қатерлер жатыр? Бұл туралы Kinopark Theatres негізін қалаушы Алмаз Малдыбаев TALDAU TALKS подкастында айтты.

от Арайлым Ақан
20 октября 2026
Алмаз Малдыбаев
Pexels: Pavel Danilyuk

Соңғы уақытта қазақстандық кинопрокат нағыз бум кезеңін бастан кешуде. Жыл сайын жарық көретін отандық фильмдердің саны жүзден асады. Бұл – бір жағынан қуантарлық жайт, себебі көрерменнің кинотеатрларға деген ықыласы артып, кассалық көрсеткіштер де жақсарып келеді. Алайда сұрақ туындайды: санның өсуі сапаның артуына кепіл бола ала ма?

«Қазір қазақ киносының ең дамып, күшті статистикалық жетістіктерге жетіп жатқан кезеңі. Соңғы бес жыл ішінде 350 кино шықты. Оның ішінде тек 25-і 1 млрд-тан аса касса жинады. Кино саласында істеп жүрген адамдар үшін бұл – өте күшті тенденция», —

деді Алмаз Малдыбаев.

Подкаст барысында қозғалған негізгі тақырыптардың бірі – көрермен талғамының өзгерісі. Бүгінгі киногерлер үшін тек көңіл көтерерлік дүние түсіру жеткіліксіз, эстетикалық тұрғыдан терең, халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын контент жасау басты талапқа айналды.

Алайда, индустрияның дамуына кедергі келтіретін негізгі мәселелердің бірі – кинозалдардың жетіспеушілігі. Бүгінде Қазақстанда бар болғаны 510 кинозал жұмыс істейді. Ал нарықты толықтай қамту үшін бұл көрсеткіш кемінде 2000-нан асуы тиіс. Бұл ретте АҚШ, Оңтүстік Корея және Қытай сияқты әлемдік тәжірибе үлгі бола алады.

Тарихи өзгерістер және нарықтың қалыптасуы

Бүгінгі кинобизнестің тамыры тереңде жатыр. Алмаз Малдыбаевтың айтуынша, 1940 жылдан бастап кинотеатрлар мен киноөндіріс толығымен мемлекеттің қарамағында болды: өкімет өзі кино түсіріп, өзінің кинотеатрларында көрсетті. Сондықтан саланың нарықтық қатынастары мүлде басқа арнада дамыды.

«1998 жылдан бастап алғашқы кинотеатрларды аша бастаған мен болатынмын. Кинотеатрларды қайтадан жандандырған пионер деп айтса болады. Сол кезде халық кинотеатрға баруды ұмытқан еді, кинотеатр мен кино өндірушінің қарым-қатынасы да ұмытылған болатын. Біз бұл бизнес-процесті халықаралық тәжірибеге сүйене отырып қайта жасадық», —

деп еске алады кәсіпкер.

Балалар контенті мен анимация

Ерекше назар аударуды қажет ететін тағы бір сала – балаларға арналған фильмдер мен отандық анимация. Бұл бағытқа үлкен инвестициялар мен жүйелі мемлекеттік қолдау қажет екендігі сөз болды. Өйткені бүгінгі өскелең ұрпақтың талғамын қалыптастыру – ертеңгі ұлттық мәдениеттің іргетасы.

«Қазақстанда небәрі 20 миллион халық бар, сондықтан балалар контентін тек коммерциялық тұрғыдан ақтау мүмкін емес. Бұл – ерекше тәрбиелік маңызы бар сала. Қазір ұрпақ Голливуд туындыларымен тәрбиеленіп келе жатыр, өйткені өз еліміздің ертегілері мен анимациясы жетіспейді. Сондықтан бұл бағытты өкімет тарапынан қолдаған дұрыс»,

— деп атап өтті Алмаз Малдыбаев.

Кино және жасанды интеллект (AI)

Технологияның дамыған заманында кинематограф та шет қалмақ емес. Жасанды интеллектінің киноөндіріске енуі шығармашылық процестерді қалай өзгертеді? Бұл бағыт – индустрияның жаңа горизонттарын ашатын қызықты да жұмбақ сала.

Бір сөзбен айтқанда, қазақ киносы жаңа эволюциялық кезеңге қадам басты. Ал бұл үдерістен сүрінбей өту үшін шығармашылық еркіндік пен жоғары талғам қатар жүруі тиіс.


Фото: Pexels

Дереккөз: Taldau Talks

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше