Нью-Йорк, Милан және Париждегі SS ’27 сән апталықтарының марафоны мәреге жетті, бірақ біз бэкстейдждерден шабыт берген ең жарқын бьюти-образдармен әлі де тыныстап жүрміз. Жаңа маусым таныс техникаларды жаңаша пайымдайды: классикалық smoky eyes түрлі түске боялады, дағдылы графикалық стрелкалар орнына металлик акценттер келеді, ал еріннің қатаң контуры жұмсақ жайылып кетеді.
2027 жылы бьюти-индустрияның ырғағын белгілейтін 8 негізгі подиум трендін ұсынамыз.
Күміс стрелкалар мен металлик акценттер
Dior · Париж сән апталығы
Күміс түс мерекелік макияж шеңберінен шығып, дербес акцентке айналды. Қапталдай жүргізілген жұқа металлик сызықтар мен қабақтағы жылтырлар әр қимылда жарықты шағылыстырып, көзге назар аударады. Peter Philips жасаған Dior макияжында жарқыраған детальдар табиғи терімен және бейтарап ерінмен үйлеседі.
Бұл образды күміс карандашпен немесе металлик теньмен оңай қайталауға болады. Күнделікті макияжға кірпіктер бойымен жүргізілген жіңішке сызық жеткілікті, ал кешкі бейне үшін бүкіл қозғалмалы қабаққа жылтыр қоссаңыз болады.
Түсті теньдердің қайта оралуы
Proenza Schouler · Нью-Йорк сән апталығы
Лимон, кобальт, жалбыз және лаванда реңктері үйреншікті нейтрал теньдерге балама болады. Proenza Schouler шоуында визажист Dick Page бүкіл қозғалмалы қабаққа сары түсті жағып, оны образдың басты акцентіне айналдырды.
Трендті қайталау үшін бірнеше реңкті қатар қолданудың қажеті жоқ. Бір қанық түс-ақ бүкіл макияждың мінезін өзгерте алады. Теріні және ерінді табиғи қалдырсаңыз, жарқын теньдер айқын көрініп, образды ауырлатпайды.
Жарқын smoky eyes
Gucci · Милан сән апталығы
Дымқылдай үлбіреген көз макияжы дәстүрлі қара-сұр палитрадан шығып, жасыл, кобальт, рубин және қызғылт түстермен толықты. Мұндай тәсіл классикалық smoky eyes-ты батыл етіп, түстің қанықтығы мен растушевка пішінімен еркін ойнауға мүмкіндік береді.
Трендті күнделікті макияжға бейімдеу үшін бір түсті таңдап, оны кірпік сызығы бойымен жайлап растушевкалаңыз. Драмалық әсер үшін реңкті бүкіл қабаққа таратып, сыртқы бұрышқа қарай созыңыз.
Қасқа тағылатын әшекейлер
Simone Rocha · Лондон сән апталығы
Моншақтар мен декоративті детальдар қасты макияждың дербес элементіне айналдырады. Гель мен карандашпен қалыптастырудың орнына визажистер көлем мен тосын текстура беретін әшекейлермен эксперименттеуді ұсынады.
Күнделікті үлгі үшін қастар маңына бірнеше ұсақ страз не декоративті элемент жеткілікті. Нәтижені айқынырақ қылғыңыз келсе, әшекейлерді минималды көз макияжымен және бейтарап ерінмен ұштастырыңыз.
Созыңқы көз пішіні алтын акцентімен
Giorgio Armani · Милан сән апталығы
Қараңғы теньдер көздің сыртқы бұрыштарына қарай растушевкеленіп, пішінді визуалды түрде созады. Алтын акценттер тереңдік пен жарқырау қосып, мат және жылтыр текстуралардың үйлесімі образды айшықтай түседі.
Бұл әдісті қоңыр не графит теньдерімен және сәл ғана алтын пигментімен қайталауға болады. Қараңғы реңкті самайға қарай растушевкалап, алтынды қабақтың ортасына не көздің ішкі бұрышына жағыңыз.
Сәл өшірілген помада эффекті
Diesel · Милан сән апталығы
Еріннің айқын контуры орнын жұмсақ, сәл бұлдырланған шеттерге береді. Кеш бойы помада аздап өшіп қалғандай әсер туады. Мұндай макияж ресмилігін азайтып, бейнеге әдейі немқұрайдылық реңк қосады.
Эффект жасау үшін помаданы еріннің ортасына жағып, реңкті шеттеріне қарай саусақпен не қылқаламмен жайыңыз. Контурлық карандаш қажет емес. Ең қолайлысы — еріннің табиғи түсіне жақын реңктер, сондай-ақ жидек және қызыл тондар.
Футуристік көз макияжы
Harris Reed · Лондон сән апталығы
Футуристік көз макияжы ерекше пішіндерге, металлик реңктерге және жылтыр текстураларға негізделеді. Күміс, көгілдір және күлгін пигменттер шағылысқан жарық әсерін тудырады, ал стандарттан тыс сызықтар мен түстік ауысулар көзқарасты әсерлі қылады. Мұндай макияж бьюти-образдарды қатаң ережелері мен шекаралары жоқ болашаққа алып барады.
Трендті қайталау үшін суық реңкті теньдерді металлик пигменттермен және перламутр жарқылымен ұштастырыңыз. Растушевка пішінімен ойнаңыз, қозғалмалы қабақ шегінен шығып, графикалық детальдар қосыңыз. Ең бастысы — батыл да заманауи көрінетін ерекше образ жасау.
Қалың тон орнына жарқыраған тері
Ferragamo · Милан сән апталығы
Қалың тональды кремнің орнына визажистер терінің табиғи жарқылын айқындайтын жеңіл текстураларды таңдайды. Мұндай макияж балғын көрінеді және бет-әлпетті ауырлатпайды, тіпті оны жарқын теньдер немесе айқын помада толықтырса да.
Осындай эффект үшін жеңіл тональды флюидті немесе тон беретін ылғалдандырғыш кремді қолданып, хайлайтерді бет сүйектеріне және басқа да шығыңқы аймақтарға жағыңыз. Ең маңыздысы — терінің табиғи текстурасын сақтау, оны косметикамен толық жасыруға ұмтылмау. Фото және видео:
2027 жылы макияж түпкілікті түрде «жасыру құралы» болудан қалады. Оның формуласы — базаға абсолют табиғилық плюс детальдарда максимализм. Бұл экспрессивті стрелкалар, түрлі-түсті пигменттер, тіпті хромдалған жылтыр болуы мүмкін.
Бүгінгі басты тренд — сұлулық стандарттарынан бас тартып, даралықты таңдауда.
Фото: Instagram