Британдық модель, актриса, кәсіпкер, Джейсон Стейтемнің әйелі және екі баланың анасының әрқашан мінсіз болып көрінуінің құпиясымен бөлісеміз.
Victoria’s Secret-тің бұрыңғы моделі ретінде білетін Рози Хантингтон-Уайтли 36 жасқа толды және ол әлеуметтік желіде жарияланбас бұрын оның кез келген фотосуреті өңделіп жатқанын мойындаудан қорықпайды. Бірақ, Розимен шынайы өмірде кездескендердің бәрі оның суреттердегідей көрінетінін айтады. Хантингтон-Уайтли күн сайын тамақтануды, жаттығуды және өзін-өзі күтуді мұқият қадағалайды. Ол өзінің әріптестеріне қарағанда жомарт, оқырмандарымен beauty-құпияларымен бөліседі.
Бет күтімі
Таңертеңгі және кешкі сұлулық рәсімдері Рози үшін маңызды. Ол қара нүктелері бар сезімтал, реактивті терінің иесі, сондықтан тазарту, сергіту және ылғалдандыру, сонымен қатар проблемалы аймақтарға арналған арнайы күтім жасайды. Сондай-ақ, таңертең ол жылы сүлгімен булайды, содан кейін гельмен жуады және гиалурон қышқылы бар креммен немесе гельмен бетті ылғалдандырады. Ұйықтар алдында ол бетін мицеллярлық сумен сүртеді, жеңіл көбікпен жуады, теріні тоникпен сүртеді және түнгі масканы гель түрінде қолданады (ол тыныштандыратын әсер береді және кез-келген қызаруды басады).
Оның терісі проблемалы болғандықтан, әрдайым косметологтың көмегіне жүгінеді. Рози бірнеше жыл бойы Шани Дарденге барады, ол салондық емдеуден басқа (негізінен ылғалдандыратын және тыныштандыратын күтімдер, сондай-ақ массаж) үйде қолдануға арналған өнімдерді таңдап береді.
Шаш күтімі
Розидің табиғи шашы ақ сары, бірақ ол үнемі аққұбаға бояйды және реңкті барлық күшімен сақтауға тырысады. Ол үшін сульфатсыз және реңкті (күлгін және көк) сусабындар, арнайы кондиционерлер мен маскаларды қолданады. Сондай-ақ, басын жуғаннан кейін, ол ағынды судың краннан теріс әсерін бейтараптандыру үшін шашты минералды газдалған сумен шайады. Бұл шаштың жұмсақ және жібектей болуына көмектеседі, дейді Хантингтон-Уайтли.
16 жасынан бастап Розидің шашына стилист Джордж Нортвуд жауапты. Олар ол шаштараз мансабын алғаш бастап, өзінің шеберлігін шыңдау үшін модельдер іздеп жүргенде танысқан. Ал жас Хантингтон-Уайтлиде салонға ақша жетпеген. Сол кезден бері бірге.
Бет әрлеу
Сұхбатында Рози өзін-өзі бояуды жақсы көретінін айтқан болатын. Ол үшін макияж-бұл тыныштандыратын медитацияның бір түрі. Әрине, қызыл кілемге немесе басқа да маңызды іс-шараға шығу үшін ол кәсіби маманның көмегіне жүгінеді, бірақ күйеуімен немесе достарымен кешкі асқа бару үшін өзі боянады. Күнделікті өмірде модель қатты боянуды ұнатпайды: кішкене консилер, опа, қас гелі және ерін далабы, ал кешкі мерекелер үшін ол әдетте қызыл далапты таңдайды.
Спорт
Әрине, модельдің өмірінде спорт бар. Ол әртүрлі түрлерін ауыстырып отыруды жөн көреді. Мысалы, бүгін ол спортзалға барып, гантельдермен жұмыс істей алады, ертең — би, келесі күні жүгіру немесе арқанмен секіру. Рози өзінің әлсіз жерін іш деп санайды, сондықтан оның жұмысына ерекше назар аударады. Бұл жағдайда оған пилатес пен вакуум жаттығуы көмектеседі — ол оларды күнделікті орындайды.
Тамақтану
Күн сайын таңертең Рози лимон немесе жалбыз қосылған бөлме температурасындағы су ішеді. Сондай-ақ, ол оны тамақтанар алдында да ішеді — бұл модельге денені ылғалдандыруға ғана емес, сонымен қатар қанықтылықты сезініп, артық тамақтанбауға көмектеседі. Таңғы асқа ол глютенсіз тост пен шпинат қосылған ақуызды омлет жейді және түскі асқа жасыл смузи ішеді, буға пісірілген тауық немесе балық және салат, ал кешкі асқа майсыз ет пен көкөністер жейді. Бірақ сонымен бірге ол барып, картоп немесе балмұздақ жеуге мүмкіндігі бар. Хантингтон-Уайтли денені тыңдау маңызды екеніне сенімді.
Фото: Shutterstock