Қазақстандық модель Зарина Ева Анджелина Джолимен кездесуі туралы әсерімен бөлісті

Лос-Анджелесте тұратын қазақстандық модель Зарина Ева Голливуд жұлдызы Анджелина Джолимен кездесіп, алған әсерімен әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 19 июня 2026, 10:56
Зарина Ева Анджелина Джоли
Instagram: @zarinayeva

Модель актрисамен бірге түскен видеоны жариялап, бұл кездесудің өзі үшін ерекше мәнге ие болғанын айтты. Заринаның сөзінше, ол бала кезінен Анджелина Джоли түскен фильмдерді көріп өскен және актриса болуды армандаған. Сондықтан сүйікті өнер иесімен жүзбе-жүз кездесіп, тілдесу оның көптен бергі арманының орындалған сәтіне айналған.

«Ол менің актерлік өнерге ғашық болуыма себеп болған жандардың бірі. Онымен шынайы өмірде кездесу мен үшін сөзбен жеткізу қиын ерекше әсер сыйлады. Мені оның сұлулығы мен жарқын мансабы ғана емес, адам ретінде бойындағы энергиясы да таңғалдырды. Ол кірген сәтте бүкіл кеңістікті өз болмысымен баурап алады. Сонымен қатар өте жылы жүзді, мейірімді әрі әңгімелесушісіне шынайы ықылас қоя білетін жан. Ол сізбен сөйлескенде өзіңізді маңызды сезінесіз, дәл сол сәтте бөлмедегі жалғыз адам сіз сияқты әсерде боласыз», –

деп жазды Зарина.

Оның айтуынша, Анджелина Джолидің актерлік шеберлігі мен продюсерлік қызметінен бөлек, әлемдегі гуманитарлық бастамаларға қосып жүрген үлесі де әрдайым таңданыс тудырған.

Зарина бұл кездесуді өміріндегі ұмытылмас сәттердің бірі деп атады.

«Бұл мен ешқашан ұмытпайтын ерекше әрі толқынысқа толы сәттердің бірі болды. Көптеген адамды үлкен армандарға жетелеуді жалғастырып келе жатқаныңыз үшін рақмет, Анджелина», –

деп түйіндеді ол.

Желі қолданушылары да модельдің қуанышына ортақтасып, пікірлерін білдірді.

«Сен үшін қатты қуанып тұрмын», «Армандар орындалады», «Ол керемет жан», «Қандай әсерлі кездесу!», «Менің сүйікті актрисам», – деп жазды оқырмандар.


Фото: Instagram

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше