Еске сала кетейік, Павел Дуров Астанада өткен Digital Bridge форумында өз сөзін қалжыңмен бастады.
«Көптеген табысты адамдар маған Қазақстанға жар іздеп келгендерін айтқан еді. Өкінішке қарай, мен бүгін бұл жерге жар іздеуге емес, басқа мақсатпен келдім. Негізгі мақсатым – жасанды интеллект туралы әңгімелесу», –
деді ол өз сөзінде.
Айгерім Құсайынқызы бұл пікірдің қоғамда үлкен талқылауға себеп болғанын атап өтті.
«Құрметті Павел Дуров мырза! Қазақстанға келіп, жасанды интеллект туралы пікір бөліскеніңіз үшін алғыс айтамыз. Алайда бір ескертпеміз бар: “Қазақстанға жар іздеуге келеді” деген қалжыңыңыз біздің қоғамда кең талқыға түсіп жатыр. Көшпенді қазақ қоғамының әйелдері үнемі объект емес, өзгерістің агенттері болған. Ал біз – сол ұрпақтың жалғасымыз. Біз экспорттайтынымыз – білім, технология және адам құқықтарына құрмет», –
деп жазды Айгерім өз парақшасында.
Сонымен қатар ару Павел Дуровтың сөзі әйелдер мен қоғамның бейнесіне әсер етуі мүмкін екенін айтты.
««Қазақстанға жар іздеп келеміз» дейтіндердің әрекетін күлкі ретінде қолдану – бізді тауарша сипаттау әрі мәдениетімізді сыйламау. Қазақстан – «жар базары» емес, идеялар елі. Бұл қалжың форматында болған риторика әйелдерді субъектіктен айырып, елдің білім мен технологияға негізделген күн тәртібіне, сондай-ақ гендерлік теңдік бойынша жүргізіліп жатқан реформаларына қайшы келеді. Біз диалогты “стереотиптен” емес, инновация мен инклюзиядан бастауды ұсынамыз. Әпке-қарындастарын өзге ұлттардан қызғыштай “қорғайтын”, себебі бізді “ұлт меншігі” көретін уытты маскулиндіктің майын тамызып тұрып сізге дәріс-ақыл айтар біз қаламаған, Құдайдан сұрамаған аға-інілеріміз сізге қоқан-лоқы көрсетіп жатса, оның себебі сіздің сөздеріңіз екенін ұмытпаңыз. Ескертіп қоюды жөн көрдім», –
деді ол.
Айгерім Құсайынқызының бұл жазбасы әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды. Көпшілік оның пікірін қолдап, әйелдердің рөлін шектеусіз, тең қоғам құрудың маңызын атап өтті.
Фото: Instagram