Жақында блогер өз брендімен шығарылған бет бояуға арналған қылқаламдар топтамасын таныстырған болатын. Жарнама барысында өнімді сатып алғандар арасында ақшалай сыйлықтар, автокөлік және басты жүлде ретінде пәтер ойнатылатыны жарияланған.
Сатылым аяқталғаннан кейін әлеуметтік желілерде сатып алушылар тарапынан өнім сапасына байланысты шағымдар көбейе бастады. Тұтынушылардың айтуынша, кейбір қылқаламдардан жағымсыз иіс шыққан, ал кейбірі қораптан алғанда бүлінген күйде болған.
Сонымен қатар шамамен 19 мың теңге тұратын жиынтықтағы қылқаламдардың сапасы төмен көрінетіні, қолдануға дейін-ақ түгі түсіп қалғаны жөнінде де пікірлер жазылған.
«Мен де Aeka Posh-тың қылқаламдарын алдым. Аека қылқаламдарын қымбат брендтің өнімімен салыстырып, сапасымен көп жұмыс істегенін айтып, қатты мақтаған соң, бірден сатып алдым. Бірақ суреттен көрініп тұрған шығар, сапасы көңілімнен шықпады. Сау қылқалам жоқ: бәрі майысқан, кей жерлері тесік. Кәдімгі қаңылтыр сияқты. Ашылып-жабылатын кішкентай қылқаламы да сынып қалатындай болып тұр. Иісі де бар. Осы салада жүрген адам ғой деп қатты сеніп едік, бірақ үмітіміз ақталмады», –
деп жазды қолданушы.
Бұдан бөлек, кейбір желі қолданушылары бұл өнімдер Қытайдағы арзан онлайн алаңдардан алынған болуы мүмкін деген пікірлерін де білдірген.
Наразы сатып алушылар бір-бірін тауарды қайтаруға және тиісті тұтынушылар құқығын қорғау органдарына жүгінуге шақыруда. Кейбірі, тіпті, алған қылқаламдарын қайта сатуға тырысып жатқаны айтылды.
Пәтер ұтысына қатысты дау
Жалпы сын тек өнім сапасымен шектелмей, ұтысқа қойылған пәтерге байланысты жағдай да қоғам назарын аударды. Бір қазақстандық қыз қорап ішінен пәтерге қатысты сертификат тапқанын айтып, ұйымдастырушыларға хабарласқан.
Алайда сертификаттың суретін жібергеннен кейін ұйымдастырушылар бұл құжаттың ресми ұтысты растамайтынын мәлімдеген. Ол жағдайды әлеуметтік желіде, Threads платформасында жариялаған.
«Видеоға түсіріп ашпағандықтан, дәлел жоқ дей бастады. Тіпті мөрдің жоқ екенін менің кінәм сияқты көрсетті. Бірақ онда бұл сертификат қораптың ішіне қалай түсті?» –
дейді автор.
Оның айтуынша, ол ешкімді тікелей айыптауды мақсат етпейді, алайда тұтынушы ретінде өз құқығы бұзылды деп есептесе, ойын ашық айтуға және тиісті органдарға жүгінуге құқылы.
«Бұл біреудің үйін тартып алу туралы емес. Бұл – айтқан сөзің мен жасаған әрекетің үшін жауапкершілік туралы», –
деп жазды ол.
Жоба өкілдері болса, көрсетілген сертификаттың ресми құжаттардан айырмашылығы бар екенін алға тартты. Олардың айтуынша, ірі сыйлықтарға арналған құжаттарда арнайы нөмір мен мөр міндетті түрде болуы керек.
Кейін Aeka Posh сертификат тапқан қызбен жеке кездесіп, жағдайды талқылаған. Блогер тарапынан түсініспеушілік үшін кешірім сұралған және мұндай ауқымды ұтыс кезінде техникалық қателіктер болуы мүмкін екені айтылған.
Нәтижесінде екі тарап келісімге келген. Қызға пәтердің орнына компания атынан жаңа автокөлік берілді.
Фото: Instagram