Өзіңе қажет емес заттарды сатып алуды тоқтатудың 7 тәсілі

Бұл әдеттен арылып, өміріңе қайта бақылау орнатудың жолдарын төменде ұсынамыз.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 21 октября 2025, 12:10
қажет емес заттарды сатып алу
Pexels: Gustavo Fring

Бәлкім, сен кейде үйге жаңа аяқ киім немесе гаджет алып келіп, біраз уақыттан кейін шкафыңда дәл сондай заттар бұрыннан тұрғанын байқайтын шығарсың. Егер мұндай жағдай жиі қайталанса, демек, сен шопоголизмнің тұзағына түскенсің.

Өзіңе қажет емес заттарды сатып алуды тоқтадудың жолдарын оқып көр.

1. Сатып алмас бұрын кідіріс жаса

Көп жағдайда біз сатып алуды импульспен, яғни эмоцияның әсерінен жасаймыз. Көзіңе бір нәрсе түсіп, дәл қазір өмірің жарқырап кететіндей көрінеді. Психологтардың айтуынша, мұндай сәтте ми дофамин — қуаныш гормонының әсерінде болады, ал ақыл-ой артта қалады.

Сондықтан өміріңе «24 сағат ережесін» енгіз. Бір нәрсе сатып алғың келді ме — кем дегенде бір тәулік күт. Осы уақыт ішінде эмоция басылады, ал шешіміңді салқынқанды бағалай аласың. Қалауыңды жазып жүретін тізім жасап ал: егер бірнеше күн өткен соң сол зат әлі де керек сияқты көрінсе ғана сатып ал.

2. Өзіңді TAPER әдісімен тексер

Сатып алу алдында тест өткіз. Ол үшін ағылшын тіліндегі TAPER әдісін қолдан:

  • T — Timing (уақыт): бұл затты бұрыннан қалайсың ба, әлде жай ғана «көріп, ғашық болып қалдың ба»?
  • A — Affordability (қолжетімділік): осы затты сатып алу бюджетіңе зиян келтірмей ме?
  • P — Purpose (мақсат): ол саған шынымен керек пе, әлде көңіл көтеру үшін бе?
  • E — Emotional state (эмоциялық күй): бұл сатып алу артында шаршау, зерігу немесе күйзеліс жоқ па?
  • R — Regret potential (өкіну ықтималдығы): егер бүгін сатып алмасаң, өкінесің бе?

Осы сұрақтарға асықпай жауап бер. Бұл шағын «фильтр» саған шынымен қажет әрі қуаныш әкелетін заттарды ғана сатып алуға көмектеседі.

3. Хаттар мен жарнамалық науқандардан бас тарт

«Тек бүгін ғана жеңілдік!» деген хабарламаны көріп, қажетсіз заттар сатып алған сәттерің есіңде ме? Мұндай хабарламалар — сенің назарынды ұстап қалуға арналған тұзақтар.

Психологтар «цифрлық тазалық» жасауды ұсынады:

  • дүкендердің жарнамалық хаттарынан бас тарт,
  • артық мобильді қосымшаларды өшір,
  • push-хабарламаларды сөндір.

4. Сатып алу процесін қиындат

Маркетплейстердің қосымшаларында барлық карталар сақталып, мекенжай автоматты түрде енгізіліп тұрғанда, ал экранда үлкен «бір батырмамен сатып алу» түймесі жарқырап тұрса — шыдауың қиын. Сондықтан сатып алу процесін сәл қиындат:

  • сақталған төлем деректерін өшір,
  • картаны алыста ұста,
  • әр сатып алудан бұрын ойланып ал.

Осылайша сен эмоция мен әрекет арасындағы пайдалы үзіліс жасайсың. Ал сана сабырға келгенде «Маған бұл зат шынымен керек пе?» деген сауал туындайды.

5. Қолма-қол ақшаға көшіп көр

Банк картасы арқылы ақша жұмсағанда ол тек экрандағы сандар сияқты көрінеді. Ал қолыңдағы қаражатты беру — нақты сезілетін шығын.

Бір апта бойы тек қолма-қол ақшамен төлем жасап көр. Бірнеше күннен кейін-ақ ақшаның құнын жақсырақ сезініп, әр сатып алу алдында ойланатын боласың. Мақсат — өзіңді шектеу емес, таңдау сезімін қайта қалпына келтіру.

6. Шығын мен эмоция күнделігін жүргіз

Әр сатып алуыңды ғана емес, сонымен қатар сол сәттегі көңіл-күйіңді де жазып отыр. Бір-екі аптадан кейін байқасаң, көбінесе ақшаны жай ғана көңіл көтеру үшін жұмсайтыныңды аңғарасың.

Осылайша сен өзіңнің әлсіз тұстарыңды түсініп, эмоцияны басқа жолмен — мысалы, серуендеу, спорт немесе шығармашылық арқылы — реттеуді үйренесің.

7. «Бір қуаныш ережесін» енгіз

Өзіңе кейде эмоциямен сатып алуға рұқсат бер, бірақ аптасына немесе айына тек бір зат қана. Бұл тәсіл әр сатып алуға мән беруге және одан шынайы қуаныш алуға үйретеді.

Уақыт өте келе сен саналы сатып алу әдетін қалыптастырасың. Қай заттың шын мәнінде қажет екенін түсініп, қажетсіз нәрседен еш өкінбей бас тарта аласың.


Фото: Pexels

Дереккөз: HEROINE

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше