«Өліммен бетпе-бет келгендей күй кештім»: Дариға Бадықова жаңа драмасы, өрт сөндірушілердің жасырын трагедиясы және «Соңыра» атауының сыры туралы
«Кейінге қалдырылған өмір» синдромы, әйел тағдырындағы ауыр жүктер мен көрерменнің жүрегін қозғайтын «Соңыра» драмасы туралы.
19 қарашада «Соңыра» фильмінің премьерасы өтеді. Осыған орай ELLE Kazakhstan актриса әрі продюсер Дариға Бадықовамен тілдесіп, жаңа туынды, оның түсірілімі, Қаламқас рөлі және комедиядан драмаға ауысуы туралы әңгімелесті.
ELLE: Дариға, «Соңыра» фильмінің идеясы қалай пайда болды? Неге жаңа туындыңыздың негізгі тақырыбы ретінде күн сайын өміріне қауіп төнетін құтқарушылар мамандығын таңдадыңыз?
Дариға Бадықова: Тақырып о бастан құтқарушы әйелге негізделген еді… Кейін сценаристтер қосылған соң түрлі интерпретеция ұшырады. Кейін жұмырланып, тек құтқарушылардың оқиғасы емес, түрлі өмір өмірлік оқиғалардың жиынтығы, құтқарушыларды да құтқару керек, олардың да өз үйінде өртке айналған проблемалар бар екенін көрсеткіміз келді!
ELLE: Осындай мағынадан бастау алған туындыға сирек қолданылатын «Соңыра» сөзін атау етіп таңдадыңыздар. Бұл сөздің қандай мағынасын көрерменге жеткізгіңіз келеді? Неліктен дәл осы атауға тоқталдыңыздар?
«Біздің әр картинамыз — қоғамның айнасы»
Дариға Бадықова: Фильмнің атауы «Соңыра» болуы да тегін емес. Шығармашылық топпен қазақ тілінің байлығын танытып, сирек қолданылатын сөздерді көпшілікке қайта ұсынуды көздедік. «Соңыра» — сол мақсатта таңдалған атаулардың бірі. Соңыра — бәрі кеш, кеш қалу деген мағынаны білдіреді… Фильмді тамашалаған көрермен бұл сөздің салмағын түсінеді.(Фильмнің продюсері әрі актері Олжас Абай әр туындының қоғаммен байланысты ерекше мән береді. «Біздің әр картинамыз — қоғамның айнасы», - дейді Олжас Абай).
ELLE: Көрермен сізді көбіне комедия жанры арқылы танығанын ескерсек, «Соңыра» — терең драмалық туынды. Бұл жанрға ауысу сіз үшін қаншалықты қиын немесе қызықты болды?
Дариға Бадықова: Жанр ауыстыру дегеніңіз орынсыз. Себебі, бұған дейін мен және біздің шығармашылық ұжым «Ыстық ұя» драмасын көрермен назарына ұсынған еді. Сондықтан драма бізге таңсық емес. Аталмыш картина қазақ кино индустриясында кассалық жиында көш бастап қана қоймай, көрерменнің де ыстық ықыласына бөленді. Қай жанр болсын, көрерменге жеткізу оңай емес. Кезекті туындымыз «Ыстық ұя» туындысынан да мықты! Соңыра — жүректерді қозғайды…
ELLE: Фильмнің басты ерекшелігі — мұнда бір ғана басты кейіпкер жоқ, әрқайсысының өз оқиғасы мен тағдыры бар. Осындай бірнеше оқиғадан тұратын сюжетті құру идеясы қалай пайда болды және сіз сомдайтын өрт сөндіру бөлімінің басшысы Қаламқастың мінезінен нені байқадыңыз?
Дариға Бадықова: Қаламқастың мықты тұсы да, осал тұсы да — оның жауапкершілігінде. Ол кішкентай қалада өзінен бөлек адамдардың да тағдырын ойлап, кейде тіпті жақын емес адамдар үшін де жауапкершілікті өз мойнына алады. Біреуді қорғаштаймын деп, өзіне тым көп жүк артып алады. Кейде көтере алмайтын жүкті де көтеруге тырысады. Меніңше, оның батырлығы да осында. Ол тек өз жұмысынан қорықпайтын адам емес, қиын сәтте біреудің жауапкершілігін де арқалап кететін адам. Бірақ дәл осы қасиеті кейде оның осал тұсына айналады.
«Мен бір әулетті алға сүйреп жүргеніме де аз уақыт болған жоқ»
ELLE: Бұл жағдай фильм синопсисіндегі «Құтқара отырып, өз өмірімізді ұмыт қалдырмаймыз ба?» деген терең әрі жеке сауалмен үндеседі. Бұл ой сізге жеке адам ретінде қаншалықты жақын?
Дариға Бадықова: Мен әлі құтқарушымын! Бұл да менің рөлім! Жасыратыны жоқ мен бір әулетті алға сүйреп жүргеніме де аз уақыт болған жоқ. Кейде біреуді құтқарамын деп, өзіңді, өз қалауыңды, өз өміріңді кейінге ысырып қоятының бар. Сондықтан Қаламқастың осы тұсы маған өте таныс. Адамдарға көмектесу жақсы, бірақ сол жолда өз өміріңді ұмыт қалдырмау да маңызды.
ELLE: Өзгелердің мүддесін өз мүддесінен жоғары қою және қоғамдағы «жұрт не дейді?» деген түсінік осы мәселені өршіте түседі. Сіздіңше, ерлік пен адамның өзін құрбан етуінің арасындағы шекара қай жерде?
Дариға Бадықова: Меніңше, шекара адам өзін ұмыта бастаған жерден өтеді. Адам үнемі өзгелер үшін өмір сүріп, өзінің қалауын, қажеттілігін, тіпті өз өмірін кейінге ысыра берсе, оның ішінде біртіндеп ішкі катастрофа басталады. Ерлік жасау мен өзін құрбан етудің екі бөлек ұғым екенін түсіну керек. Ерлік — біреуге көмектесу, жауапкершілік алу. Ал құрбандыққа айналған сәтте адам өзін жоғалта бастайды. Меніңше, адам ең алдымен өзін сақтап, өзін алға қоя білуі керек. Содан ғана өзгеге көмектесіп, жауапкершілікті бөлісе алғаны дұрыс.
ELLE: Осыдан барып туындайтын «кейінге қалдырылған өмір» синдромы — бақытты бүгін емес, ертеңге қалдырып, сол «соңыраға» жете алмай жүру. Бұл — бүгінгі қоғамның дерті, бақытын үнемі кейінге қалдыратын адамға қандай кеңес берер едіңіз?
Дариға Бадықова: Меніңше, әр нәрседен кеш қалмау керек. Қазіргі өміріңді «кейін» деп жүріп, байқамай өткізіп алмау маңызды. Кей дүниелерге шыдамсыздық танытуға кеңес берер едім. Біз шыдамсыздықты көбіне жаман қасиет деп қабылдап үйренгенбіз. Бірақ кейде ол адамды алға жылжытатын мотор. Істі созып жүрмей, тезірек аяқтауға, әрекет етуге, құр қарап отырмауға итермелейді. Тек осы жерде бір қызық тепе-теңдік бар: жұмыста шыдамсыз болу керек шығар, ал жеке өміріңде шешілмей тұрған түйіндерге сабырмен қараған дұрыс. Ең бастысы өз өміріңді кейінге қалдырмау. Бақытты да, өмірді де «соңыраға» ысырып қоя бермеу керек.
ELLE: Мұндай терең эмоциялар мен ауыр мамандықты экранға алып шығу үлкен күшті талап етті. Түсірілімнен есіңізде ерекше қалған немесе эмоционалды тұрғыдан ең ауыр болған сәт қайсы?
Дариға Бадықова: Есімде ерекше қалған сәт — баллонның жарылысы. Сол кезде «Адам осылай да өмірден өтуі мүмкін екен ғой» деген ой келді. Өліммен бетпе-бет келгендей күй кештім. Осы фильмге дейін бұл мамандықтың қаншалықты ауыр екенін толық түсінбеген екенмін. Жанкештілікпен атқарылатын мұндай жұмысқа екінің бірі бара алмайды. Оған физикалық күш қана емес, рух пен батылдық қажет. Мен бір нәрсені байқадым: қазір жастардың бұл мамандыққа келуі де оңай емес. Өйткені бұл тек физикалық тұрғыдан емес, психологиялық тұрғыдан да өте ауыр қызмет. Осы рөлден кейін құтқарушыларға деген құрметім бұрынғыдан да арта түсті. Олар шын мәнінде, көзге көріне бермейтін батырлар.
ELLE: Барлық осы жүрекпен атқарылған жұмыстың нәтижесін 19 қарашада көрермен қауым көреді. Премьераны қандай көңіл-күймен күтіп жүрсіз, фильмнің көрермен жүрегінен орын алғаны сіз үшін нені білдіреді?
Дариға Бадықова: Шынымды айтсам, қазір алдын ала ештеңе айта алмаймын. Қобалжуым басым. «Соңыра» көрерменнің жүрегін тербесе екен деймін. Әр көрермен осы фильмнен өзіне жақын бір сезімді, бір ойды тапса екен. Бірақ бір нәрсені жасырмаймын: осы 20 жылға жуық кино кеңістігінде жүргеннен кейін мен халықтың махаббатын шынымен сезінемін. Көрерменмен арамызда бір ерекше, тіпті тылсым байланыс бар сияқты. Менің артымда мені қолдайтын, әр ісіме шын жүректен тілекші болып жүретін үлкен жанкүйерлер армиясы бар екеніне сенемін. Солардың сенімі маған күш береді. Сондықтан бұл премьераны үлкен үмітпен әрі жүрек толқынымен күтіп жүрмін.
ELLE: Және сұхбатымызды қорытындылай келе: егер бүгінгі Дариға Бадықова — продюсер, үлкен драмалық фильмнің премьерасы қарсаңында тұрған адам — киноға енді ғана қадам басқан өзіне бір ауыз сөз айта алса, қандай сөзбен қолдау көрсетер еді?
Дариға Бадықова: Мен өзіме: «Уайымдама, әркім түбінде өз еңбегіне сай нәтижесін алады. Ең бастысы — тоқтама, еңбектенуден қорықпа және өзіңе сен. Бүгінгі жетістігің-кешегі төккен теріңнің нәтижесі» дер едім…
Фото: Instagram