«Оған тек хайп керек болды»: Он тәулік жазасын өтеп шыққан Асқар Жұмабек дауласқан қызға ашуланды

Түсірілім кезінде әріптесіне қол көтермек болды деген айыппен 10 тәулікке қамауға алынған Асқар Жұмабек бостандыққа шыққаннан кейін мәлімдеме жасады.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 03 апреля 2026, 14:05
Асқар Жұмабек
Instagram: @askarzhumabeqov

Актер әлеуметтік желідегі парақшасында бейнежазба жариялап, бір жылдан астам уақыт бірге жұмыс істеген дүкен өкілдеріне наразылығын білдірді. Оның сөзінше, қарсы тарап болмашы жағдайды әсірелеп, оны көпшілік алдында жаман жағынан көрсеткен.

«Мені қызды ұратын, тебетін адам ретінде көрсетті. Жарайды, солай-ақ болсын», –

деді ол.

Өнер иесі өзін адал адам санайтынын айтып, мінезінде қызбалық барын жасырмады. Сонымен қатар, жанжал болған бойжеткенге тек танымалдық қажет болды деп есептеп, оған қол көтерді деген айыпты жоққа шығарды.

«Егер ол адам менің кешірім сұрағанымды қаласа, бұлай желіні шулатпас еді. Бірақ оның да өтірік айтқан тұстары бар. Біріншіден, мені оятқанына рақмет айттым. Екіншіден, иә, боқтадым, ұрыстым, бірақ мен оны тепкен жоқпын. Бұған қоса, мен сол күні кешке кешірім сұрау үшін хабарластым, бірақ ол көтермеді. Егер ол “Асқар екеуміз ұрысып қалдық, бір-бірімізге балағат сөздер айттық” десе түсінер едім», –

деді ол.

Актердің айтуынша, ол балағат сөз үшін емес, қоғамдық тәртіпті бұзды деген себеппен әкімшілік жазаға тартылған. Сондай-ақ, оқиға кезінде тек өзі ғана кінәлі ретінде танылғанына наразы екенін жеткізді.

«Ол қоғамдық орында мен жалғыз тәртіп бұзған екенмін. Студияға кіріп, өзіммен-өзім ұрсысып, адамдардың мазасын алыппын. Оған тек хайп керек болды. Менің атымды кірлету арқылы өзін сүттен ақ, судан таза, пәк қылып көрсеткісі келді», –

дейді актер.

Сөзінше, сотта судья бұл істің қоғамда үлкен резонанс тудырғанын ескеріп, оны 10 тәулікке қамауға алу туралы шешім қабылдағанын түсіндірген. Әйтпесе, бұл жағдай айыппұлмен шектелуі мүмкін болған.

«Ол(Айнұр Нарзиева) сотта “Біз Асқар ағамен ұрысып қалдық, маған боқтады” дейді. Бірақ “Мен боқтадым, екеуміз де бір-бірімізге балағат сөздер айттық” деп айтпайды, мені ғана боқтағандай етіп көрсетті. Сөйтіп, мен “Артық сөйлеп, көңіліңе тисем, кешірім сұраймын. Анаңнан да кешірім сұраймын” дедім. Халықтың алдына шығып кешірім сұрау туралы әңгіме болған жоқ, сұрамаймын да», –

деді өнер иесі.

Асқар Жұмабек жазасын толық өтегенін айтып, алайда жанжалға екінші тараптың да қатысы бар екенін алға тартты.

«Мен өз жазамды өтеп шықтым. Қаласаңыздар, мен де қоғамды шулатып, ол қызды жапқызайын. Мен де сол қыздың дәрежесіне түсейін. Ана жаққа он күнге барып, көріп келсін. Халық болып, “иә” десеңіздер, мен де сол нәрсені істеймін. “Жоқ, Асқар, оның дәрежесіне түсіп қайтесің” десеңіздер, әрқайсыңыздың пікіріңізді тыңдаймын», –

деді ол.

Кейін актер тағы бір жазба жариялап, бұл ойынан бас тартқанын мәлімдеді. Ол мұндай шешімге көпшіліктің пікірін саралай келе келгенін айтты. Өнер иесі жанжалға жауап ретінде қарсы әрекет жасау дұрыс емес екенін атап өтті.

«Ит мені тістеді екен деп, мен де барып итті тістесем, одан айырмашылығым не?» Бәрін бір жаратқанға тапсырдым, осымен бұл жағдайды өзім үшін жаптым», –

деп жазды ол.

Фото: Instagram

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше