Мархаба Сәби сұхбат
Топ, жилет, қолғап, барлығы Nera Wenera.

Әнші танымал болу үшін оған міндетті түрде продюсер керек деген заман артта қалды.

Қазір тәуелсіз орындаушылар продюсерсіз, қымбат бейнеклипсіз де танымал бола алады. Цифрлы заман барлығын өзгертіп, тәуелсіз музыканттарға және оның тыңдармандарына шексіз мүмкіндік сыйлады. Қазақстан музыкасы бұрын соңды болмаған кезеңді басынан кешіп отыр. Көктемгі гүлдер сияқты күннен күнге шығып, айналаны жарқыратып жатыр. Олардың арасында Мархаба Сәбидің есімі ерекше тұр. «Славянский базар», Diamonds Voice бен Turkvizyon-2015 сияқты музыка байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленген орындаушыны көбісі ешкімге ұқсамайтын дауысы мен терең ойлы өлең жолдары үшін жақсы көреді. Мархаба бірінші рет бұқаралық ақпарат құралдарына осындай үлкен сұхбат берді. Ендеше, ештеңе айтпай-ақ қояйық, өздеріңіз оқыңыздар.   

ELLE: Менің білуімше, сіз жақында жаңа альбом жарыққа шығаруды жоспарлап отырсыз. Ол қандай жанрда болады? Оған қанша ән кіреді?

Ауқымы альбомның көлеміндей, бірнеше сингл, ән дайындалып жатыр.  Бірақ альбом емес. Үнемі экспериментті жақсы көретін адам ретінде, біршама өзгешеліктер, тосын сыйлар болады. Негізі әндерім жарыққа шықпай тұрып ол әндер туралы қандай да ақпарат, анықтама бергенді жөн көрмеймін. Тек жалпылама ол әндердің бағыты жайлы айтсам, өзімнің нағыз ішкі еркіндігіме жеткенімді бейнелейтін әндер болады. Көп ұзамай, жақында өздеріңіз тыңдап бағалайтын боласыздар.

ELLE: Сізбен көптеген әншілер дуэтте ән жазуды армандап жүр. Маған Желтоқсан айтқан, Мархабамен дуэтті армандаймын деп. Сіз бұған қалай қарайсыз? Жоспарда біреумен дуэтте ән жазу бар ма?

Сонша армандайтындай аспандағы ай емеспін деп ойлаймын. Кез-келген ұсынысқа ашықпын. Сол сәтте миымды қозғап, шабытымды шақыратын лайықты материал болса тартынбаймын. Бірақ мойындайтыным ән, тақырып, месседж, тағы да басқа дүниелерге келгенде компромисске келуім қиын адаммын. Дәл қазіргі уақыт дуэт жазу жоспарда жоқ.

ELLE: Көптеген музыканттар Боб Диланды алқаш рет естігенде «музыканың үні, дыбысы осындай бола алатынын білмеппіз» деп жиі айтып жатады. Сізді қандай әншінің музыкасы солай таңқалдырады?

Пандемия кезінде, үйде отырып компьютер құшақтап жатып қалған кезеңде Нина Симон (Америка әншісі, сазгер – ред. ескерту) деген әнші, композитор, музыкантпен таныстым. Шығармашылығының да, өзінің де шынайылығынан, тереңдігінен, еркіндігінен қатты әсер алдым. Нағыз қалыпқа сыймайтын тұлға болған. Қазіргі уақытта маған «таң қалудан» гөрі, өзім «таң қалдыратын» дүние жасау қызығырақ. 

ELLE: Әр әншіде өзінің универсалды үні, дыбысы болады. Саусақтың ізі сияқты. Сіздің музыкаңыздың универсалды үні, дыбысы қандай деп ойлайсыз? Сіздің дауысыңыздың мүмкіндіктерін жиі мақтап жатады. Және де мәтіндеріңіз өте әсерлі.

Менің музыкамның өзек, нүктесі неде екенін өзім де анық дөп басып айта алмаймын. Заман өзгеріп отырады, талғам да ауысып, өзгеріп отырады, яғни адам да өзгереді. Сол сияқты менің шығармашылығымның да даму, өзгеру логикасы бар. Оны менің өнеріме терең үңілетін адамдар байқайды, біледі. Вокал, дауысқа келсек, әншілердің екі типі бар деп ойлаймын: бірінші идея вокалға бағынады, екінші вокал идеяға бағынады. Мен өзімді екінші типке жатқызамын, яғни дауысты құрал деп қабылдаймын. Шығармадағы идеяны әсерлі, жететін жеріне дұрыс жеткізуші маңызды құрал ретінде қараймын.

Мархаба Сәби сұхбат
Топ, шалбар, барлығы Nera Wenera; пəлте Ola Brand.

ELLE: Сіз Батырхан Шүкеновтың «Дождь» әнін қазақша орындадыңыз. «Ғасырлық мұң» деп қазақшаға еркін аударма ретінде ұсындыңыз. Неге дәл осы әнді таңдадыңыз? Сіз үшін Батыр қандай музыкант? 

Ол әнді аудару идеясы Батырхан Шүкеновтың байқауына қатысам деген ойдан басталған. Жәй кавер қылып орындағанша, байқауға қазақша нұсқасын апарайын деп ойладым. Бірақ пандемия басталып, байқау өтпейтіні белгілі болғасын, аударылып дайындалып қойғандықтан бос жатпасын деп жарыққа шығардық. Архат деген домбырашы досымыз әдемі сүйемелдеп берді. Батырхан Шүкеновты халықтың көңілінен ойып өз орнын тапқан музыкант деп білемін. 

ELLE: Сіз кез-келген жерде өлең жолдарын немесе музыканы жаза аласыз ба? Әлде сізге арнайы атмосфера, жағдай қажет па? Өлең жолдарын жазу, кейін оған әуен, музыка жазу процессі қалай өтеді?

Ән жазу процессі маған әдет сияқты болып кеткендіктен кез-келген жерде жаза беремін. Ән жазу үшін ай толып, күн тұтылуы міндет емес. Бәрі мидың ішіндегі сана мен эмоция араласқан процесстен туады. Ең бастысы қасымда телефон болса болды, диктофонға жазып аламын. Әдетте менде ән көңіл-күй, вайб, толқыннан туындайды. Әннің ең негізгі, дәмді бөлшектерінде ән мен сөз бірге шығады, ары қарай құрастыру, қиыстыру, келістіру сияқты анализ процессі жүреді.

ELLE: Сіздің жұбайыңыз сіздің кейбір әндеріңізге мәтін жазады. Сіз музыкасын жазасыз. Сендер сондай шығармашылық жұп болып қалай біріктіңіздер? Сіздер бірден бірге музыка жаза бастадыңыздар ма, әлде ол сізге қызығып, уақыт өте келе музыкаға кірісіп кетті ма?

Ия, жұбайым Сәкен екеуміз шағын өнер командасымыз десек болады. Әу бастан бізді өнер табыстырды. Алғаш кездесіп жүргенде караокелерде тамақ қарлыққанша ән айтып, караокелер жабылғанда ғана қайтатынбыз. Сонымен әлі тамақ қарлыққанша ән айтып жүрміз. Ол кейде өзіне қатты ұнаған әндерге мәтін жазады. Және біздің командада үшінші адам бар, ол Ілияс Төлеу, қайын інім. Ол аранжировка, саунд жағына қарайды. Өнерді бастағаннан осы құраммен біргеміз.

Мархаба Сәби сұхбат
Топ, шалбар, барлығы Nera Wenera; пəлте Ola Brand.

ELLE: «Ұнайды маған» – 2015-ші жылдың ең үздік әні. Кәдімгі хит болды. Сіз бұл ән сондай танымал болып, тыңдаушылардың көңілінен шығады деп ойладыңыз ба? Негізінде хит әндерді бірден сезесіз ба? Менің білуімше, қазір қай ән хит болады, ал қайсысы болмайтынын жоспарлау қиын.

«Ұнайды мағанның» кішігірім тарихы бар. Ол әнді басында бір топқа сатып жібердік. Сосын уақыт өте қимай кері қайтара сатып алдық. Хит болатынына сенім көбірек болды. Бірақ ол ән бірден хит болмай ұзақ уақыт жылжыды, ақыры бүкіл халық танитын әнге айналды. Потенциалды хит әндерді сезуге, түсінуге болады. Бірақ дөп басып айту қиын. Хит қуалаған әнші болған қиын, зорығып қалуың мүмкін. Жоғарғы сападағы өнер өз тыңдаушысын қашан да табады. Оны көпшілік тұтынатын дүниеге айналдыру әр әншінің өз ебіне байланысты деп ойлаймын.

ELLE: Қазақстан музыкасындағы жаңа кезең, жаңа толқын. Кейбіреулер қазір қазақ музыкасының ренессансы болып жатыр дейді. Бұл құбылысқа, қазір шығып жатқан әншілерге қалай қарайсыз? Қазіргі музыка мен 2000-шы жалдардағы музыкамен салыстырғанда ерекшеліктері өте көп.

Кез-келген құбылысқа баға беру үшін белгілі уақыт өтуі керек деп ойлаймын. Музыкада соңғы жылдары көп өзгеріс болғаны анық. Бірақ нақты бағасы бәрібір уақыт өте беріледі. Қазір музыка қол жетімді тауарға айналды. Компьютер мен микрофон болса болды. Арзан тауардың тұтынушылары қашан да көп болады. Соған орай сапасы да нашар болатыны түсінікті. Адамның ең жеңіл эмоциялары болады ғой жылау, күлу, ашулану сияқты. Сол жеңіл эмоцияларды қытықтап, көпшілік түсінетін логика шеңберде ән жазсаңыз хит болу мүмкіндігі артыңқырайды. Қалай болғанда да нарық музыканың бет-бейнесін жасамай қоймайды. 2000-шы жылдары жақсы музыка да болды, нашар музыка да болды. Қазіргі уақытта да сол, сапалы да музыка бар, сапасыз да музыка бар. Бір ғана айырмашылық қазір инди, «тәуелсіз» бағыттағы музыка бар деп айтуға болады.

ELLE: «Әдемілік іздеймін бұл әлемнен әрдайым» деген өлең жолдарыңыз бар. Қазір осындай тыныш емес заманда, уайымға толы заманда әдемілікті қандай заттардан іздеуге тырысасыз?

Әдемілік адамның ішінде болуы керек деп ойлаймын. Жан дүниесі әдемі адамдар бар жүрген жерін гүлдендіретін, жан дүниесі қорқынышты адамдар бар жүрген жерін жансыз шөлге айналдыратын. Заманымыздан мұң ессе де, мән жоғалтып алғым келмейді.

ELLE: Сіз басқа әншілермен салыстырғанда өте жабық адамсыз. Сәкен Майғазиев сізді Жұмбақ әнші деп атады. Сұхбат бермейсіз, түрлі шараларға қатыспайсыз, шоу-бизнестегі әріптестермен аса араласпайсыз. Неліктен солай?

Мен табиғатымнан интроверт адаммын. Өзім сөйлегеннен гөрі, тыңдап, көбірек үйреніп, көбірек зерттеп, түсінгенді ұнатамын. Бірақ талғап болсын шараларға қатысамын, әріптестермен жұмыс бабымен араласып та қаламыз. Сұхбаттарға, экранға жиі шықпайтын себебім сөйлеуге ерінем, айтатын дүниелерімді өнеріммен айтқанды ұнатамын. Бірақ қазіргі уақыт белсенділігімді біршама арттырып жатырмын. Сіздерге сұхбат беру себебім де сол. 

ELLE: Әлеуметтік желіде сіздің кез-келген бейнеклипіңізді немесе фотоңызды ашып қалсақ, ол жерде сіздің стиліңізді мақтайтындар көп кездеседі. Сізді ең стильді әншілердің бірі деп жатады. «Музыкасының стилі ерекше, өзінің де стилі ерекше» деген сөздер айтылады. Сіздің стиліңіз қалай қалыптасты? Неге стиліңіздің басты элементі шляпа болды.

Солай санайтындарға рахмет айтамын. Меніңше стиль адамның ішкі талғам-болмысынан, ойлау жүйесі, өмір сүру салтынан бастау алатын дүние. Шляпаны айтсам, мені әнші ретінде ерекшелейтін бір фишка керек болды, ең жеңіл қолайлысы шляпа деп көрдім. Оны қазақша өрнекпен әрлегеннен кейін жан бітті десем болады. 

Мархаба Сәби: «Жоғарғы сапалы өнер тыңдаушысын қашан да табады»
Көйлек Pentatonica.
ELLE: «Жүйе» әні жайында сөйлескім келіп отыр. Сіз сондай саяси әнді шығарып, барлық кемшіліктерді ашық айтқан бірінші әнші болдыңыз. Көпшілік сізді «сыртың бағылан, ішің қабылан арусыз» деп айтты. Халық бұл әнді солай қабылдағанына қалай қарадыңыз?

«Жүйе» әні шығармашылығымның шыңы деп есептеймін. Қарсылық өнерді өнердің төресі деп санаймын. Ол әнім туралы көп айтуға болады. Бірақ ол ән туралы әннің өзі көбірек айта алады деп ойлаймын. 

ELLE: Көбісі тыңдармандар, сарапшылар Мархаба неге әлі күнге дейін супержұлдыз емес деген сұрақты жиі қояды. Олардың пікірінше, сіз принциптеріңізді ешқашан өзгертпейсіз, әрқашанда шынайы, барлығына қатарынан ұнағысы келмейтін әншісіз. Ал қазіргі таңда нағыз шынайлылықты әр адам түсіне бермейді, бағалай бермейді. Сондай пікірмен келісесіз бе?

Супержұлдыз емес екеніме келісемін. Жалпы тыңдарман-аудиториямның ауқымын кеңейту үшін алдағы уақытта біраз жоспарларымыз бар. Өмірде бәрі таңдаудан тұрады деп ойлаймын, шынайылығыңды жоғалтпай, прициптеріңді құлатпай да үлкен жетістікке жетуге болады деп есептеймін. Тіпті керісінше айтар едім, үлкен жетістікке жету үшін бастысы өз болмысыңды жоғалтып алмау керек. Тек жолын табу керек.

ELLE: Әртістердің Қазақстандағы жағдайы сіздің көңіліңізден шығады ма? Мәселен, АҚШ-та әртістердің құқығы сақталады. Бізде болса әртістер қорғансыз. 

АҚШ-та әртіс тұрмақ ит-мысықтардың да құқығы қорғаулы деп ойлаймын. Бізде жалпы адам құқығы қиын күйде екені бәрімізге белгілі. 

ELLE: Қазіргі жастардан біздің отандық эстрададан кімнің шығармашылығына сүйсініп қарайсыз, ұнатасыз?

Ұнайтын жастар көп, біреуінің дауысы, біреуінің болмысы, біреуінің бір әні дегендей, бөліп жарып айта алмай тұрмын. 

Мархаба Сәби: «Жоғарғы сапалы өнер тыңдаушысын қашан да табады»
ELLE: Егер сіз ән болсаңыз, қандай ән болар едіңіз? Өзіңізді қандай музыкамен елестетесіз?

Баяу ырғақты, қоңыр салқын мелодиясы бар, жұмсақ, жұмсақ та болса зілді ән ретінде елестетемін өзімді. Өте ұзақ ойнайтын ән елестейді.

ELLE: Музыканы ұлы шипагер, емші деп айта аласыз ба? Музыканың адамға деген әсері ерекше. Кез-келген уайымдарды, күйзелістерді емдей алады. Сізге музыка емдік қасиетін береді ме?

Мен үшін музыка сүйікті хоббиім, кәсіби жұмысым. Музыка менің рухани кеңістікте ең сүйікті коммуникация құралым. Өнер толық болу үшін өнерді «жеткізуші» мен «қабылдаушы» бір деңгейде сезіну керек. Сондай байланыс орнағанда әнші мен тыңдаушы арасында туыстардан да жақын жылы сезім орнайтын кездер болады. 

Сауалнама

Бойыңыздағы қай қасиетті жек көресіз, ұнатпайсыз? 

Жек көретін қасиеттерімді күресіп жеңген сияқтымын. Дәл қазір ондай үлкен жек көретін қасиетім есіме түспей тұр. 

Сізді не ашуландырады?

Кейбір өмірлік жағдайлардағы шарасыздық. 

Сіздің ішіңіздегі тепе теңдікті не бұза алады?

Сатқындық. 

Бес жылдан кейін қандай болғыңыз келеді? Өзіңізді қандай адам болып көресіз?

Спотифайда 3 млрд. стрим жинаған әннің орындаушысы, авторы ретінде көремін өзімді.

Ұят ұғымы біздің ел үшін зиян ба әлде пайдалы ма?

Ұят деген ұғымның пайдасын немесе зиянын талқылап үлкен нәрсеге айналдыру көбірек зиянды деп ойлаймын. 

Қазіргі таңда әлемдегі ең үздік әртіс? Музыка саласында.

Кумирлар тез ауысып, тез құбылып жатқан заманда айта алмай тұрмын. 

Ойланбай жасаған, ең ақылсыз әрекетіңіз қандай болды?

Студент кезімде ақымақтықпен Qnet дегенге несие алып кіріп кеткенім болды. Бірақ соның арқасында пістім, үш жыл ана жұмыс, мына жұмысты істеп жүріп кредиттен құтылдым әйтеуір.

Бос уақытты қалай өткізесіз?

Екі аптада, үш аптада бір рет өзім жалғыз қалып, кино көріп, вино алып жалғыз демалғанды жақсы көремін. 

Қандай нәрсеге өкінесіз?

Мен мәңгі өмір сүре алмайтынымызға өкінемін.

Неден қорқасыз? Сізде қандай қорқыныштар бар?

Ештеңені уысымызда мәңгі ұстай алмайтындықтан ештеңеден қорқудың қажеті жоқ деп шештім. Сондықтан ештеңеден қорықпаймын.


Сұхбат: Динара Серікпаева
Фото: Ардақ Сəтбаева
Стиль: Ажар Құдайбергенова
Мейкап: Ырысалды Əбдікəрімова @balla.beautystudio Шаш үлгісі: Маржан Қабаева @balla.beautystudio

Поделиться: