Мақпал Жүнісова
Instagram: @zhunusova.makpal

Қазақстанның танымал әншісі Мақпал Жүнісова мен FlyArystan әуекомпаниясы арасында дау туды. Оған «Семей — Алматы» рейсіне домбырамен кіруге рұқсат берілмей, қиындық туындаған.

Бұл туралы Жүнісова Instagram парақшасында мәлімдеді. Әншінің айтуынша, ұшаққа кіру үшін «айқайлап, жанжал шығарып» қиындықпен өтуге тура келген. «Аты-жөні жоқ, домбыра екенін еш жерде жазбаған. 59 мың теңгеге өткіздік әйтеуір, айқайлап жүріп… мені үшінші рет осылай қорлап отыр», — деді ол.

FlyArystan әуекомпаниясы әншінің шағымына жауап ретінде багаж тасымалдау ережелері туралы еске салды. Қол жүгінің салмағы 5 кг-нан аспауы тиіс, ал өлшемі – 56x23x36 см болуы керек. Осы талаптардан асып кеткен жағдайда қосымша орын сатып алу қажет. Әуекомпания өкілдері бұл ережелер барлық жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесетінін атап өтті.

«Біз өнер саласының барлық өкілдерін құрметтейміз және домбыраның біздің халық үшін қасиетті маңызын жоғары бағалаймыз. Бірақ, домбыраның мөлшері қол жүгінің стандартты өлшемдеріне сәйкес келмейді, сондықтан жолаушыға «Музыкалық аспапты тасымалдау» қызметін (жолаушының қасына қосымша орын сатып алу) рәсімдеу қажет»,

деп түсіндірді лоукостер өкілдері.

Фото: Instagram

Поделиться: