KeshYOU қыздары жаңа дәуір, тарихи концерт және үлкен жоспарлар туралы

«Біз KeshYOU тарихын жалғастырып қана қоймай, оның жаңа тарауын жазып жатырмыз».

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 23 июня 2026, 13:55
КешYOU қыздары
Фото: Danil Yaroshuk

Биыл KeshYOU үшін ерекше жыл болды. Қазақстандық шоу-бизнестегі ең танымал әрі ең ұзақ ғұмырлы гёлз-бендтердің бірі 20 жылдық мерейтойын ауқымды концертпен атап өтіп, мыңдаған көрерменді бір алаңда тоғыстырды. Бұл кеш топтың тарихындағы маңызды белес қана емес, жаңа кезеңнің басталғанын да аңғартты.

Мерейтойлық концерттен кейін KeshYOU-ге деген қызығушылық бұрынғыдан да арта түсті. Қазіргі құрамдағы Диана, Сагдиана және Камила ELLE Kazakhstan-ға берген эксклюзив сұхбатында тарихи кештің әсері, құрамдағы өзгерістер, көрерменмен байланыс және алдағы жоспарлар туралы әңгімеледі.

ELLE: Соңғы уақытта ең көп талқыланған тақырыптардың бірі — KeshYOU тобының 20 жылдық мерейтойлық концерті. Кештен кейінгі әсерлеріңмен бөліссеңдер?

Камила: Шынымды айтсам, бұл менің өмірімдегі ең ерекше әрі ұмытылмас күндердің біріне айналды. Концерттен кейін бірнеше күн бойы әсерден арыла алмадым. Осындай қысқа уақыт ішінде еліміздегі тарихи шоудың бір бөлігіне айналғанымды толық сезіну оңай болған жоқ. Бұл — мен үшін үлкен мәртебе және өмір бойы жүрегімде сақталатын естелік.

Диана: Бұл жай ғана концерт емес, отандық шоу-бизнестің үлкен тарихының бір тарауы болды. Сахнаға шыққанда көрерменнің көзіндегі сағыныш пен махаббатты сезіндік. Осындай аңызға айналған жобаның бір бөлшегі болу біз үшін үлкен мақтаныш.

Сагдиана: Бұл концерт мен үшін үлкен мәртебе әрі ұмытылмас тәжірибе болды. Біз тек ән айтып қана қойған жоқпыз, KeshYOU-мен бірге өскен бірнеше буынның естеліктерін қайта жаңғырттық. Осындай ауқымды жобаның бір бөлігі болғаныма өте қуаныштымын.

ELLE: Концерт барысындағы немесе одан кейін ең есте қалған сәт қандай болды?

Камила: Мен үшін ең ерекше сәт — жеке орындаған нөмірім. Әуеде қалықтап тұрып «Туған жер тағдырым» әнін орындадым. Бұл әннің мағынасы да, жауапкершілігі де ерекше болды. Сол қойылым өмірімдегі ең маңызды сәттердің бірі болып қала береді.

Диана: Ең есте қалған сәт — топтың алғашқы құрамынан бастап, барлық қыздардың бір сахнада бас қосып, бірге ән шырқаған сәті. Сахна сыртындағы құшақтасулар, бір-бірімізге деген қолдау, көрерменнің тоқтаусыз шапалағы мен көз жасы... Осының бәрі жүрегімізде мәңгі қалады. Концерт біткен соң да бір-бірімізді жібергіміз келмей, ұзақ уақыт сахна сыртында әңгімелесіп тұрдық.

Сагдиана: Концерт барысындағы ең есте қалған сәт — сахнаға шығып, стадиондағы мыңдаған көрерменнің бізбен бірге ән айтып тұрғанын көру болды. Сол сәтте халық пен сахнаның арасындағы шекара жоғалып кеткендей әсер қалдырды.

ELLE: Сагдиана мен Диананың топқа келгеніне екі жыл болды. Қазіргі құрамдағы KeshYOU-дің ерекшелігі неде деп ойлайсыңдар?

Сагдиана: Менің ойымша, қазіргі KeshYOU-дің басты ерекшелігі — дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімінде. Топ 20 жыл бойы өз стилін, өзіндік қолтаңбасын сақтай отырып, заман ағымына сай дамып келеді.

KeshYOU — сахнадағы энергиясымен, шынайылығымен және кәсіби деңгейімен ерекшеленеді. Ал қазіргі құрамда әр қатысушының өзіндік болмысы мен ерекше харизмасы бар, бірақ біз сахнада біртұтас команда ретінде көрінеміз деп ойлаймын.

ELLE: Көрерменнің алдыңғы құрамдағы қыздармен жиі салыстырғаны көңілдеріңе тимей ме?

Диана: Жоқ, мүлде көңілімізге тимейді. Керісінше, бұл — заңдылық. «KeshYOU» — аты аңызға айналған топ, сондықтан әр құрамның өз тыңдарманы, өз биігі бар. Алдыңғы құрамдағы әпкелеріміз бізге үлкен мектеп, бағыт көрсетіп кетті. Біз олармен жарыспаймыз, біз олар салған сара жолды жалғастырып, топтың тарихына өз қолтаңбамызды қалдыруға тырысамыз.

ELLE: Топтың 20 жылыдық мерейтойы аясында жарық көрген деректі фильмде ашық әңгімелер қозғалып, қыздар арасында кикілжіңдер жиі туындағаны айтылды. Өзара түсініспеушіліктерді қалай шешесіңдер?

Диана: Шығармашылық бар жерде, жұмыс барысында пікір қайшылықтарының болуы заңды. Деректі фильмде бәрі шынайы көрсетілді. Бірақ біз кез келген түсініспеушілікті іште сақтамай, бірден ашық сөйлесу арқылы шешуге тырысамыз. Ең бастысы — біздің мақсатымыз бір. Ортақ істің сапасы үшін кейде қызу талқылаулар болып тұрады, бірақ ол біздің достығымыз бен сыйластығымызға нұқсан келтірмейді.

Сагдиана: Кез келген шығармашылық ұжымда түсініспеушіліктердің болуы — қалыпты жағдай. Әсіресе, бәрі бір мақсатқа жұмыс істеп, көп уақытын бірге өткізгенде әр адамның мінезі, көзқарасы мен эмоциясы әртүрлі болады.

Менің ойымша, ең маңыздысы — мәселені іште сақтамай, ашық сөйлесе білу. Өзара құрмет, бір-бірін тыңдау және ортақ мақсатты ұмытпау кез келген түсініспеушілікті шешуге көмектеседі.

ELLE: Ләззат мерейтойлық кеште соңғы рет топ құрамында өнер көрсетті. Көрермен жаңа құрамға тез үйрене ала ма?

Камила: Әрине, уақыт қажет болады. Бірақ біз көрерменге өзіміздің жаңа қырымызды көрсетіп, жаңа естеліктер сыйлауға тырысамыз.

Диана: Ләззаттың топ тарихындағы орны ерекше. Біз оған тек сәттілік тілейміз. Ал жаңа құрамның да өз тыңдарманын табатынына сенемін.

Сагдиана: Кез келген өзгеріске уақыт керек. Бірақ KeshYOU әрқашан жаңарып отырған жоба. Біз көрермен сенімін ақтау үшін бар күшімізді саламыз.

ELLE: Камила, гёрлз-бендке қалай тап болдың? Дебютке дейін қанша уақыт дайындалдың?

Камила: Бұл мен үшін күтпеген мүмкіндік болды. Instagram желісінде кастинг туралы хабарламаны көріп, өзімді сынап көруге бел будым. Кейін тыңдалымнан өтіп, топ құрамына қабылдандым. Бастапқыда резервте болдым, бірақ концертке аз уақыт қалғанда негізгі құрамға қосылдым. Дайындыққа небәрі бір ай уақыт болды. Сол уақыт ішінде әндерді де, хореографияны да меңгеріп үлгердім.

ELLE: Шоу-бизнесте KeshYOU-дің прайм кезеңі басталғандай әсер бар. Келісесіңдер ме?

Диана: Толықтай келісеміз! 20 жылдық мерейтой мен деректі фильмнен кейін топқа деген қызығушылық жаңа деңгейге көтерілді. Қазір бізде үлкен шабыт, жаңа идеялар мен жоспарлар өте көп. Бұл — біздің жаңа тынысымыздың ашылған шағы, нағыз жаңа дәуіріміз енді басталды десек те болады.

ELLE: Продюсердің сендерге қоятын ең негізгі талаптары қандай?

Сагдиана: Продюсеріміздің бізге қоятын ең басты талаптары — тәртіп, жауапкершілік және кәсібилік. Өйткені үлкен командада жұмыс істегенде әр адамның өз міндетіне ұқыптылықпен қарауы өте маңызды.

Бізден тек жақсы өнер көрсету ғана емес, әрдайым өзімізбен жұмыс істеп, жаңа деңгейге ұмтылу талап етіледі.

ELLE: Сендердің ойларыңша, KeshYOU репертуарындағы бағаланбай қалған ән қандай?

Сагдиана: Кейде көрерменнің назары ең танымал хиттерге көбірек ауып кетеді, ал кейбір композициялар уақыт өте келе ғана қайта бағаланады. Біз үшін әр әннің өз орны бар, себебі олардың әрқайсысы белгілі бір кезеңнің көңіл күйін, тәжірибесін және эмоциясын алып жүреді.

Менің ойымша толық ашылмай қалған ән, мүмкін «Сары дала» әні — өте әдемі, мазмұны терең, вокал жағынан оңай емес ән, бірақ тыңдарманның назарынан сәл бөлініп кеткен деп ойлаймын.

ELLE: Топтың шығармашылық бағытын таңдауда қыздардың өз пікірлері қаншалықты ескеріледі?

Камила: Менің ойымша, топтың шығармашылық бағытын таңдауда әр солистің пікірі ескеріледі. Себебі әрқайсымыздың көзқарасымыз, талғамымыз бен идеямыз әртүрлі, ал бұл шығармашылық процеске жақсы әсер етеді. Біз үшін әр дауыстың маңызды болғаны құнды. Әрине, соңғы шешім музыкалық продюсер тарапынан қабылданады, бірақ қыздардың ұсыныстары мен ойлары да назардан тыс қалмайды. Меніңше, осындай өзара түсіністік пен қолдау команданы одан әрі күшейте түседі.

Диана: Біздің топта бұл процесс өте жоғары деңгейдегі өзара сыйластық пен сенімге негізделген. Баян Мақсатқызы — жай ғана продюсер емес, отандық шоу-бизнестің бағытын айқындап отырған нағыз мега-кәсіби маман, үлкен стратег. Ол кісінің талғамы, көрегендігі мен интуициясы жылдар бойы дәлелденген. Сондықтан біз шығармашылық бағыт бойынша продюсеріміздің шешімдеріне толықтай сенеміз.

ELLE: Алдағы жоспарларың қандай?

Камила: Біз KeshYOU-ді халықаралық деңгейде танытқымыз келеді. Сонымен қатар жаңа хиттер шығарып, үлкен сахналарды бағындыруды мақсат етеміз.

Диана: Қазір жаңа әндер жазылып жатыр. Сонымен қатар жаңа бейнебаяндар мен гастрольдік сапарлар жоспарланған.

Сагдиана: Біз үшін ең маңыздысы — тоқтап қалмау. Алдағы уақытта жаңа жобалар, жаңа образдар және көрерменді таңғалдыруға арналған көптеген тосынсыйлар күтіп тұр.


KeshYOU (@keshyou_official)

Photographer: Danil Yaroshuk (@yaroshuk)

Stylist: Zhanaidar Zhenisbekov (@zhanaidar_)

Stylist Assistant: Altynay Abdikadir (@6naaay)

Photography Assistant: Danila Rebro (@rebrodanila)

Makeup Artist: Aliya Irzhanova (@alkaponya_makeup)

Hair Stylist: Alikhan Nildibay (@atamas_hair)

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше