Джеки Чан Алматыға келді

Атақты актер Джеки Чан «Armour of God: Ultimatum» фильмінің түсіріліміне қатысу үшін Алматыға келді.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 10 июля 2026, 10:24
Джеки Чан Алматы
Instagram: @madeniet__aqparat__ministrligi

Бұған дейін картинаның түсірілім жұмыстары Маңғыстау облысында жүргізілген болатын.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматыда әлемге әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен халықаралық Armour of God: Ultimatum («Құдай сауыттары 4: Ультиматум») көркем фильмінің ресми тұсаукесер рәсімі өтті.

Салтанатты шараға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ Қазақстан мен шетелдің киноиндустрия өкілдері қатысты.

«Қазақстан мәдениетін әлемдік деңгейде насихаттап, елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қосып жүрген үлесіңіз үшін алғысымды білдіремін. Алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік, шығармашылық табыс тілеймін», –

деді Аида Балаева.

Кездесу барысында Джеки Чан Алматыдағы дарынды жас суретшілермен және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының жас түлектерімен жүздесті.

Белгілі актер жастарға шығармашылық жолында табыс тілеп, үздіксіз ізденіс пен өз ісіне деген сүйіспеншіліктің маңызын атап өтті. Кездесу соңында балалар оған өздері салған портреттерін сыйға тартты.

Министрліктің мәліметінше, жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Қытайдың мемлекеттік China Film Group Corporation кинокомпаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Фильмді қазақстандық және гонконгтік кинокомпаниялар бірлесіп түсіреді.

Түсірілім жұмыстары Қазақстан аумағында 2026 жылдың шілде-қазан айлары аралығында қазақстандық режиссер-қоюшы Роберт Кунның жетекшілігімен өтеді.

Картина халықаралық кең прокатқа шығуға бағытталған. Негізгі түсірілім алаңдары Алматы қаласы, Алматы және Маңғыстау облыстары болады.

Еске салайық, Джеки Чан 2025 жылдың қыркүйек айының соңында да Алматыға келген болатын. Сол кездегі әйгілі актердің сапары қазақстандықтардың ерекше қызығушылығын тудырған еді.


Фото: Instagram

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше