«Борат» бейнесіне байланысты дау: танымал бренд қазақстандықтардан кешірім сұрады

Қазақстандық ерлер киімінің Shokan Suits бренді жас жігіттің «Борат» бейнесіне енетін видеосын әлеуметтік желіден алып тастады.

от Арайлым Ақан
Опубликовано: 27 июля 2026, 10:57
Shokan Suits
Instagram: @sharipov_ulugbek/@shoqansuits

Әлеуметтік желі қолданушылары «Борат» бейнесінің Қазақстан мен қазақ халқына қатысты қалыптасқан кемсітуші стереотиптермен сабақтас екенін айтып, брендтің бұл әрекетін сынға алды.

«Ұлттық намысты қаралым мен трендке айырбастауға болмайды. Бұл әрекетке қатысты үнсіз қалмай, көпшілік алдында пікір білдіріңіздер», –

деп жазды Threads қолданушылары.

Shokan Suits компаниясы даулы видео бірнеше ай бұрын жарияланғанын және қазір өшірілгенін мәлімдеді. Брендтің ресми хабарламасында роликтің мақсаты «Борат» бейнесін хайп үшін пайдалану немесе Қазақстанға, қазақ халқына, ұлттық мәдениетке және мемлекеттік тілге құрметсіздік таныту болмағаны айтылған.

Компанияның негізін қалаушы Ұлықбек Шәріпов бұл жағдайды қателік деп мойындап, видеоның TikTok желісінде сақталып қалғанынан хабарсыз болғанын жеткізді.

«Иә, бұл видео – қателік болды. Біз оны мойындадық, роликті өшірдік және тиісті қорытынды жасадық. Видео алғаш рет ақпан айында жарияланған еді. Оны Instagram-нан көрген бойда бірден өшіруді тапсырдым. Ал TikTok-та қалып қойғанын білмедім», –

деп жазды Ұлықбек Шәріпов.

Оның айтуынша, айтылған сын-пікірді қабылдайды, алайда компанияға қарсы ұйымдастырылған қудалау мен бизнесті жабуға шақыруларды орынсыз деп санайды. Шәріповтің сөзінше, компания қазақстандық брендті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып келеді. Сонымен қатар, бренд жанынан құрылған мектепте әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалардың шамамен 40 пайызы толық грант негізінде білім алады.

Еске салайық, бұған дейін Ресейдің бір топ блогері тойға «Борат» кейіпкерін шақырып, әзіл жасаған болатын. Алайда бұл әрекет қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Себебі аталған кейіпкер Қазақстанды кемсітетін әрі келемеждейтін бейне ретінде қабылданады.

Еске салсақ, бұған дейін ресейлік блогер әрі режиссер Илья Лучкин Қазақстанда 7DAYS брендіне арналған жарнаманы түсіру кезінде ел туралы бастапқы түсінігі «Борат» фильміне негізделгенін мойындаған. Алайда Қазақстанға келгеннен кейін заманауи қалаларды, электр көліктерін және елдің даму деңгейін көріп, өз ойының өзгергенін айтқан.

Бұл пікірлер қоғамда кең талқылауға түсті. Әлеуметтік желі қолданушылары мұндай көзқарасты құрметсіздік деп бағалап, өзге елге жұмыс істеуге келген маман сол мемлекет туралы шынайы әрі объективті ақпаратқа сүйенуі тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, көпшілік ірі халықаралық брендтерді қазақстандық режиссерлермен және креативті командалармен жиірек жұмыс істеуге шақырды.


Фото: Instagram

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше