Енді оған заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу бабы бойынша айып тағылуы мүмкін.
Астана қалалық апелляциялық соты әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.
«Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын, апелляциялық шағымдар қанағаттандырылмасын. Қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енеді», –
деп мәлімдеді судья Жанна Нұрғалиева.
Алқа апелляциялық шағымдарды қарастырып, бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келісті. Онда сыйлықтардың құнын және алынған табысты ескере отырып, блогердің әрекетіне құқықтық баға беру үшін істі алдын ала тергеу органдары қарауы тиіс делінген.
Бұған дейін Эльмира Төлегенованың жұбайы, блогер Ерболат Жанабыловқа қатысты да қылмыстық іс қозғалады деген ақпарат тараған болатын.
Адвокат Жасұлан Рахимғалиевтің айтуынша, қазір қылмыстық істің қозғалатыны туралы нақты айту ерте.
«Тексеру жүргізу — бұл істің біржақты қозғалғанын білдірмейді. Барлық деректерді тексеріп, қылмыстық құқықбұзушылық құрамының бар-жоғын анықтау қажет. Белгілер табылуы мүмкін, бірақ бұл автоматты түрде айып тағылып, жауапкершілікке тартылады деген сөз емес. Мұны тек тексеру көрсетеді», —
деді ол.
8–21 тамыз аралығында Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова 11 автокөліктің ұтысын жариялаған. Қатысушылар тікелей эфир күткен, алайда оларға құны 30 мың теңге тұратын ақылы оқыту курсына сілтеме көрсетілген. Ұтысқа қатысу құқығы тек курс сатып алғандарға ғана берілген. Бұл қоғамда үлкен сынға ұшырап, мемлекеттік органдарға шағым түсірілді. Туризм және спорт министрлігі «ұтыс ойындарын өткізуге және лотерея билеттерін таратуды тек ресми ұйымдастырушылар мен агенттер ғана жүзеге асыра алады» деп ескертті.
2025 жылғы 15 қыркүйекте блогерлер Эльмира Төлегенова мен Ерболат Жанабыловқа қатысты материалдар Экономикалық тергеу департаментіне жолданған. Сот олардың әрекеттерінен қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін анықтаған.
Сот отырысынан кейін блогерлер отбасының адвокаты Олег Чернов қабылданған шешімге шағым түсіретінін мәлімдеді.
Фото: Instagram
Дереккөз: Tengrinews