Сот отырысында адвокат Гаухар Айтжанова Ерболат Жанабыловтың ұстанымын нақтылап, тағылған айыппен келісетін-келіспейтінін сұрады. Жанабылов өз кінәсін ішінара мойындады.
«Мен кінәмді ішінара мойындаймын. 214-бап бойынша кінәмді мойындаймын, ал 218-бап бойынша мойындай алмаймын. Әкімшілік сот болған кезде бізге ештеңе түсіндірілген жоқ, бұл дұрыс емес екені, ережелерді бұзу екені айтылған жоқ. Тек “қол қойма, ертең қылмыстық іс болады” деді. Ал ол кезде Ойын бизнесін реттеу комитетінде болғанымызда, біз қол қоюға дайын едік. Мұның осылай қылмыстық іске ұласатынын білмедім», –
деді ол.
Анықтама: блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы («Заңсыз кәсіпкерлік») және 218-бабы («Қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру») бойынша айып тағылған.
Сөз сөйлеу барысында айыпталушы болып жатқан жағдайдың өзіне ғана емес, отбасына да ауыр тиіп жатқанын эмоциямен жеткізді. Оның айтуынша, ата-анасы, жасы үлкен туыстары мен жақындары қатты күйзеліс үстінде. Олардың кейбірінің денсаулығында қиындықтар бар.
«Мен өзім мен жұбайымның бүкіл халыққа күлкі болуын қаламаймын. Тек біз емес – бүкіл отбасымыз, ата-анамыз қиналып жатыр. Менің анам, әкем, әжем бар, әжем әр апта сайын ауруханаға түседі», –
деді блогер.
Сөз барысында Ерболат Жанабылов көз жасына ерік берді. Осы сәтте сот залында оның жұбайы Эльмира Төлегенова да жылады.
«Жұбайымның тек әжесі ғана бар, ол мүгедек, дұрыс жүре алмайды, жүрегінде ақау бар, ентігуі бар, ауыр жүрек ауруларымен ауырады. Жұбайымның ата-анасы жоқ – тек бір әжесі ғана. Ертең оған бірдеңе болса, оған кім жауап береді?», –
деді Жанабылов.
Айыпталушы өзінің өмір жолы туралы да айтып, ауқатты отбасында өспегенін атап өтті.
«Мен бай отбасының баласы емеспін. 18 жыл жатақханада тұрдым, 13 шаршы метр бөлмеде 6 адам өмір сүрдік. Жұбайыммен де сол жатақханада таныстым. Бізде ештеңе болған жоқ, осы жолды бірге бастадық. Ал қазір бізді біреулер білмеймін, адам өлтіргендей, қылмыскер, алаяқ етіп көрсетті. Қалай қаласа, солай көрсетті. Біз 7 ай бойы үнсіз келдік, өйткені ішімде бәрі жиналып қалған еді», –
деді ол.
Жанабыловтың айтуынша, бұл жағдайдың неге мұндай ауқым алғанын және неге дәл олардың отбасы қылмыстық істің ортасында қалғанын түсінбейді.
«Мен өзімді қылмыскер етіп шығарды деп ойлаймын. Неге дәл біз – түсінбеймін. Бұл біздің аналарымызға, ата-аналарымызға өте ауыр тиіп жатыр. Мүмкін біреудің жолын кескен шығармыз? Менің орнымда кез келген адам болуы мүмкін – бүгін болмаса, ертең. Мұндай жағдайға түсіп, сот алдында тұруды жауыма да тілемеймін», –
деді ол.
Бұған дейін судья Жанабыловқа ескерту жасаған болатын.
Жанабыловтар ісі бойынша сот 16 наурызда Астанада белгілі блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты негізгі сот процесі басталды. Ерлі-зайыптылар сот отырыстары кезінде журналистердің оларды видеоға түсіріп, суретке түсіруіне қарсы болды.
«Менің үлкен балам мектепке барады, оған біздің жеке өмірімізге қатысты орынсыз сұрақтар қойылып жатыр», –
деп түсіндірді Толегенова.
Блогерлердің адвокаты сот процесін жабық режимде өткізу туралы өтініш білдірді, алайда прокурорлар бұған қарсылық танытты. Нәтижесінде сот өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Сондай-ақ сот отырысында Жанабыловтардың адвокаты істі прокурорға қайтаруды сұрады.
Бұған дейін сотта прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайруллаев айыптау актісін оқыған болатын. Онда Жанабыловтар көрсеткен сыйлықтар мен жүлделер қатысушылардың қаражаты есебінен алынғаны, ал жарнамада жүлде қоры ұйымдастырушылардың өз қаражаты есебінен қалыптасатындай әсер қалдырылғаны айтылған. Тергеу дерегінше, блогерлер жобасына байланысты шоттарға 247 миллион 653 мың теңге түскен.
Фото: Instagram
Дереккөз: TengriNews