Бишімбаев пен Нүкенованың некесін қиған имам жауапқа тартылды
Фото: Instagram

2022 жылы 17 қазанда экс-министр Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некесін қиған республикалық бас мешіттің имамы Қанат Қыдырминге қатысты тәртіптік шара қолданылған. Бұл туралы мүфтияттың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Айта кетейік, Бишімбаев пен оның марқұм әйелі Нүкенова заңды түрде некелеспеген. Бірақ, олар екі рет бір мешітке барған және екі рет бір имам мұсылманша некелерін қиып берген. Бұл туралы Бишімбаевтың сотында айтылған.

«Осы азаматтардан және олардың туыстарынан некенің АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етілгенде «жасалу үстінде» деп жауап берген. Сонымен қатар дәстүрге сай екі жақтың ата-аналарының батасы мен рұқсатын алғанын, салт-дәстүр жолымен некесін қиып беруін өтінген. Бұл азаматтардан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті табанды түрде талап етпеген, яғни ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібін бұзған Республикалық бас мешіт имамы Қанат Қыдырминге тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалды»,

деп жазды ҚМБД баспасөз хатшысы.

Еске салсақ, Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды: аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру); қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).

Экс-министрдің ісі Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр.


Фото: Instagram

Поделиться: