Әлеуметтік желілерде сегіз айлық сәбиі қалған жас әйелдің қаза болғаны туралы ақпарат тарады. Жазба авторлары бұған дәлел ретінде марқұмның құрбысымен жазысқан хаттарының скриншоттарын жариялаған.
Айтылған мәліметтерге сәйкес, қайғылы жағдайдан аз уақыт бұрын жас әйел құрбысымен хат алмасып, күйеуімен болған жанжал туралы айтып, жұбайы кішкентай баласына сатып алған «Барни» шоколадты бисквитіне байланысты болған ұрыстан кейін өзін ұрып-соққанын мәлімдеген.
Соңғы хабарламаларында әйел ажырасқысы келетінін айтып, құрбысынан қарызға ақша сұраған.
Айта кетейік, болған оқиғаның мән-жайы, соның ішінде отбасындағы жанжалдың қайғылы жағдайға қатысы бары әзірге ресми түрде расталған жоқ. Полиция суицидке дейін жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды», –
деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция өкілдері тергеу аяқталғанға дейін алдын ала қорытынды жасамауға шақырды.
«Полиция қызметкерлері барлық тараптың уәждерін тексеріп, қолда бар мәліметтерді зерделеп, оқиғаның толық картинасын қалпына келтіріп жатыр. Тергеу үшін маңызы бар әрбір фактіге құқықтық баға беріледі», –
делінген Жамбыл облысы полиция департаментінің хабарламасында.
Полиция азаматтарды алдын ала қорытынды жасамауға және тергеу амалдары аяқталғанға дейін расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды. Ресми мәлімет бойынша, тергеу барысы Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Фото: Pexels