40 жастан кейін ана атану: саналы таңдау және жаңа көзқарас
Бұрын 40 жастан кейін ана атануға қоғам күмәнмен қарайтын. Бүгінде бұл көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді.
Әйелдер мансап құрып, өмірлік тәжірибе жинап, өздерін дайын сезінген кезде ана болуды таңдайды. Қазақстандық танымал әйелдер де бұл тақырыпқа жаңаша көзқарас қалыптастырып жүр.
Голливуд жұлдыздары да бұл үрдістен тыс қалмады
40 жастан кейін ана атану тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік шоу-бизнесте де жиі кездеседі. Мәселен, актриса Хилари Суонк 48 жасында егіздерін дүниеге әкелсе, Сиенна Миллер 42 жасында екінші баласын босанды. Ал 43 жастағы Энн Хэтэуэй үшінші сәбиін күтіп жүр. Олардың оқиғалары ана болудың әр әйелдің өмірінде әртүрлі уақытта болатынын көрсетеді.
Айгүл Мүкей
Тележүргізуші әрі инфлюенсер 43 жасында қызы Хабибаны, ал 46 жасында ұлы Сұлтан-Әлиді дүниеге әкелді. Айгүл әлеуметтік желіде ана болу тәжірибесімен ашық бөлісіп, бұл тақырыпты жиі қозғайды. Оның пікірінше, есейген шақта ана атанудың өзіндік артықшылықтары бар: балаға көбірек уақыт бөліп, оны өмірлік тәжірибе мен сабырдың арқасында тәрбиелеуге мүмкіндік молаяды.
Тамара Асар
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 45 жасында қызы Ажарды дүниеге әкелді. Үлкен ұлы мен қызының жас айырмашылығы — 19 жыл. Бұл жолы әнші ана болудың әр сәтін бұрынғыдан да терең сезінетінін айтады. «Бұл жаста әр сәтті, баланың әр күлкісін басқаша бағалайсың», — дейді ол.
Нұргүл Мыңғатова
Белгілі актриса 43 жасында көптен күткен қызын дүниеге әкелді. Бұл жаңалықты көпшілік жылы қабылдап, актрисаға ақ тілектерін жаудырды. Нұргүлдің оқиғасы да өмірдің әр кезеңінде ана болу бақытын сезінуге болатынын көрсетеді.
Мақпал Исабекова
Қазақстандық әнші 40 жасында екінші рет ана атанып, қызын дүниеге әкелді. 2024 жылдың шілдесінде қуанышты жаңалығын оқырмандарымен бөліскен Мақпалдың тұңғышы Теодор ол кезде екі жаста еді. Әнші үшін отбасын толықтыру өміріндегі ерекше кезеңдердің біріне айналды.
Фото: Instagram