Pexels: cottonbro studio
Кез келген қарым-қатынас басында сезімге, құштарлыққа және жаңа әсерлерге толы болады. Алайда уақыт өте келе, жыныстық жақындық үйреншікті әрі қызықсыз бола бастауы мүмкін.
Мұның себебі әртүрлі: бір адаммен ұзақ уақыт бірге болу, бірсарынды орта немесе жұбыңды таңғалдыруға деген ынтаның жоғалуы. Бұл материалда жыныстық өміріңді қалай жандандыруға болатыны туралы сөз қозғаймыз.
Ашық сөйлесуді үйрен
Ұйықтау бөлмесіне жай ғана жаңа жыныстық қатынасқа арналған ойыншық алып келу – мәселені толық шешпейді. Жыныстық өмірдің қызықсыз болып кеткенін сүйіктіңе ыммен жеткізу де тиімсіз. Ең дұрыс шешім – не мазалайтыны туралы шынайы әрі ашық, бірақ нәзік сөйлесу.
Отбасылық қатынастар жөніндегі маман Неха Прабху мұндай әңгімені бейтарап сәтте бастауды ұсынады: мысалы, кешкі ас дайындап жатқанда немесе серуендеп жүргенде. Алдымен жыныстық қатынаста не ұнайтынын айтып, кейін не қосқың келетінін жеткізіп көр. Айтқандарың жұбыңа кінә арту немесе ол төсекте нашар деген әсер қалдырмауы керек.
Тағы бір маңызды жайт – әңгімені «Бізге сөйлесу керек» деп бастап, оны жыныстық қатынас алдында немесе кейін қозғау – үлкен қателік. Мұндай тәсіл шиеленіске, түсініспеушілікке және ренішке алып келуі мүмкін.
Күтпеген жыныстық жақындықты өзің баста
Жыныстық қатынас кейде күнтізбедегі жоспар сияқты көрінеді, ал оны бастайтын – әрқашан бір адам. Бұл жағдайды өзгерту үшін сен өзің тосыннан жақындықты баста.
Жұбыңа баяу әрі нәзік массаж жасап, оны интимге айналдырып көр. Жаңа нәрселер ұсын, қиялың мен қалауыңды ашық айт.
Үйден тыс бірге уақыт өткіз
Тек жыныстық қатынас емес, жалпы қарым-қатынас та бірсарынды өмір жалықтырады. Бір-біріңді күнделікті тұрмыс аясынан тыс жерде қайта танып, жақындасу үшін жаңа әсер ізде. Бұл араларыңдағы романтикалық байланысты күшейтеді.
Қорқынышты фильм көр, жаңа мейрамханаға бар немесе түнде көлікпен қаланы арала — бәрі екеуіңді жақындастырады.
Эмоциялық кедергілерді шеш
Жыныстық жақындық тек жиілікке емес, ішкі көңіл-күйге де байланысты. Егер сүйіктіңе ренжулі, көңілің толмай жүрген болса, жаңа нәрселерге құлшыныс болмауы мүмкін. Сондықтан сексуалдық өмірді әртараптандырмас бұрын, араларыңдағы эмоционалдық кедергілерді жоюға тырыс.
Жыныстық өмірдегі қиындықтар көбіне сезім мен эмоцияларды білдіре алмаудан, дұрыс сөйлесе алмаудан туындайды. Кейбір мәселелерді өзің шешуге болады, ал кейде маманның көмегіне жүгінген жөн.
Фото: Pexels
Дереккөз: HEROINE