Instagram: @jlo
Әлеуметтік желілерде Алматыдағы концерт кезінде орын алған қызық оқиғаның видеосы тарады. Өнер көрсетіп жатқан Дженнифер Лопес көрермендерге жақындаған сәтте, оның басына гүл шоғы түсіп, бас киімі ұшып кетті.
Видео авторы бұл әрекетке наразылық білдіріп, жазба қалдырған:
«Сен кімсің, батырсың ба? Мұны неге жасадың? Халқымызда әлі де бір жабайылық бар сияқты... Гүл шоғын басына лақтырып, жұлқылау деген не әрекет? Әлемдік жұлдыздардың концертін шетелде көрген дұрыс-ау деп ойлаймын. Жалпы, ұйымдастырудағы кемшіліктерді есептемегенде, күшті болды. Әсіресе, ең әсерлі сәтте шегірткенің пайда болуы таңғалдырды».
Пікір білдірушілер екіге бөлінді. Бір бөлігі бұл жай ғана кездейсоқ жағдай деп санады.
«Гүл шоғы кездейсоқ қораптан түсіп кеткен. Америкалықтың да басында мұндай болуы мүмкін. Концерт, адамдар көп, эмоция басым. Ұсақ-түйекке бола айыптаудың қажеті жоқ», «Гүл шоғы қорапта тұрған, жай ғана қолынан түсіп кеткен. Мәдениетке не қатысы бар?», — деп жазды желідегілер.
Ал басқалары мұны мәдениетсіздіктің белгісі деп қабылдады.
«Нағыз тұрпайылық. Мәдениетті түрде өзіңді ұстауға болады ғой. Оның шошып кеткені көрініп тұр», «Міне, нағыз мәдениет деңгейі», — деп ашуланды олар.
Кейбіреулер болса жағдайды әзілмен қабылдап, бұдан да қызық жағдайлар болатынын жазды.
Айта кетейік, 10 тамызда Алматы стадионында өткен концертке 20 мыңнан астам көрермен жиналды. Олардың арасында 35-тен астам елден келген бірнеше мың шетелдік турист болды.
Фото: Instagram