Pexels: Tiago Alvar
Осы жылдың наурыз айында 67 жастағы ер адам кепілге алған Алматы әуежайының қызметкері сотта оқиға туралы айтып берді.
«Жұмыс үстелімде отырдым, ол (күдікті - еск.) жалғыз өтті, мен одан отырғызу талонын және жеке куәлігін сұрадым. Ол маған қарап, «үш минуттан кейін әуежайды жарып жіберемін» деді. Мен шегінгім келді. Бірақ ол мені сол кезде ұстап алды, мен жерге құладым. Содан кейін оң жақ қалтасынан пышақ шығарғанын көрдім, мен айқайлай бастадым»,
деді жәбірленуші.
Арудың айтуынша, ол көмек сұраған, бірақ ер адам ешкім жақындамасын деп айқайлаған. Сол күнгі оқиғаны еске түсіре отырып, жәбірленуші көзіне жас алды.
Айта кетейік, бұл дерек бойынша үш қылмыстық іс қозғалды:
- Кепілге алу (ҚР ҚК-нің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы) бойынша мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
- Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі) бойынша 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
- Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (ҚР ҚК-нің 273-бабы) бойынша 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Қызметкерлер одан құжатын сұраған кезде ол қызметкерді пышақпен қорқытқан. 7 минуттан кейін ол ұсталып, қамауға алынды.
Фото: Pexels
Дереккөз: Tengri News