Қазақ қызы «Реал Мадрид»

Instagram: @albunesku

Павлодар қаласының тумасы Альбина Бунеску әлем футболының ең атақты клубтарының бірі – «Реал Мадридпен» келісімшартқа қол қойды. Ол өз өмірін түбегейлі өзгерткен батыл шешімі туралы баяндады.

2023 жылдың басында Альбина Астанадағы пәтерін сатып, маңызды таңдаудың алдында тұрды: жылжымайтын мүлікке қаржы салу немесе білімге инвестиция жасау. Ол екінші жолды таңдады.

«Өзіме инвестиция саламын деп шештім. Қай саланы таңдайтыным анық болды – спорт маркетингі. Оқу орны ретінде Испанияны таңдадым. Мемлекеттік үлгідегі диплом беретін және мықты базасы бар Real Madrid Graduate School-ға тоқталдым»,

дейді Альбина.

Ол университетке құжаттарын тапсырып, бірнеше іріктеу кезеңінен өткен, оның ішінде факультет директорымен сұхбаттасып, бұған дейін спорт саласында жасаған жобаларын қорғаған. Көп ұзамай, оқуға қабылданғаны туралы ресми хат алған.

Магистратура кезінде студенттерге Puma, Davis Cup, BMW, Madrid Marathon сынды ірі брендтердің жобаларымен жұмыс істеу ұсынылған. Альбина өз дипломдық жұмысын World Nomad Games ойындарын ілгерілету тақырыбына арнады.

«Біз спорттың түрлі бағыттарындағы маркетингті зерттедік. Индустрия өте кең, сондықтан ұлттық жобаларға бұл білімді қалай қолдануға болатынын көрсеткім келді»,

дейді ол.

Альбинаның дипломын «Реал Мадрид» президенті Флорентино Перес аты аңызға айналған «Сантьяго Бернабеу» стадионында табыстайды. Бұл – оның өміріндегі ерекше сәт болмақ.

Оқуы үздік аяқталған түлектерге клубтың өзінде тағылымдамадан өту мүмкіндігі беріледі. Альбина оқу барысында үздік төрт студенттің қатарына еніп, осының арқасында клубпен келісімшартқа отырды.

«Мені «Сантьяго Бернабеу» стадионының маркетинг бөліміне бөлді. Бұл — ауқымды жоба: стадион енді музей, дүкендер, мейрамханалар мен түрлі іс-шаралар өтетін экожүйеге айналды. Бұл — клубтың жаңа даму кезеңінің бір бөлігі»,

деп бөлісті Альбина.

Альбина – спорттық маркетинг бойынша офлайн магистратураға түскен алғашқы қазақстандық студент. Келісімшарт мерзімі үш айға есептелгенімен, клуб тарапынан оны ұзарту мүмкіндігі бар.

Сұхбат барысында ол Мадридтегі адамдардың қазақстандық спортқа қызығушылық танытатынын айтты. Олар «Астана» футбол клубы мен велокомандасын біледі, сондай-ақ еліміздің жауынгерлік спорт түрлеріндегі жетістіктеріне тәнті.

«Пәтерімді сатып, оқу ақысын және Еуропадағы өмір шығындарын толықтай жаптым. Бұл – қымбат шешім. Бірақ мен үшін білім – ең маңызды инвестиция. Қазір адамдар менің оқиғамнан мотивация алатынын айтып жазғанда, бәрі бекер емес екенін түсінемін»,

дейді Альбина.

Instagram/stories: @albunesku

Оның айтуынша, жетістікке жетуіне стратегиялық ойлау, креативтілік пен маркетингтегі тәжірибесі себеп болған.

«Клуб үшін сенің кең ойлай білуің маңызды. Мұнда жаңа идеяларды құптайды, бірақ олар белгілі бір құрылым аясында болуы қажет. «Реал Мадрид» — дәстүрі терең бренд, оны түсіну керек»,

деп атап өтті ол.

Қазір Альбина стадионда өтетін ірі іс-шараны ұйымдастыру жұмыстарына кірісіп кеткен. Жобаның егжей-тегжейін құпиялылық келісіміне байланысты айта алмайды, бірақ бұл тәжірибе оның кәсіби дамуына үлкен серпін беретініне сенімді.


Фото: Instagram

Дереккөз: Tengrinews.kz

Поделиться: