
Pexels: Ketut Subiyanto
Қазақстанда әйелдерге арналған арнайы вагондар енгізіліп, олардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Бұл вагондарда тек әйел жолсеріктер қызмет көрсетеді.
Қазақстанда қанша әйелдерге арналған вагондар бар?
«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, елімізде «Әйелдер вагоны» қызметі ұсынылатын бағыттардың саны 12-ге дейін көбейген. Қазіргі уақытта әйелдер вагондары мына бағыттарда бар:
- №77/78 Алматы – Маңғыстау,
- №351/352 Алматы – Маңғыстау,
- №45/46 Павлодар – Түркістан,
- №37/38 Маңғыстау – Семей,
- №47/48 Атырау – Астана,
- №33/34 Ақтөбе – Алматы,
- №4/3 Астана – Алматы,
- №71/72 Астана – Шымкент,
- №354/353 Астана – Семей,
- №24/23 Ақтөбе – Алматы,
- №25/26 Алматы – Шымкент,
- №614/613 Орал – Маңғыстау.
Әйелдер вагоны: нені білу қажет?

Pexels: Tien Nguyen
Бұл вагондар тек әйел жолаушыларға арналған. Сондай-ақ, қызмет көрсететін жолсеріктер де тек әйелдер болады. Сонымен қатар, 7 жасқа дейінгі ұл балалардың бірге жүруіне рұқсат етіледі.
Билеттерді бірнеше жолмен сатып алуға болады. Мысалы, теміржол кассаларынан билет аларда кассирге әйелдер вагонына орын керектігін алдын ала ескерту қажет. Сондай-ақ, онлайн режимде сатып алу да қарастырылған. Онлайн бронь жасағанда «ЖН» белгісіне назар аудару керек — бұл орын әйелдер вагонында екенін білдіреді.
Билеттерді сату пойыздың жүруіне 45 күн қалғанда ашылады, бұл жолаушыларға сапарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
Жаңа әйелдер арналған вагондар енгізіле ме?
Бұл сұраққа қатысты «Жолаушылар тасымалы» компаниясының баспасөз қызметі түсініктеме берді:
«Биыл жаңа әйелдер вагондарын енгізу жоспарланып отырған жоқ. Егер сұраныс артып, басқа бағыттарға да қажеттілік туындаса, жоспарлар қайта қаралуы мүмкін»,
деп хабарлады компания өкілдері.
Фото: Pexels
Дереккөз: Tengrinews