
Instagrsm: @yerekesheva_akmaral
Софияда (Болгария) көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жеке бағдарламалардағы финалдық сындары аяқталды. Бұл сайыста қазақстандық гимнаст Ақмарал Ерекешева екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алып, жарыстың басты сенсацияларының біріне айналды.
Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының триумфаторы — қазақстандық Ақмарал Ерекешева. Ол іріктеу кезеңін сенімді еңсеріп, үш бірдей финалға бірінші орынмен жолдама алған болатын. Ерекешева сол үш финалдың үшеуінде де жеңіс тұғырынан көрінді.
Акмаралдың қоржынында — екі алтын және бір күміс медаль. Алтын жүлделердің бірін гимнаст қыз доппен орындаған жаттығуда иеленсе, екіншісін — таспамен өткен финалда жеңіп алды. Күміс медальді қазақстандық спортшы шығыршықпен орындалған жаттығуда еншіледі.
Тағы бір қазақстандық гимнаст Айғаным Рысбек те жақсы нәтиже көрсетті. Ол ұршықтармен өткен финалда бесінші орынды иеленді.
Айта кетейік, Ақмарал Ерекешева — көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын жүлде алған Қазақстан тарихындағы екінші гимнаст.
Фото: Instagram
Дереккөз: ҚР ҰОК баспасөз қызметі