қыз алып қашқандарға жаза

Pexels: Ron Lach

Мәжілісте Қазақстанның Қылмыстық кодексіндегі жаңа 125-1-бабы жайлы айтылды. Депутаттың сөзінше, қазіргі қолданыстағы «Қалыңдық ұрлау» деп аталатын бап «Неке қиюға мәжбүрлеу» деп қайта аталды Бұл өзгеріс жазаны едәуір қатаңдатады.

Депутат Абзал Құспанның айтуынша, бұл жаңа норма тек әйелдерді емес, ер азаматтарды да қамтиды. Жәбірленуші ретінде кез келген жыныс өкілі танылуы мүмкін — егер олар қорқыту, шантаж немесе күш қолдану арқылы некеге мәжбүрленсе.

«Баптың атауы ғана емес, мәні де өзгерді. 125-1-бап қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Егер адамға неке туралы қорқыту немесе бопсалау арқылы қысым жасалса — айыппұл, түзеу жұмыстары немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал күш қолданылса, бірнеше адам бірігіп әрекет етсе немесе жәбірленуші кәмелет жасына толмаған болса — онда бас бостандығынан айыру мерзімі үш жылдан жеті жылға дейін ұзарады. Егер бұл әрекеттер адамның өліміне алып келсе, жаза мерзімі 5 жылдан 10 жылға дейін барады»

деді Құспан.

Бұл бап алдымен қылмыстық құқықбұзушылықтар ретінде қарастырылады, олардың ең жоғары жазасы — 50 тәулікке дейін қамау. Алайда егер іс баптың 2 немесе 3 тармақтары бойынша сараланса, ол толыққанды қылмыс болып есептеледі және әлдеқайда ауыр жаза қолданылады.

Бұған дейін Қылмыстық кодекстегі 125-бапта егер адам жәбірленушіні өз еркімен босатса, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылатыны көрсетілген еді. Енді бұл норма алынып тасталды.

Сонымен қатар, егер мәжбүрлеу туыстары тарапынан жасалса — мысалы, адамды үйден шығармай ұстау немесе босағаға жату сияқты әрекеттер — бұл топпен жасалған қылмыс ретінде бағаланады және 125-1-баптың 2-тармағы бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.


Фото: Pexels

Дереккөз: Newtimes

Поделиться: